307
Елбасы және ел руханияты
Елбасы және ел руханияты
Мемлекеттің мықтылығы елге рухани тірек болатын құндылықтарға мән беріп, мемлекет құраушы ұлттың мәдени мұраларын ел игілігіне жаратуынан көрінеді. Әлем картасына өзгеріс енгізіп, тәуелсіз мемлекетке айналған жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның үлкен жетістігінің бірі − ел көлемінде тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғыртып, қазақ ұлтының өте бай мәдениетке ие халық екенін танытуы болды.
Әрине, қазақ даласында кезінде өркениеті дамыған қалалардың болғаны және қазақ халқының телегей теңіз әдеби, мәдени мұраларға ие екені бұрыннан белгілі еді. Бірақ соның бәрін түгендеп, жүйелеп, жинап, толықтырып біртұтас дүниеге айналдыру ісі ХХІ ғасырда ғана жүзеге асты.
Әрбір үлкен істі бастамас бұрын оның тетіктерін тауып, жүзеге асыру үшін алғышарттар жасалатыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, рухани жағынан мықты, идеологиялық тұрғыдан біртұтас күшті мемлекет болу үшін ең алдымен мықты демография керек екені белгілі. Осыны жақсы түсінген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күллі әлемдегі қазақ азаматтарын атажұртына жинауды ойлады. Осылайша, Елбасының бастамасымен 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы
өткізілді. Құрылтайға Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, т.б. елдерде өмір сүріп жатқан қазақтар қатысты. Құрылтай қарсаңында әлемдегі қазақтың саны 10 млн 537 мыңға жеткен еді. Алғашқы құрылтайға ТМД елдерінен 350 адам және шет елдерден делегаттар қатысты. Құрылтай делегаттары Түркістан, Жезқазған, Ұлытау сияқты еліміздің ежелгі саяси-әлеуметтік, мәдени орталықтарында болды. Құрылтай жұмысын елуден аса телерадиокомпаниялар екі жүзден аса журналистер насихаттады. Құрылтай күндері «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта ғылыми конференция өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасады. Міне, содан бері Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы бірнеше рет өтіп, шетелдердегі қазақты тарихи Отанына көшіріп алу жұмыстары белсенді насихатталып келеді. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайындаДүниежүзі қазақтарының қауымдастығы
құрылып, оның төрағасы болып Нұрсұлтан сайланды. Бұл орталыққа дүниежүзіндегі қазақтардың өмірін жан-жақты зерттеп, олардың әлеуметтік-экономика, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселелерді шешу міндеттері жүктелді. Осылайша, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылғалы бері Дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайы өткізіліп, қауымдастық жүргізген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде 28 жыл ішінде алыс-жақын шетелдердегі бір жарым миллионға шамалас қазақтар атажұртына оралып, қоныстанды. Бұл да жас тәуелсіз елдің ұлттық демографиясын көтерудегі үлкен жеңісі болды. Салыстыра кетейік, Тәуелсіздік қарсаңында (1991 жылы) Қазақстанда 16 жарым миллиондай адам болса, оның қырық пайызы ғана жергілікті ұлт өкілдері еді. Бірақ кейін елімізден өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи Отанына көшіп кету үдерісі басталғанда, халық саны азайып, тек арадан 14 жыл өткенде (2013 жылы) ғана 17 миллионға жақындады. Қазір ел тұрғындарының саны 19 миллионнан асты, ал мемлекет құраушы ұлттың саны 70 пайызға жетті. Бұл осыдан 28 жыл бұрын Қазақстан басшылығы қолға алған шараның жемісі деуге болады. Әлемдегі қазақтармен тығыз байланыс орнатып, оларды Қазақстанға көшіріп алу мәселесі жолға қойылғаннан кейін қазақ атын алып отырған мемлекетте мемлекет құраушы ұлтқа тиісті тарихи, мәдени мұраларды түгендеп, оларды насихаттау жұмысын бастау қажет екенін ойлаған Елбасының бастамасымен«Мәдени мұра» бағдарламасы
