Альбион аралындағы Рамазан

Рамазан Еуропада да ескерусіз емес. «Еуропада Исламның ықпалы өсіп келеді» деп дабыл қағушылар саны көбеюімен қатар, ресми саясат Исламның ереже-талаптарымен санасып, адам құқығы мен демократия талаптарына сай мұсылмандарға діни құлшылық жасауға жағдай жасауға ұмтылуда. Биыл Ватикан барша мұсылмандарға Рамазан айының басталуына байланысты құттықтау жолдады. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен британдық белді саясаткерлер Біріккен Корольдіктегі мұсылмандарды құттықтауға асықты.

Ұлыбританияның түрлі қалала­рын­дағы жергілікті мешіттер Рамазан айында мұсылмандарға ауызашар ұйымдастырып, Құран оқып, жамағатпен бірге ғибадат етуге шақыруда. Ал британдық университеттер ораза ұстайтын студенттерге Рамазан айында жеңілдіктер беріп, емтихан кестелерін өзгерткен. Жоғарғы оқу орындарының ресми сайттарында Рамазанның мәні, тәртібі, мағынасы жайлы мәліметтер жарияланып, ораза ұстаушыларға қажетті ақыл-кеңестер береді.

Осы күндері BBC сайты «Рамазан-2016: мен бұл туралы не білуім керек?» деген тақы­рып­пен қасиетті ай және ораза туралы қажетті мағұлматтарды топ­тап жариялап отыр. Арнайы парақ­шаның сілтемесі: http://www.bbc.co.uk/guides/z82mtfr.

Мұның бәрі Ислам еуропалық қоғамның өміріне етене кіріге бастағанын көрсетеді. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда жер бетінде 1,5 миллиард мұсылман бар, ал Ұлыбританияда 2,7 миллион мұсылман өмір сүруде. Британдық мұсылмандардың орта жасы – 25. Бұл дін осы елдегі жамағаты ең жылдам көбейіп келе жатқан дін саналады.

Ватикан 10 маусымда мұсыл­ман­­дарға ашық хат жолдап, Рамазан айымен құттықтады. Барша христиандардың атынан жазылған хатқа Кардинал Жан-Луи Торан қол қойған. Онда: «Рамазан айы мен Ораза айт әлемдегі барша мұсылмандар үшін өте маңызды діни мереке саналады, бұл ай ауыз бекітумен, құлшылықпен және қайырымдылық жасаумен өтеді әрі христиандар, достар мен көршілер тарапынан құрметке ие. Дінаралық диалог жөніндегі Папа Кеңесінің атынан және әлемдегі барлық христиандардың атынан біз ораза ұстап, қайырымдылық жасаушыларға рухани қолдау білдіріп, шынайы мереке тілейміз» делінген.

Ұлыбританияның премьер-ми­нистрі Дэвид Кэмерон өз құттық­тауын­да: «Бұл қасиетті Рамазан айы, бұл айда мешіттер есіктерін айқара ашып, қоғамдық орталықтар, шіркеулер мен синагогалар өз көршілеріне жылы лебіз білдіріп, мұсыл­мандарды ауызашарға шақы­ратын ай. Кавентри соборы өз ғимара­тында көпконфессиялық ифтарға шақырады. Манчестерде мұсыл­мандар ауызашарды Еуропа чемпионатының өтуіне орай ұйымдастырады. Сондай-ақ еліміз­дің барлық аймақтарында үйсіз­дерге арналған ифтарлар өткізіліп жүр. Ауызашарлар мен қоғамдық шараларға белсенді түрде атсалысайық. Өзіміздің мақтаулы, көпнәсілді, көпдінді демократияда өмір сүріп жатқанымызды тойлайық. Ұлыбританияға және барша әлемге – Рамазан Мүбәрак» деген.

