Қарғыс алма, алғыс ал

Қарғыс алма, алғыс ал

Қарғыс алма, алғыс ал
ашық дереккөзі
1236
Адамзатқа қауіп төндіріп, бүкіл әлемді құрғақ қа­мыс­қа өрт түс­кендей жайпап бара жатқан мына коронавирус инфекциясы көп нәрсені ой таразысынан қайта өт­кізуге мәжбүр етуде. Құн­ды­лы­ғымыз деп жүрген баз­бір дүние­лер құнсызданып, тө­мен сырғып, бас­қасына орнын беруде. Мына бо­лып жатқан қа­сірет тажал, дүрбелең қазіргі адам­дардың Құ­дайын ұмы­тып, имандылы­ғын жоғалтып, пейілі та­рыл­ғаннан болып жатыр деп жо­рамал­дайтындар бар. Иә, мы­на тыл­сым дүние адамзат ал­ды­на күтпеген тың жұмбақ сұрақ­тар қойып отыр­ғаны мәлім. Әй­теуір қазір тосыннан келіп жа­бысқан ауыр індеттің себе­бін, оған құ­рық салу жолын іздеп күні-түні басы қатып, ауыр ойда жүр­ген жандар ортамызда аз емес. Ой­­ланған сайын күрмек шие­лене түсуде. Ертеректе еліміздің бас басылымы «Еге­мен Қазақстан» газетінде (27.09.2014) жарияланған маңғыстаулық өкіл имам Тыныштыбек қажы Мыр­заев­тың «Отанды сүю – ортақ парызымыз» деген мақаласында келтірілген мына бір әңгіме жиі есіме түседі. «Түркияда Темір Қаяр деген жер бар. Ертеде осы жерді Темір деген бір қарақ­шы мекендепті. Ол әрдайым керуендерді, жолаушыларды тонап, әлсіздерге күш көрсетіп, жеңіл пайда табумен шұғыл­даныпты. Бірде керуенді тонап жатса, онда бір әулие кісі келе жатыр екен. Әлгі әулие Темірге: «Ей, Құдайдан қорық­паған, сен әлсіз бейшараны тонап, әлім­жеттік көрсетіп жүрсің. Сені ата-анаң осы ісің үшін дүниеге келтіріп пе еді? Ал­ла сені пенделердің жолын тосып, өлген соң жаһаннамда жану үшін жа­ратып па еді?», – дейді. Әулиенің бұл сөздері Темірге қатты әсер етіп, жүрегіне хи­даят, иман кіре бастайды. Кешірім сұрап, әулиенің аяғына жығылады. «Ке­шірімді менен емес, Алладан сұра», – дейді әулие. Темір қарақшы: «Маған артқа жол жоқ қой, күнәм өте көп. Мені Алла кешірмес…», – дейді жылап. Сонда әулие: «Алла кешірімшіл. Бірақ сен қалай тәубе етуіңді білуің керек. Күнәң қан­шалықты үлкен болса, сонша үлкен сауапты іс жасауың қажет. Сонда Алла ке­шіреді», –дейді. «Мен Алла Тағаланың кешіргенін қайдан білемін? Енді бар ықы­ласыммен ғибадат қылсам, Алла мені кешіре ме?», – деп сұрайды қарақ­шы. Әулие: «Мына көшет ағашты жерге ек. Сосын сауапты істерді баста. Осы ағаш көгергенде Алла сенің күнәңді кешіргенінің белгісі болады», –дейді. Осы сәттен бастап, Темір жаңа өмір бастайды. Жолаушылар тоқ­тайтын жаңа үй салып, керуендер жүре­тін жолға тағамдар әзірлеп, жолау­шыларды күтіп, өткен керуендерге қызмет көрсетіп, ризашылығына бөле­неді. Бірақ көшет көгермейді. Бір жыл өтеді, екі жыл өтеді. Жо­лау­шылар келіп қонып, ақ бата­сын беріп, ризашылығын білдіріп кетіп жатады. Ал көшет сол қалпында, өз­ге­ріссіз. Бір күні ол бір жолаушының асы­ғып кетіп бара жатқанын көріп, алдынан шығып: «Ей, жолаушы, бұл жер­ден ешкім дәм татпай өтпеген. Құр­метті қонағым бол», – дейді. «Жолымды бө­геме. Асығып барамын», – дейді жо­лаушы. Темір: «Бауырым, өтінемін, тым болмаса бір кесе су ішіп кет», –  дейді. Жолаушы: «Кет, жолымнан, әйтпесе өлтіремін», – деп қамшымен бетіне салып қалып жүре бергенде, Темір: «Әй, жақ­сылықты білмеген сорлы», – деп бе­лінен қанжарын суырып алып лақ­тырып қалады. Арқасына қанжар қа­далған жолаушы аттан құлап түседі. Темір жанына жүгіріп барса ол: «Алла маған өз жазасын берді», – деп жан тап­сырады. Қалтасынан бір қағаз сусып тү­седі. Қараса, өз Отанының қорғаныс кү­шінің құпиялары, шептер сызылған кар­та екен. Мұнда елді қалай оңай ба­сып кірудің жолдары анық көрсетілген. Жолаушы бұл мәліметті жауласқан елдің патшасына апара жатқан жерінен қа­за табады. Бір кезде Темір еккен көшетіне қараса, көгеріп қалыпты. Сонда Темір: «Я, Алла, мыңдап мүсәпір жолау­шыларға көмек көрсеттім, ас-ауқатын беріп, көмегін жасадым. Көшет көгер­меді. Бір ғана Отанын сатқан опасыздың жазасын бергенім үшін күнәм кешіріліп, көшет көгерді. Сонда Отанын сатқан сатқындардың күнәсі соншалықты болғаны ма?!», – деген ойға қалады. Міне, қаншама күнә арқалаған қа­рақшы бір опасыздың жаза­сын беру арқылы әділетті Алла Таға­ланың кешіріміне ие болыпты. Өйткені ол елінің бейбітшілігін, халқының қауіп­сіздігін, күнәсіз жандарды қырғын­нан сақтап қалды. Елін сатқан опасыз сат­қынның  ит өлімі көптің қарғысы, арам пиғылының жазасы деп ұққаны­мыз жөн. Өмірден көріп жүрміз, кейде қара­пайым жұмысшы мен бас­шысы, қара халық пен билік иелері  арасында базбір мәселе бойынша түсін­беушілік пайда болып,  араздасып, жан­жалдасып, арыз-шағым шығады. Ашын­ғандар көз жасын төгіп, ашу-ызаға булы­­ғып, ауыздарына ақ ит кіріп, қара ит шығып, басшыларын сөгіп, көк есек­ке теріс міңгізіп қарғап жатады. Оның негізгі себебі  – қоғамдағы, қызметтегі әділетсіздік, жөнсіз қыспаққа алу, бассыздық. «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген сөз бар қазақта. Денеге шығып келе жатқан шиқан-сыз­дауықты дер кезінде байқап, емдемесек, ол ертең асқынып, іріңдеп, теріні тесіп сыртқа шығады. Билік басында отыр­ғандардың аспандаған тыныс-тірші­лігіне, қоластындағы елге деген көз­қарасын, «отырса опақ, тұрса сопақ»  деп орынсыз тиіскенін көріп, орыстың әлгі «Я хозяин – ты дурак, ты хозяин – я ду­рак» деген сөздері еріксіз еске түседі. Дандайсыған, арсыз, тәкаппар шенеу­ніктер ойына келгенін істейді. Біреудің тағдырымен ойнайды, қиянат жасайды. Олардың бар ниеті, әйтеуір жолын тауып,  бір  «асап» қалғысы келеді. Иә, не­сін жасырамыз, біз қазір  «Ақылды адам арын ойлайды, надан адам дүниеге тоймайдының» кері келіп тұрған сұрқай заманда тіршілік етіп жатырмыз. «Арам басшының жаманы кетпес, күннің жаманы кетер» деп бабаларымыз қалай қадап айтқан, шіркіндер... Кеңес заманында кәсіподақ әр жұмысшының құқығын әркез барынша қорғайтын еді. Ал қазіргі кәсіподак төрағасы жұмыс беруші ше­неунік­тің беторамалына айналды. Тұр десе тұрады, жат десе жатады, қолында ешбір билігі жоқ, қауқарсыз, пайдасы жоқ пенде дерсің. Кей-кейде ойлайсың, осы бізге, қазіргі қоғамға кәсіподақ ұйымы, оның комитеті керек пе? Олар кімді, неден қорғап, кімнің шотын қа­ғып жүр? Біліп-білмей  айлығымыздың бір бөлігін бала-шағаларымыздың ау­зынан жырып,  кімдерді біз «үлкен астау» жиегіне тигізіп жүрміз? Соңғы мерзімде көптеген ұжымда шиеленістер, текетірестер, ша­ғым­дану, арыздасу, айқай-шу көбей­месе, азайған жоқ.  