атты теңдессіз жоба дүниеге келді. «Біздің елімізде Мысыр пирамидалары және римдік колизейлер жоқ, бірақ Қазақстан аумағында көне дәуірде өмір сүрген көшпелілердің рөлі Еуразия үшін ғана емес, сондай-ақ әлемдік тарих үшін бағасыз. Біз дала өркениетінің ұлылығын әлемдік деңгейде көрсетуіміз керек. Бұл – «Мәдени мұра» бағдарламасының басты тапсырмаларының бірі», – деді ол туралы Н.Ә.Назарбаев. 2004 жылы басталған «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру басында екі жылға есептелген еді. Кейін бағдарламаның маңыздылығы мен ауқымы есепке алынып, оны жүргізу тағы екі кезеңге созылды. Осылайша, бағдарлама бойынша 2007-2009 және 2009-2011 жылдарда бірнеше салада көлемді жұмыстар атқарылды. Бағдарлама арқылы тарих һәм мәдени мұра саналатын 78 ескерткішке реставрация жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Тарихи тегіміз жайында құнды мәлімет беретін мыңдаған артефактілерге қол жеткізген 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті, Берел қорғандарына жүргізілген қазбалардан «скиф-сібір аң стилі» өнеріне жататын алтын бұйымдар (б.з.д. V-III ғғ.) табылып, әлемге әйгілі болды. Алғаш рет еліміздегі ескерткіштердің кең масштабты инвентаризациясы өткізіліп, республикалық маңызы бар 218 нысан, жергілікті маңызы бар 11 277 нысан анықталып, сол арқылы тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізімі бекітілді. Сондай-ақ Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Армения және АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми-зерттеу экспедициялар жіберіліп, тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты 5 мыңнан астам құнды құжаттар, қолжазбалар мен баспа өнімдері алынды. Сонымен бірге алғаш рет «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі сапалы гуманитарлық білім беру қоры құрылып, бір жарым миллионнан астам таралыммен 537 кітап шығарылды. Атап айтсақ, қазақ халық әдебиетінен құралған 100 томдық «Бабалар сөзі», Еуропа, Америка, Австралия, Африка, Азия мемлекеттерінің әдеби шығармашылығын қамтитын «Әлемдік әдебиет кітапханасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі филосовиялық мұрасы», «Әлемдік мәдениеттанушылық ойлар», «Экономикалық классика», «Әлемдік философиялық мұра» серияларымен көптомдықтар басып шығарылды. Ал халқымыздың музыкалық мәдениетін танытатын істерге келсек, орта ғасырлардағы әуендерге, күйлер мен тарихи өлеңдерге зерттеулер жүргізіліп, қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антологиясы шығарылды. Қазақ ұлттық мәдениеті тарихындағы аса ірі бұл жоба қазақ халық әндерінің түпнұсқалық орындауларын жинау, даярлау, өңдеу, реставрациялау, цифрландыру және оларды CD-дискілерге көшіріп шығару бойынша орасан зор жұмыстар атқарылуы нәтижесінде жүзеге асты. «Мәдени мұра» бағдарламасы кино саласында да көптеген толымды еңбектерді дүниеге келтірді. Атап айтсақ, бағдарлама аясында «Қазақфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы «Мәдени мұра», «Қорқыт. Күй тарихы», «Номадтардың музыкалық мұрасы», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Жүсіп Ата кесенесі», «Тамғалы петроглифтері» т.б. 20-дан аса деректі фильм түсірді. «Мәдени мұра» ел ішіндегі ғана емес, шетелдегі қазақ тарихына қатысы бар әйгілі тұлғаларға арналған жобаларды қамтыды. Олардың ішінде сәтті жүзеге асқан жобалар ретінде Дамаскідегі Сұлтан Аз-Захир Бейбарс кесенесінің, Каирдегі Сұлтан Бейбарс мешітінің реставрациясы, Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталық және кесенесін салуды айтуға болады. Дегенмен «Мәдени мұрадан» соң да бұл бағыттағы істер тоқтап қалған жоқ. Осы орайда Елбасының қолдауымен 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең үлкен архивтерінен қазақ тарихына қатысты құжаттар жүйелі түрде жиналып, зерттелгенін айта кеткен орынды болады. 2017 жылы 12 сәуірде Елбасының«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
