Билік пен бұқара арасындағы ашық диалог

Билік пен бұқара арасындағы ашық диалог

Билік пен бұқара арасындағы ашық диалог
ашық дереккөзі
376
«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы өзекті мәселелерді жан-жақты зерттеп, оны шешудің жолдары өңірлік партия бағдарламаларында көрініс табуы қажет екенін атап өткен болатын. «Партия басшылығы, Мәжіліс пен мәс­лихат депутаттары жергілікті жерлерді ара­лауға тиіс, соның ішінде, шалғай аудан­дарға баруы керек. Адамдармен кездесіп, проблемаларды жан-жақты зерделеу, олар­ды шешу маңызды. Бұл мәселелердің бар­лығы өңірлік партия бағдарлама­ларын­да кө­рініс табуы қажет», – деді Н.Назарбаев. Елбасы айтқандай, партияның үш мақ­саты бар. Ол біріншіден, халықтың пікірін білу, халықтың сөзін сөйлеу және оны би­лікке жеткізу. Қазақстанның дамуына қа­тыс­ты партияның нақты ұстанымы бар, тиіс­ті стратегия мен жұмыс жоспары бекі­тілген, қажетті ресурстар қарастырылған. Мақ­сат – айқын, бағыт – түзу. Ендігі жерде ел болашағына жауапты халықтық пар­тияға айналу жолында нақты істер қолға алынуы тиіс. Осы жолда ең маңыздысы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай партияның, оның ішінде облыстық филиалдардың халықтың мұң-мұқтажы мен өтініш-талаптарын қана­ғаттандыруы, Үкімет пен халық ара­сындағы байланысты нығайтуы, сонымен қатар қиын кезеңде халықпен бірге болып, барынша қолдау көрсетуі. Әсіресе, карантин кезінде қиын жағ­дайға тап болған, әлеуметтік көмек пен қар­жылай қолдауға мұқтаж жандардың талап-тілегін орындау – партия үшін кезек күттірмес мәселелердің біріне айналды. Бүгінде заман талабына сай әлеуметтік же­лілер арқылы келіп түскен өтініштер мен Call-орталығына шалынған қоңырауларды қабылдау жалғасып жатыр.  Жұмыс халық­тың өтінішін қараумен және орын­даумен ға­на шектелмейді, азаматтардың өтініш­терін сапалы қарауға бақылауды күшейту де қолға алынған. Мысалы, Түркістан облыстық филиалы қо­ғамдық қабылдау бөлмелеріне 2020 жыл­ғы 16 наурыздан 11 шілдеге дейінгі ара­лық­та 15 184 арыз-шағым келіп түскен. Оның 76,1 пайызы оң шешімін тауып, 3 553 өті­ніш бойынша заң аясында кеңес берілген. Ал қаңтар-наурыз айларында барлығы 2 773 қана өтініш келген. Салыстырмалы түрде соңғы үш  ай көлемінде арыз-өтініш­тер саны 6 есеге артқан. Яғни, еліміз бойын­ша енгізілген карантин жағдайы азамат­тардың талап-тілектерінің мазмұнын өзгер­тіп, бұл өз кезегінде партиядан көмек сұраушы азаматтар санын арттырып отыр. Жалпы, тұрғындардың өтінішін орындау бойынша партияның Түркістан облыстық филиалы республика бойынша бірінші орында. Биыл Оңтүстік Қазақстан халқына коро­навирус індетімен қатар Мақтаарал ауданын басқан топан су ауыр соққы болды. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы апат болған алғашқы күннен бастап, жедел штаб құрамында жұ­мысқа кірісті. Партия филиалы тұр­ғын­дарды эвакуациялық орталықтарға орна­лас­тыру, гуманитарлық көмектерді үйлес­тіру және зардап шеккен тұрғындарға түсін­діру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы 10 эвакуациялық орталықта үш мыңдай тұрғын орналасқан.  Оларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр, ал туыстарының үйін уақытша паналаған азаматтарға да азық-түлік таратылуда. