Шетелдегі қазақ жастары болашағын атажұртпен байланыстырады
Шетелдегі қазақ жастарын елге тарту және оларға жан-жақты қолдау көрсету – Қазақстанның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл саясат Тәуелсіздіктен де бұрын өткен ғасырдың 60-70-жылдары басталған болатын. Алайда ел егемендік алғаннан кейін білім алу және еңбек шартымен келетін шетелдегі қазақ жастарын елге шақыру мәселесі кешенді түрде жолға қойылды. Соның нәтижесінде көптеген қазақ жастары атажұртқа келіп білім алып, шаруаға араласты. Қазір бұл үрдіс қалай жүруде, жастарды қолдау үшін не қажет? Соны білу мақсатында шетелден келген жастардың пікірін білген едік.
- Сізді атамекен Қазақстанмен не байланыстырады?
- Шетелдегі қазақ жастарын елге тарту үшін және оларды жан-жақты қолдау үшін не қажет?
- Қазақстанда біржола қалу ойыңызда бар ма және не себепті?

Нұрбек КЕҢЕСБАЙ, аудармашы (Қытай елінен келген):
– Бала кезде үлкендерден «Советке (біздің жақтың үлкендері Қазақстанды көбіне осылай атайтын) барамын, Советке кеткен бауырыма рәсім (сурет) жібердім, менің нағашыларым Советте» дейтін әңгімелерді жиі еститін едік. Ауылдан бір адам Қазақстанға барып келсе, сол кісінің үйіне ауылдың кәрі-жасы бәрі жиналатын еді. Сонда сұрайтындары: «Әй, менің нағашым пәленбайдың үйіне бара алдың ба, сәлемдемемді бере алдың ба? Менің туысқандарым бұрынғы тұрған жерінен басқа жаққа көшіп кетіпті дейді, соны біле алдың ба?» десіп жататын. Атажұртпен байланыстың тамыры осылайша тереңде жатыр. Ал жаңағы Советке барған адамның ауылдағы беделі содан бастап тіпті де арта түсіп, күн аралатып әркім өз үйіне шақырып, етін асып, әңгімеге тартатын еді. Сосын әжелеріміз Советтің кәмпитін сандығының түбіне сақтап, сыйлы қонақ немесе ауыл ақсақалдары келгенде ғана шығаратын. Біздің атамекенге деген құрметіміз, елге жетсек деген арманымыз міне, дәл сол кезден басталды деуге болады. Жастайымыздан бізге жұмақ боп елестейтін Қазақстанға біз де жетсек екен, осында білім алып, осында өсіп-өнсек екен деген арман болды. Ақыры университетте оқып жатқан оқуымды тастап, атамекенге ат басын тіредім. Ал түптеп келгенде мені атамекенмен байланыстырған не екенін дәл басып айту қиын. Мүмкін елге қызмет етеміз, осы елдің бір кірпіші болып қаланамыз деген шығармыз, бірақ ел үшін әлі ештеңе істей қоймадым. Бес жылдан асты, Қазақстанның заңды азаматымын. Қазір осы елдегі кейбір қоғамдық өзгерістерге, ішкі жағдайларға алаңдаймын. Ал сырт көзге Қытайдағы туыс-туғанға «бізде бәрі жақсы» деймін. Өйткені сырттағы жағдаймен салыстырғанда, рас жақсы. Мендегі жалғыз Отан осы – Қазақстан.
Сымбатбек ДӘРІГЕРХАН (Моңғолиядан келген):
– Мені Қазақстанмен байланыстыратын нәрсе – болашақ. Қазақ болып тудым, қазақ болып қалуым керек. Қай елде де жақсы өмір сүруге болады. Ал өз еліңде өмір сүру одан да жақсы.
Азат ІЗБАСАРОВ, талапкер (Қарақалпақстаннан келген):
– Мені атажұрт Қазақстанмен әуелі туысқандық қарым-қатынас байланыстыратын еді. Біз кішкентай кезде үлкендер Қазақстанға келіп-кетіп жүретін. Олардың атажұрттан ала келетін тәттілерінің дәмі бізді тартса керек. Міне, қазір Қазақстанға келіп оқу бақыты бұйырды. Меніңше шетелдерде тұратын жастардың көбі болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Осында көшіп келмесе де, Қазақстанды көруге құмар. Сондықтан Қазақстан болашақта Орта Азаиядағы үлкен туристік аймақ болады деп ойлаймын. Бізді осындай сенім, үміт байланыстырады.
Шалқар ҚАСЕКИН, талапкер (Қытай елінен келген):
– Ең бастысы, бойда тулаған қазақы қан, ұлтым деп соққан жүрек, іштегі асқақ рух және салт-сана мені атажұртпен байланыстырып тұратын. Біз оқушы кезімізден Қазақстандағы үлкен қазақ әдебиетімен аз-кем сусындадық. Ұлы ақындардың жырлары, керемет романдар – бізді асылдай тартты, солардай болсақ деген асқақ арман атажұртқа жетелеп келді. Сондықтан мені байланыстырған руханият десем болатын сияқты.