атты бағдарламалық мақаласы жарияланып, онда көптеген жобаларды жүзеге асыру жайында айтылды. Атап айтқанда, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Мәселен, Қазақстан Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы негізінде ғылыми-сараптамалық кеңестің шешімімен жалпыұлттық маңызы бар қасиетті 100 нысан, жергілікті маңызы бар 500 нысанның тізімін жасады. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерін насихаттау мақсатында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы өз дәрежесінде іске асты. «Рухани жаңғыру» идеясы еліміздің БАҚ-тарында жан-жақты насихатталды және қазірге кезге дейін соның аясында көптеген жобалар іске асуда. Шартты түрде «Ұлы Дала елі» атанған Қазақстан несімен ерекшеленеді деген сұраққа әлемдік қауымдастық алдында лайықты жауап беру жолында жасалған бағдарлама ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған«Ұлы даланың жеті қыры»
атты мақаласын айтуға болады. Онда алғаш рет қазақ елінің әлемдік өркениетке қосатын үлесі туралы кеңінен айтылып, ұлы дала елінің бренді болуға тиіс құндылықтар нақты белгіленіп көрсетілді. Онда «Атқа міну мәдениеті» осында қалыптасқаны, «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» орындары болғаны, тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алынғаны, «Аң стилі» арқылы жануарлар бейнесін тұрмыста пайдаланып, оның адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланғаны, «Алтын адам» − дала халқы өз көсемдерін ерекше ұлықтап, оның мәртебесін құдірет деңгейіне көтергенін, жеріміздің ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырған «Түркі әлемінің бесігі» екенін, бір кезде Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальді желісіне айналған «Ұлы Жібек жолы» ең алдымен әлемге қазақ жерінен басталғанын, сол сияқты бүгінде әлемге «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» ретінде танытуға болатыны айқын деректермен көрсетіліп, дәлелденген. Елбасының алдыңғы бағдарламасының жалғасы ретінде жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған жайлар өте ауқымды міндеттерді қамтиды. Енді оның орындалуы түрлі салада тер төгіп жүрген жекелеген азаматтарымызға ғана тиісті міндет емес, ол ұлттың рухани әлемін дамытып, ел мерейін өсіретін, Қазақстанның тарихы тереңде жатқан іргелі мемлекет екенін танытатын бүкілхалықтық ауқымды іс. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы отыз жылдық тарихында Елбасы басшылығымен жүзеге асқан мұндай жобалар болашақта сөзсіз жемісін береді. Мұнымен қоса қазақ елін әлемдік мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан мемлекет ретінде танытары сөзсіз. Ахметжан ӘШІРОВ, жазушы-драматург, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:Ел бірлігін сақтап қалуы – қаһармандық
– Мен Елбасы жайында өте көп жаздым. Ол кісінің кітаптарын, мақалаларын оқимын, жеке басын сыйлаймын, қадірлеймін. Ал ұлт алдындағы еңбегіне келер болсақ, Тұңғыш Президентіміз елдің тыныштығы мен берекесін бірінші орынға қойды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылға жуық уақытта жердің тұтастығы, халықтың бірлігін сақтап қалғаны – қаһармандық. Ел астанасын Алатаудан Арқаға ауыстырып, қазақ даласында жаңа қала салып, елордасын көтерді. Менің «Астана» деген публицистикалық драмам осы ел астанасына арналған. Елорда жұртшылығы жылы қабылдаған шығармам биыл Елбасының туған ауылында көрсетілуі тиіс болған. Бұл шаруа індетке байланысты тоқтап тұр. Шындығында, халықтар достығын сақтау, оны дәстүрмен сабақтастыра жалғау – үлкен мәселе. Елбасының еңбегін бүгінгі жастар жақсылықпен жалғастырып әкетсе деймін. Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық кезеңі – көп уақыт емес. Осы жылдар аралығында халқымыз да көп жұмыс істеді, қаншама қиыншылыққа шыдады. Халқымыздың өзі де Президентпен бірге ерлік жасады. Бүгінгі күнде айтылатын алып-қашпа сөздер мен пікірлер уақытша нәрсе. Өйткені тарихта еңбек еткен адамның аты қалады. Елім, халқым аман болса екен деп тілеймін!