Лейбористер партиясының жетек­шісі Джереми Корбин өз құттық­тауында былай деді: «127 жыл бұрын Уокингте тұңғыш мешіт салынған еді. Бүгінгі таңда Ұлыбританияда 1000-нан аса құлшылық орындары бар, бұл біздің мультимәдени қоғамымызда мұ­сылман қауымының қатары көбейіп, ықпалы өсіп келе жат­қанын көрсетеді. Қазір мұсылман кәсіпкерлігінің пайдасын көрмеген бірде-бір қала жоқ. Сән саласы мен коммуникацияға дейін, бөл­шек саудадан баспа ісіне дейін сіздер­дің қауымдарыңыз қоғамның қажеттіліктеріне инвестиция құйып, жұмыс орындарын ашып жатыр. Барлықтарыңызға бейбіт Рамазан тілеймін. Барлығыңызға Рамазан Карим».

Либералды-демократиялық пар­­­­тияның басшысы Тим Фаррон: «Ассаламу-алейкум. Мен барлық қауымдарды, әсі­ре­­­се мұсыл­мандарды Рамазан айын­да босқындар дағдарысы уайым­­дататынын білемін. Рамазан кедейлердің күн сайынғы тірлік үшін күресін, әлемдегі жағдайы нашар адамдардың мүшкіл халін есімізге салады. Босқындар дағдарысын шешуде бәріміз күш салатындықтан, жаңа ай туып, Ораза айт келген кезде адамзаттық ерік-жігер мемлекет басшыларын қазіргіге қарағанда тиімді әрекет етуге итермелейтін шығар деп үміттенейік».

Лондонның жаңадан сайланған мэрі Садик Хан Рамазан басталы­сымен интернетте видео жариялап, барша мұсылмандарды қасиетті айдың басталуымен құттықтады және өзінің ауыз бекіткенін хабарлады. «Бұл мен үшін Лондон мэрі қызметінде ауыз бекітетін алғашқы Рамазан» дей отырып, «Лондонның мықтылығы – оның санқырлылығында. Біз бір-бірімізге сый-құрмет көрсетумен шектелмейміз. Біз өз тамырымыз бен дәстүрімізді айқындаймыз. Рамазан – отбасы, достарымызды және сенімімізді аялайтын кезең. Мұсылмандар күн сайын ауызашарға бас қосатынындай, бұл уақыт бізден гөрі жағдайы төмен біздің достарымыз бен көршілеріміздің қамын ойлайтын кез» деп тұжырды. Лондонның мэрі бұған дейін Дональд Трамп пен Исламға қарсы пікір айтып жүрген саясаткерлерге Ислам дінінің бейбіт сипаты мен мұсылмандарды жақсы жағынан танытуды өзінің миссиясы санайтынын ашық мәлімдеген болатын.

Ұлыбританияның барлық аймақ­тарында Рамазан айы аяқталған кезде той­ланатын Ораза айтқа арналған шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, алдағы Ораза айт күндері Кавентри қаласында 60 000-нан астам адамға арналған мерекелік салтанат өтеді. Бұл осы елдегі ғана емес, бүкіл Еуропадағы ең үлкен мұсылман мейрамы болады деп болжанып отыр.

Лондон мэрі әйгілі Трафаль­гар алаңында айт мере­кесін ұйымдастырмақ. Манчес­тер­дегі айттық шаралар фут­бол стадионында өтеді деп жоспарлан­ған.

Лондондағы елді елең еткізген жаңа­лық – Рамазан айында әйгілі қызыл реңктегі ағылшын авто­бустары «СубханАллах» деген арабша жазумен қаланың көркін кір­гізді. Мұндай баннерлер авто­бустарға ғана емес, аялдамаларға да жапсырылып, тұрғындар на­зарын аударды. Науқанды ұйымдас­ты­рушылардың айтуынша, «СубанАллах» деген жазуы бар баннерлерді ілудегі себеп – Сирия­дағы соғыс құрбандарына қолдау көрсетуге үндеу көрінеді. Алланың аты жазылған жүздеген автобус Рамазан айы аяқталғанша Лондон көшелерінде қызмет көрсете бермек.

 

Ұлыбритания

Back to top button