Нұрбек КЕҢЕСБАЙ:
– Қазір елге келмекші болып жүрген және келіп алған жастардың көбі оқығысы келеді. Осы елдің жоғары оқу орындарында білім алып, маманданғысы келеді. Сондықтан шетелден келген этникалық қазақ жастарына арналған грант санын әлі де көбейту ұтымды жолдың бірі деп есептеймін. Өткен жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұлты қазақ, бірақ әлі азаматтық алмаған жастарды магистратураға түсуге жағдай жасап, олардың көбінің білім алуына жақсы мүмкіндік туғызып еді. Ал биыл сол жалғасын таба қойған жоқ. Оған әрине әлемді шарпыған пандемияның да кесірі бар.
Мамандығы жоқ, бірақ түрлі шаруашылықпен, өндіріспен шұғылданамын дейтін жастарды арнайы курстардан өткізіп, азаматтық алу жолын барынша оңтайландыру қажет. Тіпті, олар да ипотекамен үй алса, «Бақытты отбасы» секілді бағдарламаларға қатысса, оларға да «жұмыспен қамтудың жол картасы» өз септігін тигізсе құба-құп болар еді. Қазір қайда болса да, нарық үстемдік етіп тұр, келген жастар не жұмыс істеуі, не оқуы керек. Сол себепті келген жастардың да, келмекші болып жүрген жастардың да қолына қаламын яки күрегін тез ұстату қажет деп ойлаймын.
Сымбатбек ДӘРІГЕРХАН:
– Шетелдегі қазақ жастарына заманауи тетіктер арқылы насихат жасау қажет. Яғни, «жұмсақ күш» саясатын интернет мүмкіндігін пайдаланып жүргізуге болады. Құр мақтау емес, жай мүмкіндіктерді ашып көрсетсе болғаны. Қазақстан осындай ел, осында келсеңдер осындай-осындай мүмкіндіктер бар деген сияқты. Бастысы, тек қазақ болғаны үшін емес, басқа да тартатын себептер болса.
Азат ІЗБАСАРОВ:
– Шетелдегі қазақ жастарын қазақ еліне тарту үшін мәдени-рухани байланыс және білім гранттарын арттыру қажет. Сонымен қатар ұлты қазақ жастар қазақ елінде жұмыс істеуге, кәсіппен айналысуға белгілі бір деңгейде мүмкіндіктер болса деймін. Сосын, әрине ең қажетті нәрсе ол адамның өз басын куәландыратын құжат. Шетелден ешкім осы елге келгенде бәрін басыма үйіп-төгіп тегін береді деген елеспен келмейді. Бұрын солай болған шығар, бірақ қазір ешкім олай ойламайды. Тек қана құжатты оңтайлы жолмен беру қажет. Қалғанын адам өзі жасап алады.
Шалқар ҚАСЕКИН:
– Шетелдік қазақ жастарынан әуелі қоғамдық қолдау қажет. Моральдік қолдау деп айтуға да болатын шығар. Сосын қызметке тұруға және баспана алуға мемлекеттің жеңілдетілген мүмкіндіктері болса. Әрбір қазақ жастарына «ер туған жеріне, ит тойған жеріне тартады» деген идеяны сіңіру қажет. Елім деп еміренген рухты жастарды одан ары шабыттандыратын мемлекет тарапынан жасалатын жақсы жобалар керек деп ойламын.
Нұрбек КЕҢЕСБАЙ:
– Мен оқуымды оқып болған соң, осында қалдым. Енді осы елдің отымен кіріп, күлімен шығуға дайынмын. Өз қолымнан келгенше, мүмкіндігім жеткенше осы елдің дамуына, өркендеуіне үлес қосқым келеді. Өзімн қазір орысы қалың аймақ – Павлодарда тұрамын. Менің бір байқағаным, шеттен келген қандастар жергілікті қазақтарға біртіндеп әсер ете бастады. Тұрмыс-салт, таза қазақша сөйлеу жағында аз да болса ілгерілеушілік бар. Ендігі келетіндер де осы солтүстікке қарай бет алса, мына өңір руханиятқа, қазақы болмысқа, тіпті сан-салалы дамуға шөліркеп тұр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, келген қазақ кері қайтпаса екен деймін.
Сымбатбек ДӘРІГЕРХАН:
– Мен Қазақстанда қаламын. Өйткені туысқандарымның көбі және отбасым осында. Отбасы – барлығын бір жерге шоғырландырушы ғой.
Азат ІЗБАСАРОВ:
– Әрине, адамның туған жері, өскен ортасы қашанда ыстық. Бауырларым, достарым өзге елде тұрады. Сол себепті де біз ол жақты ұмыта алмаймыз. Дейтұрғанмен мен болашағымды атажұрт Қазақстанмен байланыстырамын. Бұйырса, алда ата-анамды көшіріп алып келемін. Себебі олар да атажұрттағы еркіндікті сезінсе деймін.
Шалқар ҚАСЕКИН:
– Әрине, атажұртта қалу ойымда бар. Себебі мен осында қалсам, туған жеріне тартқан ер болар едім. Мен осында қалсам мені ес тұтып Қазақстанға оралатындар көп. Қазірде осы жаққа келгісі келетіндер қаншама? Қазақ елінде болашақ бағдарымды түзеп, бақытымды тапсам деп армандаймын.
Бақытбек ҚАДЫР