559
Жастар отанға қызмет етсін десек...
Жастар отанға қызмет етсін десек...
Елімізді бәсекеге қабілетті етудің негізгі тетігі жастар екенін ескере отырып, Қазақстан әр жылдары жастарға арналған бағдарламаларды кезең-кезеңімен қабылдады. «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастардың кадрлық резервтері», «Мемлекеттік қызмет мектебі» сынды жастарға арналған бастамалар тиісті жалғасын тауып келеді.
Былтыр Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев қазіргі жастардың барлық сұранысына жауап беретін «Жастар – Отанға!» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. «Әрбір мәслихаттың сайлауалды партиялық тізіміне кемінде 30 пайыз әйел және 35 жасқа дейінгі 20 пайыз жастар кіруі тиіс. Сонымен қатар тізімге халықтың түрлі санатының өкілдері, Отанына оралған қандастарымыз, мүмкіндігі шектеулі адамдар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енген жөн», – деді Н.Назарбаев.
Жақында Халықаралық жастар күніне орай 2020-2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы қабылданды. Әлемнің дамыған елдерінің жастар мәселелері жөніндегі материалдарын назарға ала отырып әзірленген бағдарлама жастардың жан-жақты дамуына қол жеткізуге және жас қазақстандықтардың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Бағдарламаның негізгі міндетіне азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу кіреді. Осы бағыттар аясында жастардың өмір сүру сапасын жақсарта отырып, олардың бойындағы әлеуетін ашуды мақсат еткен бағдарламаны іске асыру орталық және өңірлік деңгейде келесі шаралар арқылы қамтамасыз етілетін болады:
Біріншіден, осы бағдарламаның бағыттарына сәйкес қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін шаралар кешені мен нақты индикаторлары бар өңірлік жол карталары қабылданады. Оларды жүзеге асыру еліміздің әрбір ауданы, қаласы және облысы үшін басымдыққа ие болмақ.
Екіншіден, жастар үшін белгіленген 20 пайыз квота бойынша партияішілік іріктеу-праймеризін іске асыру арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың пулы қалыптастырылатын болады. Нәтижесінде, партияның жас өкілдері Қазақстан Парламенті Мәжілісінде және барлық деңгейдегі мәслихаттарда бағдарламаны жүзеге асыру үшін нақты тетіктерге ие болады.
Үшіншіден, мемлекеттік органдар тарапынан жастар проблемаларын шешуді жүйелі бақылау үшін «Jas Otan» ЖҚ және «Nur Otan» партиясының ресурстары мен әлеуеті пайдаланылады. Бағдарлама әртүрлі категориядағы студенттер, жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, шығармашыл, ауыл, қала жастары, жас кәсіпкерлер мен ғалымдардың қызығушылығымен жастардың сұранысына сай жауап береді.
«Жастар – Отанға!» бағдарламасының қолдау шаралары белгілі дәрежеде барлық санаттағы жастардың мүдделерін қамтиды. Талдап айтар болсақ, бағдарлама аясында жастардың елдегі саяси-қоғамдық өмірге қатысуын жандандыру мақсатында «Nur Otan» партиясы праймеризіне белсенді қатысуын, партияның түрлі бастамаларына, партиялық органдардың жұмысын жүзеге асыруға араласуын қамтамасыз ету көзделген. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда жастар ұйымдарының қатысуымен жыл сайынғы жастар мәселелері бойынша тыңдалым өткізу – бағдарламаның басым бағыттарының бірі. Мәселен, мемлекеттік гранттар мен корпоративтік секторды тарту есебінен жастар ұйымдарының жобалары мен бастамаларын қаржыландыруды ұлғайтуға ықпал ету тетігі қарастырылған.
Бүгінгі таңда сапалы білім адамның басты бәсекелестік басымдықтарының біріне айналды. Қазақстанда жастардың бойында еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен білімді қалыптастыруға басты назарды аудару қажеттігі аз айтылып жүрген жоқ. «Жастар – Отанға!» бағдарламасы жастарды қолжетімді сапалы білім берумен қамтамасыз ету мақсатында қала және ауыл мектептерінің арасында білім сапасындағы алшақтықты азайтуды, білім беру ұйымдарындағы материалдық-техникалық базаны және цифрлық инфрақұрылымды нығайту, жоғары білім сапасын және жастардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жобаларды қолға алмақ.
