16 Шілде, 13:47 791 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Әскерхан Ақтай: Шығыста квотаға қол жеткізе алмай жүргендер көп

Шығыс Қазақстан облы­сына алыс-жақын шет­ел­дерден көшіп келген қандас­тар­дың тыныс-тіршілігімен та­нысу үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Отандастар қоры» филиалының жетекшісі Әскерхан Ақтаймен жолығып, мәселенің мән-жайын өз аузы­нан жазып алған едік.

 – Шығыс Қазақстан облысы – шетелден кел­ген қандастар ең көп шоғырланған өңір. Облыстың Көші-қон қызметі басқармасына ресми сауал жолдап, қанша қандас оралды де­генді анықтадық. Сонда 2000 жылдан бері 48 мыңнан астам қандас азаматтық алып­ты. Ал 2000 жылға дейін де 50 мың қандас кел­ді деп есептейміз. Табиғи өсімін қоса есеп­тегенде 200 мыңға жуық қандас Шығыс Қа­зақстан облысына көшіп келіпті. Бұл елі­міздің демографиялық ахуалына қо­сыл­ған «донор». Еліміздің экономикасына, ті­лі­не, өсіп-өркендеуіне және рухани-мә­де­ниетіне де үлкен үлес қосып жатқан қа­зақтың бір бөлігі. Тек осы шығыстың өзінде ел руханиятына үлес қосқан азаматтар көп. Солардың бірі атақты сыбызғышы Кәлек Құмақайұлын айрықша атауға болады. Айтыскер ақын Нұртай Тілеужанұлы –  үш рет сайланған аудандық мәслихат депу­та­ты. Облыс әкімінің кеңесшісі Маржан Ба­қыт­қызы деген қарындасымыз бар, қазір «Шығыс адалдық алаңы» деген ұжымның үйлестірушісі және қалалық мәслихаттың депутаты.

Әдебиет саласында да біршама аза­мат­тарды атауға болады: Қытайдан көшіп кел­ген Төлеген Құмарұлы, Мұхамеди Бекбақыт, Гүлиманат Әуелханқызы деген ақындар бар. Қызырбек Дүргінбайұлы, Алтынғадыс Күн­туған, Дәулетберді Жекей, Дана Иса­ғұл­қызы, Жанар Рахат секілді талантты ақын жастар бар. Мұратхан Кенжехан, Ол­жас Ке­рейхан, Жанболат Санияз секілді жаңа­лық­қа жүйрік журналистер де осында. Сонымен қатар Бақыт Кеңшілікұлы деген мықты қолөнер шебері бар. Үржар ауда­нында тұра­тын атбегілікпен және құсбегі­лікпен айна­лысатын сегіз қырлы, бір сырлы Тәттімбет Кәпұлы деген азаматты айтуға болады.

Дәстүрлі әнші Қадыхан Манайұлы да қа­зір шығыстың мақтанышына айналды. Көптеген ән байқауларының жүлдегері. Серік Қуанғанұлы, Хабдолда Бейісхан қа­тар­лы мықты айтыскер ақын бауырлары­мыз бар.

Квота ала алмай жүргендер көп

Квота – шетелдегі қандастардың елге оралуына зор септігін тигізетін фактордың бірі. Квота бұрынғыдай көп те емес. Мөл­ше­рі біршама азайды. Бірақ сол аз болса да жаңа көшіп келген ағайынға үлкен демеу. Кел­ген жол шығындары өтеледі, жалға ал­ған үйінің ақшасы беріледі. Кейбір елдерде экономикалық жағдай қиын, сол елдерден келген ағайынға аздаған қаржы Қазақ­стан­да тіршілік бастап кетуге септігі мол. Сон­дық­тан квота берілу жайы дұрыс жолға қойыл­са, берілетін тетіктері жақсы қарас­тырыл­са – бұл қандастардың өңірге орна­ласуына оң ықпал етеді. Біздің Шығыс өңі­рінде өкінішке қарай, Әлеуметтік бағ­дарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сәйкес, 2020 жылға 150 ғана кво­та тағайындалды. 2019 жылы квотаға ілік­пей қалған адамдар бар, биыл жыл басында келген адамдар бар, 150 квота жыл басында-ақ бітіп қалды. Қазір Шығыс Қазақстан об­лысында квота ала алмай қалған қан­дастар көп. Біздің облыс – шекаралық об­лыс. Ресей, Қытай елдерімен шектесіп жа­тыр. Қытай елінен келетін қандастары­мыз­дың ішінде бұрын келіп, ықтиярхатпен жүргендері де көп. Ресейден, Моңғолиядан ке­ліп, Үкіметтен белгіленген өңірлік кво­тасын ала алмай жүрген қандастар жетер­лік. Әсіресе, Үржар, Зайсан аудандарында көп. Басқа облыстармен салыстырғанда Шы­ғысқа көшіп келушілердің саны артық. Сондықтан алдағы жылдарда шығысқа кво­та саны көбеюі қажет. Бұл туралы ж­о­ғары­ға хат жіберіп, мәлімдедік.