Бірін-бірі сотқа сүйреп, жүйкелерін тоздырып жүргендер де та­былады. Менің ойымша, адамдар ара­сын­да түсініспеушілік, текетірестік, жау-жанжал соңғы кезде азаюдың орнына, керісінше  көбейіп бара жатқан секілді. Қоғам, орта мейірімсізденіп, адамдар арасында бірін-бірі сыйлау, құрметтеу, ізетті болу, үлкен сөйлегенде кішісі тыңдауды ұмытып, қатыгездік дендеп барады. Оның барлығына өзіміз, шенді шекпенділер кінәлі. Қазіргі қоғам байшыкештер мен кедейлер болып, жіктеліп, орталарына сына қағылып, арақатынастары ашылып, дараланып  бара жатқанын байқаймыз. Резеңке шар­ды көлемін одан әрі үлкейтемін деп тынымсыз үре берсеңіз бір кезде «тарс» етіп жарылмайтын емес пе еді? Қоғам­ның  шыдамдылығы қаншаға жетер екен? «Ақылды басшың болса, елдің ал­ды боларсың. Ақылсыз басшың болса, елдің азы боларсың» деген екен ертеде да­нышпан аталарымыздың бірі. Ашкөз­дің көзін тек топырақ толтыратынын біз халық аузындағы аңыздан жақсы білеміз. Құдай сақтасын. Әйтеуір біздің қоғамда қазіргі өмірге, басқару өкіл­деріне риза еместер көбейіп, қарғыс пен лағнет  айтушылар қаптап барады. Тек халқымызға  сана мен сабыр берсін. Қазір бүкіл әлемді пандемия қап­тап, талай алпауыт мемлекетті дүрліктіріп, адамзатты сан соқтырып, шошындырып тұрған сәтте халық денсаулығын, оның өмірін қалай қорғап қаламыз деп, жандарын шүберекке түйіп, күн-түн демей ауыр, қиналып жат­қан науқастардың жанынан табы­лып  жүрген медицина қызметкерлері­нің жанқиярлық еңбегіне, ерлігіне шексіз риза боласың. Жүрегің елжіреп, бойың жылып, олардың алдында бас иесің. Сол мылтықсыз майданға ай­нал­ған қауіпті індеттің ортасында бас­тарын бәйгеге тігіп жүрген дәрі­герлер­дің, медбикелердің, санитарлар мен волонтерлердің (еріктілердің) еңбегін орынды бағалап, қалай құрметтесек те жарасады. Ой елегінен өткізіп көрсек, шын­дыққа жол берсек, мемлеке­тіміздің коронавирус індетін тоқтату шараларына және ауыр науқастардың өмірін сақтап қалу мақсатында бөлініп жатқан миллиардтаған қаржысын,  жәрдемін, қолдауын («елге 42 500 тенгеден таратудамыз» дегені болмаса) халық толық сезініп отырған жоқ. Көп­шілік мойымай бар ауырлықты көтеріп,  негізгі салмақ қара халыққа түсіп жат­қанын көріп отырмыз. Кейде, мемлекет бір бөлек, халық бір бөлек қажетті кө­мек шараларын өткізіп жатқандай бо­лады. «Артқан жүгін тартпаса, атандықтан не пайда? Ұрлық қылып, мал тапса, адалдықтан не пайда?» дей отырып, жүрек түбінде жатқан біраз ой-пікірімді, іште жиналған қыжылымды қағазға түсірдім. Қолдайсыз ба, қолдамайсыз ба, ерік өзіңізде. Әйтеуір, мына жүгенсіз тажал індетке тез арада құрық салынып, ел-жұртымыз аман болсыншы!  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымының докторы,

профессор, денсаулық сақтау

ісінің үздігі

Серіктес жаңалықтары