Елдегі мектептер, колледждер мен университеттердің IT инфрақұрылымын және техникалық жабдықталуын жақсарту, онлайн-оқытуды дамыту, олимпиадаларға, ҰБТ-ға, дипломдық, ғылыми жұмыстарға дайындық арқылы IT технологиялардың жаңа жетістіктерін оқу процесіне енгізуге және 2025 жылға қарай он қазақстандық университеттің QS World University рейтингісінің үздік 500 тізіміне енуіне ықпал етуге басымдық беріп отыр. Сонымен қатар жас ғалымдардың жобаларын гранттық қаржыландыруды ұлғайту арқылы ғылымға қызығатын жастар санының өсуіне ықпал етуге баса назар аударылмақ. Жас ғалымдардың ғылыми жобаларын жеке сектордың қаржыландыруына қол жеткізу мен олардың халықаралық ғылыми жобалар мен байқауларға тұрақты қатысуына қол жеткізу қарастырылған. Бұл – болашақта қазақ жастарының ғылым мен білім саласындағы жетістіктерін арттыруға ықпал етеді.
2019 жылғы ресми мәліметтерге сәйкес, елімізде 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастардың саны 84,7 мыңға жетті, бұл – экономикалық белсенді азаматтардың 3,8 пайызы. Сонымен қатар коронавирус пандемиясы жұмыссыздық мәселесін ушықтырып, жұмыссыздардың жаппай көбеюіне әкеліп соқты. Осыған орай, мемлекеттік органдар елдегі жастар арасындағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейін қайта қарастырады. Осы бағытта бағдарлама ерекше қажеттіліктері бар жастарды жұмыспен қамтуға және оларға арнап жұмыс орындарын құруға қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Жоғары білім алған мамандарды «Жастар практикасы» жобасы бойынша әрі қарай жұмысқа орналастыруға ықпал етуге күш салып, «IT-мамандар пулы», «PR-кеңесшілер пулы» және т.б. саланың жас мамандары үшін ішкі байланыс арқылы жобаларды дамытуға және іске асыруға ықпал етпек.
Ал жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана бағыты бойынша жастардың баспана алуына барынша жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар еліміздің барлық өңіріндегі жұмысшы жастарды жалдамалы тұрғын үй құрылысымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 2022 жылдың соңына қарай 75 мың орындық жаңа студенттер жатақханасы салынбақ. Осы орайда университет студенттерінің кем дегенде 30%-ын жатақханамен қамтамасыз ету туралы талап заңнамалық тұрғыдан бекітілетін болады.
«Жастар – Отанға!» бағдарламасының бесінші бағыты жастардың тұлғалық дамуы мен бос уақытын тиімді өткізуге арналған. Статистикаға көз жүгіртсек, 2018 жылғы мәліметтерге сәйкес Қазақстанда жастар арасында өкпе туберкулезімен ауыратын – 2 631, қатерлі ісік ауруларымен ауыратын – 681, психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар – 42 458, АҚТҚ-жұқпасын жұқтырған 520 жас азамат тіркелген. Сондай-ақ бірінші кезекте ерте жүктілік, түсік тастау, бедеулік сынды репродуктивті денсаулық мәселелері тұр. Осы ретте жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау маңызды. Сонымен қатар жастар арасындағы қылмысты азайту, оқушылар мен студенттер арасындағы дискриминацияның, қорлау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік педагогтардың, психологтардың жұмысын күшейтуге ықпал етуге күш салынбақ.
2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы тиімді жүзеге асырылса, жастардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласуы артады, қазақстандық білім беру сапасы жақсарады. Тиісінше, жастар еңбек нарығында өздерін лайықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, олар үшін тұрғын үй қолжетімді болады және жастардың үздіксіз жаңа білім алуға деген ұмтылысы үйреншікті әдетке айналады.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