Елордада карантин шаралары оң нәтиже беріп, пневмониямен ауруханаға түскендер саны 40,5 пайызға, коронавирус стационарларындағы науқастар саны 50,3 пайызға азайды. "Жедел жәрдем станциясына қоңыраулар саны екі еседен астам азайды – тәулігіне 2400-ден 1129-ға дейін (52,3%). Соның ішінде КВИ бойынша – күніне 350-ден 112-ге дейін. Карантинге дейін, коронавирустың ауыр дәрежесімені науқастар медицина мекемелеріне бірінен соң бірі түсіп жататын – дәрігерлер физикалық, моральдық тұрғыдан өте ауыр тиді. Денсаулық сақтау мамандары әр науқас үшін соңына дейін күресті. Қазір ауыр науқастар саны азайды. Екі күн бұрын дәрігерлеріміз өкпесі 100%, 90% қабынған науқастарды емдеп шығарды. Азаматтардан карантин алынып тасталғаннан кейін де инфекцияның алдын алу үшін санитария нормаларын қатаң сақтауды сұраймыз", – деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова. Қала әкімдігінің дерегінше, бүгінде коронавирустан емделіп шыққандар саны 67 пайызды құрайды. Індет жұқтырған 9494 науқастың 6607-і дертінен айықты. Айта кетейік, соңғы тәулікте елімізде 1494 адамнан коронавирус анықталып, республика бойынша індетке шалдыққандардың жалпы саны 81 мыңнан асты. 51 823 адам емделіп шықты. 585 науқас көз жұмды.
Жүктелуде...