Жер мәселесі және жеңілдетілген несие алу – маңызды тетік

Біздің облыс ауыл шаруашылығына қо­лайлы. Өнеркәсіп, мал шаруашылығы жақ­сы дамыған. Шетелден келген қандастар да мал шаруашылығымен және егін салумен айналысқысы келеді. Сондықтан жер мә­се­лесі қай жерде де «күйіп тұрған» ортақ мә­се­ле. Бізде де осы мәселе бар. 2015 жылға дейін келгендердің ішінде, Ұлан, Зайсан, Үр­жар аудандарына қазір бірнеше гектар жер алып, дәнді-дақылдар егіп, мал  шаруа­шы­лығын дамытып жатқан қандастар көп. Соның арқасында қаншама адам жұмыспен қамтылып, ауданның және аймақтың эко­номикасын көтеріп отыр. Ұлан ауданында мал шаруашылығы Өскемен қаласын етпен, сүтпен қамтып отыр. Атап айтқанда, кәсіп­кер Сүйеніш Бердімұраттың «Ақбауыр» же­ке шаруа қожалығы қаланы қымызбен жә­не жылқы етімен қамтамасыз етуде. Со­нымен қатар қалаға жақын Бозанбай ауы­лын­да және Зайсан аудандарында мал шаруа­шылығын дөңгелетіп отырған қандас кәсіп­керлер көп.

Жақында облыстық Кәсіпкерлер бас­қармасымен бірлесіп, кәсіппен айналыса­тын, жеке шаруа қожалық жүргізіп жатқан, табысқа жеткен қандастардың тізімін ал­дық. 300-ден астам шаруа қожалық жүргізіп отырған қандасымыз бар екен. Қаншама адам жұмысты болып, облыстың экономи­касын көтеруде.

Биыл сәуір айының басында «Отан­дас­тар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының ұйымдастыруымен қан­дас кәсіпкерлер қатысқан онлайн кон­фе­ренция өткіздік. Бұған Шығыс Қазақ­стан­ның барлық жерінен кәсіпкерлер қатысты. Сонда біраз мәселе талқыланды. Әсіресе, кәсіпті дамыту үшін алатын жеңілдетілген несие ала алмай жүрген азаматтар бар екен. Айталық, Аягөз ауданынан Әзікей Берген­бек деген  кәсіпкер несие ала алмай жүр­генін айтты, қайда барарын білмейді, ешкім түсіндірме жұмысын жүргізбеген. Біз осы кәсіпкердің мәселесін «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтарының қауым­дас­тығы арқылы «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен сөйлестік. Қазір бұл мә­селе тиісті деңгейде қаперге алынды. Өске­мен қаласында да жеке кәсіпкерлікпен ай­налысайық, несие алайық деген азамат­тар көп. Қалалық жұмыспен қамту орта­лы­ғының кәсіпкерлікті дамыту бағдарлама­сымен кәсіптік оқу оқып жүрген қандас­тары­мыз да баршылық.

Жұмыс таппай жүрген қандас жоқ

Шығыс Қазақстан облысына келген қан­дастардың ішінде жұмыссыз жүрген қан­дастар жоқ деп айтуға болады. Себебі жұ­мыспен қамту мәселесі бізде жүйелі жол­ға қойылған. Сонымен қатар бізде әртүрлі өнеркәсіп мол.

Ал құжаттандыруға келсек, басқа об­лыс­тармен салыстырғанда біздің өңірдегі қандастардың құжаттану мәселесі біршама алда. Кейбір жерлерде көшіп келгеніне көп жыл болса да, азаматтық ала алмай жүрген аза­маттар көп. Дәл қазіргі жағдайда біздің Шы­ғыс Қазақстанда ондай оқиға тіркелген жоқ. Олай дейтініміз, біз барлық ресми орын­дарға сауал жолдадық, «құжаттары рет­телмей жүрген қандастар бар ма?» деп. Әзір­ге бізге ондай мәлімет түскен жоқ.

Қазіргі жағдайда Шығыс өңіріндегі қан­дастардың тыныс-тіршілігі осындай.

Жазып алған Бақытбек ҚАДЫР

 

 

Соңғы жаңалықтар