Израиль қатаң карантинге қайта оралды

Израиль қатаң карантинге қайта оралды

Израиль қатаң карантинге қайта оралды
ашық дереккөзі
Израильде коронавирус өршіп барады. Елде 32 мыңнан астам адам індет жұқтырып, қатерлі вирустан 342 адам көз жұмды. Індеттің алғашқы толқынында тәулігіне шамамен 500 науқас тіркелсе, бүгінде күн сайын мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. Эпидемиологиялық жағдай ушыққан соң Израиль билігі қалаларды карантинге жауып, қатаң шектеулер енгізді. Сарапшылар вирус енді белең алған шақтағы карантиндік режимге ауысқан дұрыс деп есептейді. Жай күндері саябақтарда 6 мыңдай адам серуендесе, бұдан былай онда ешкім аяқ баспайды. Үкімет шешімімен саяжайлар, өзге де қоғамдық орындар уақытша жабылады. Дәмханалар, клубтар мен спорт залдар, бассейндер де жұмысын тоқтатты. Мейрамханаларда 20 адамнан артық адам жиналуға тыйым салынды. Шағын және орта бизнес өкілдері бұл шектеулер экономиканы тұралатады деп дабыл қаққанымен, ел үкіметі індеттің таралуын тоқтатудың басқа жолы жоқ екенін алға тартып отыр. Израиль ауруханаларында азды-көпті орын бар. Алайда мамандар аз уақыттан кейін орын тапшылығы пайда болады деп алаңдаулы. Себебі жағдай күннен-күнге күрделеніп барады. Пациенттер медициналық қызметті сағаттап күтуге мәжбүр. Кей қалаларда шектеу режимі енгізілген, яғни арнайы рұқсат қағаз бойынша ғана қалаға кіріп-шыға алады. Қоғамдық көліктерде де жүру ережесі қатаңдатылған. Шілденің шіліңгір ыстығында кондиционерді қосуға рұқсат жоқ, әрі жолаушылар саны 20 адамнан аспауы тиіс. Израиль билігі жаппай карантин мерзіміне қатысты нақты шешім қабылдаған жоқ. Үкімет аурудың таралу деңгейіне байланысты әрекет етпек.