Карантинді жеңілдету жоспары қалай жүзеге асырылады – министр түсіндірді

Елімізде карантинді жеңілдету жоспары әзірленуде. Жоспардың қалай жүзеге асырылатынын ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой түсіндірді. 

«Біз қазір карантинді жеңілдету бойынша арнайы жоспар дайындап жатырмыз. Жуық арада қалың көпшілікті осы жоспармен де таныстырамыз. Біз халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз, көптеген сарапшыларды тарттық. Әлем елдері карантинннен қалай шықты және қандай шаралар қолданды. Карантинннің бірден алынып тасталмайтыны түсінікті ғой»,-деді министр«Хабар24» телеарнасында өткен дөңгелек үстелде.

А.Цойдың айтуынша, карантин бірден емес, сатылап жеңілдетіледі. Министрлік елдегі эпидемиологиялық жағдайды назарға алып, әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып шешім қабылдамақ.

Ведомство басшысы  балабақшалар мен білім беру орындарының жұмысын жандандыру мәселесі жөнінде де пікір білдірді.

«Ол үшін бізге 2 тамызда жағдайдың қандай болатынын білу керек. Егер ол уақытта жағдай тұрақтанып, көрсеткіштер қазіргідей жақсара беретін болса, біз балабақшалар мен білім беру мекемелерін ашу мәселесін пысықтайтын боламыз. Ал керісінше, вирус қайта өршіп, болмаса ауру мен одан қайтыс болғандар саны өсетін болса, әрине, біз үкіметке карантинді соза түсуді ұсынамыз»,- деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрі екі аптаға созылатын карантин шарасының нәтижесі тек үшінші, төртінші апталарда ғана белгілі болатынын жеткізді. Өйткені инкубациялық кезең 14 күн. Демек, тамыздың ортасына таман жағдай айқындала түспек. Сол кезде ғана министрлік әрі қарай қалай әрекет ету керегін шешеді.

Еске сала кетейік, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін карантин 2 тамызға дейін ұзартылды.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 76 799-ға жетті. Індеттен 47 мыңға жуық адам емделіп шықты. Дерті асқынған 585 адам көз жұмды.

Айта кетейік, Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемияның статистикасын біріздендіру туралы тапсырмасы бойынша 1 тамыздан бастап Қазақстанда COVID-19 бойынша жаңа статистика жүргізіледі. Пневмониямен ауырғандар КВИ жұқтырғандардың санатына енгізілетін болды.

 

Back to top button