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, партияның бірнеше бағдарламалық жобасы әлеуметтік саланы жақсартуға негізделген. Мә­с­елен, облыстық партия филиалының үй­лестіруімен қолға алынған «Бақытты от­басы» жобасы аясындағы «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен 1 600-ден аса отбасы анық­талды. «Аталған отбасыларды сүйемелдейтін аудан, қала, ауыл округ әкімдері, мекеме бас­шылары, кәсіпкерлер, депутаттар, пар­тия белсенділерінен құралған 908 куратор бекітілді немесе бір кураторға орта есеппен 5 отбасы белгіленді. «Қамқорлық» бағдар­ла­масы арқылы әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларды толыққанды қатарға қосу үшін 4 бағыт бойынша қолдау жүр­гізіл­е­ді. Атап айтқанда, қажетті азық-түлік­пен қамту, медициналық жәрдем беру, кә­сіпке бейімдеп тұрақты жұмысқа орналас­тыру мен демеушілер арқылы баспанамен қамту жоспарланған», – дейді Б.Тәжібаев. Ал жақында «Nur Otan» партиясы Пав­лодар облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері өңірдегі медициналық мекемелерге Қытай мен Ре­сейден жеке қорғану құралдары мен дәрі-дәрмек препараттары түрінде келген гу­манитарлық көмекке мониторинг жүргізді. Сонымен қатар партияның мұрындық болуы­мен өңірдегі халық қалаулылары мен кәсіпкерлер медициналық мекемелерге бірнеше рет көмек көрсетті. Ал аймақтағы жасотандықтар аталмыш акцияның жүзеге асуына өз үлесін қосты. Қостанай облысында халықтың әлеу­меттік әлсіз тобына жататын тұрғындарға 50 мың теңге бір реттік төлемін жыл ба­сынан бері өңірде 22 мыңға жуық отбасы алған. Халықтың әлеуметтік әлсіз топ­тары­на антисептик, маска және бірінші қа­жеттілік өнімдері жеткізілді. Мұндай игі бас­тамалар айта берсек өте көп. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді партия өзінің басты міндетіне айналдырып үлгерді. Елбасының бастамасымен партия та­ра­пынан енгізіліп жатқан жаңалықтар – прай­мериз бен өңірлік даму бағдар­лама­лары. Осы ретте «Nur Otan» партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Бауыр­жан Байбек: «Партия еліміздегі проб­лемаларды біліп қана қоймай, оларды шешу үшін қажетті қадамдар жасамақ. Олардың біріншісі – праймериз, яғни ішкі партиялық іріктеу өткізу арқылы қолынан іс келетін, білімді, елге сөзі өтімді, адал да абыройлы азаматтардың билікке, өкілетті органдарға келуіне ықпал ету болса, екіншісі – әрбір өңірдің ерекшеліктерін, нақты қажет­тіліктерін ескере отырып, арнайы даму бағ­дарламасын әзірлеу», – деген болатын. Праймериз ең белсенді және сенімді мү­шелерді анықтауға мүмкіндік береді. Партия мүшелерінің ынтымақты дауыс беруіне қол жеткізу арқылы жаңа көшбас­шыларды анықтау – аймақтар бойынша атқарылып жатқан жұмыстың ең маңыз­дысы. Мәселен, партияның Алматы облысы бойынша филиалы партия беделінің халық алдындағы іскерлігін көрсетуде депу­тат­тыққа лайықты тұлғаларды ұсынуға жол ашып отыр. Бұл партияның жас мүшелері мен жақтаушыларының өздерін іс жүзінде көрсетуге және еліміздің дамуына өз үлесін қо­суға мүмкіндік береді. Еліміз бойынша партиялық жоба аясында аудан, қалаларда мүмкіндігі шек­теулі азаматтарды жұмыспен қамту мақ­сатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Сонымен бірге партия өкілдерінің қатысуымен білім ме­кемелерінде инклюзивті ортаны қалып­тастыру бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Енгізілген карантин режиміне бай­ланыс­ты партияның өңірдегі филиалдары азаматтардың мұң-мұқтажы мен арыз-ша­ғымын онлайн режимде қабылдауды кү­шейтіп, әлеуметтік желіде тікелей эфир ар­қылы тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге көшті. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асы­рудың бірден-бір алғышарты.    

Серіктес жаңалықтары