18 Маусым, 14:52 431 0 Саясат Анар ЛЕПЕСОВА

Сертке соққан семсердей

Жыл дегенің адам өтер жол­ға сын. Ал, сынақ­тан өткізер сол жылыңыз Мем­ле­кет басшысының жы­л­на­ма­сына қалай жазылған? Ғарыш­тық жылдамдықпен зу етіп өте шыққан бір жылға уақыт атты құдіреттің биік мұнарасынан көз салсақ, көп көрініс көз ал­ды­мыздан кинодағыдай өтіп жа­тады...

2019 жылғы 9 маусым ел өміріндегі елеулі кезең болды. Дәл сол күні өткен бүкілхалықтық сайлауда халықтың 70 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа се­нім білдірді. Сол сәтте-ақ ел сеніміне ие болған тұлғаның сертке соққан сем­сердей кемел ойлы кемеңгер тұлға еке­ні айқын аңғарылды. Қаржы үнем­деу мен уақыттан ұтуды ойлаған ол шет елдер мен өз жұртымыздан бел­гілі тұлғалар шақырып ұлықтау рәсі­мін өткізген жоқ. Бұл оның кісілігі мен кішілігінің бір қырын танытты.

Алғашқы жұмыс күндеріндегі алғашқы қадамы да – көпбала­лы отбасылар мен тұрмысы төмен жа­нұялардың қарызын кешіруі көп­тің көңілінен шыққан, жан сүйсінткен ше­шім болды.

Өмір – тәтті, тағдыр қатты. Қасым-Жомарт Тоқаев жұ­мыс­қа құлшына кіріскенде алдан күт­пеген сан сынақ шыға келді. Арыс­тағы жарылыс, ұшақтың құлауы, Қор­дайдағы елді дүрліктерген дүрбелең, мұнайдың арзандауы мемлекетті биік белеске шығаруға құлшына кіріскен Президенттің алдын ораған тосқауыл болды. Соның бәрі аздай коронавирус дейтін тажал шықты. Сарқопа су қой­масында оңтүстікті су басқан кедер­гі­лер кес-кестеді. Пессимист емес, оп­тимист, қайыңның безіндей берік Тоқаев, қиындыққа қасқайып қарсы тұрды. Қиындықты өзіне тән кемел ой­лы кемеңгерлікпен, ақыл-пара­сатпен жеңді.

«Пессимист мүмкіндігі болғанда қиындық туралы, оптимист әрбір қиындықта мүмкіндік жайлы ойлайды» демеп пе еді Черчил. Қиындықта мүмкіндік жайлы ойлаған Президент қиын түйіндерді кезінде тарқата алды. Бір ғана мысал. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» биылғы 5 мамыр күнгі санында жарияланған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатын оқығанда оқшауланып, төрт қабырғаға қамалып отырған халықтың көңілі көкке көтеріліп, жаны жадырап қалғаны зайыр. Ел өміріндегі елеулі мәселелерді кемел ойлы кемеңгерлікпен кеңінен толғап, талай түйіндерді шебер тарқатқан бұл салиқалы сұхбатты келешегі кемел, бүгіні бекем, елімізді алға бастар адастырмас бағдаршам десек артық айтқандық емес. Сұхбатта айтылған ойлар көптеген
түйіні қатты проблемаларды  нақты мысалдар мен тарқатып берді.

Бейнелеп айтсақ, мемлекет – алып бәйтерек, ауыл – сол бәйтеректің тереңге кеткен тамыры. Тамыр су алса бәйтерек қурайды, тіпті құлап та қалады. Міне, сол ауылдың мәселесі, ел экономикасының мықты тірегі, ауыл шаруашылығы жайлы мемлекет басшысы былай дейді: «Мәлімдемеде айтылғандай биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 млрд теңге бөлінді. Соның 70 млрд тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін. Қазір халықты азық-түлікпен қамту негізгі мәселенің бірі. Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де, тұрақты бақылауда ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн».  Ақылға сиымды, көңілге қонымды сөз бұл!

Даланың дала шалдары біліп айтқан:

Өсер елдің арманы көп,

Өшер елдің жанжалы көп.

Құдайға шүкір, бүгіні бекем, келешегі кемел Қазақстанның жанжалы жоқ, арманы көп.

Ертеден жеткен ескі сөз – есті ақыл былай дейді:

– Ырыс қайда барасың?

– Ынтымаққа!

– Бақыт қайда барасың?

– Бірлікке!

Еліміздің бірлігі – елдің де, ердің де бақыты. Сол бақытымыз баянды болуы үшін мемлекет басшысы бастап, халық қоштап, татулық пен тұрақтылықты нығайта берсек, біз еңсермейтін қиындық, еліміз алмайтын асу жоқ. Осыған орай мемлекет басшысы  былай дейді: «Ең алдымен қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған, ауқымды шаралар ұйымдастыру, өзекті мәселелерді талқылап, тиімді ұсыныстарды әзірлеу. Бүгінге дейін кеңестің үш отырысы өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғырту бағыттары бойынша көптеген ұсыныс жасалды. Қоғамды алаңдатқан түрлі мәселелелер қызу талқыға түсті».

Бұл да шын сөз! «Нағыз құдіретті сөз – шын сөз» деп даналар айтқан қасиетті қағиданың үдесінен шыққан алтынға бергісіз асыл сөз бұл.

Дана басшы көшбастар, ел ертеңі – жастар! «Ең маңызды мәселе – ауылдағы жастарға жағдай жасап, олар жұмыспен қам­та­масыз ету», – дейді Президент. – Әйтпесе бақылаусыз миграция урбанизацияға ұшырап, соның салдарынан күрделі әлеуметтік және саяси мәселе шешуімізге тура келуі мүмкін. Міне, біз осындай қиыншылықтарды көре бастадық, әсіресе бұл ірі қалаларда байқалуда. Осы мәселелер мемлекеттік орган­дардың ұдайы назарында болуы керек.... Мен талантты да талапты жастарға сенім артамын. Сол себепті «Президенттік жастар кадрлық резервін» құрып «Жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар» шыққан 300 жасты іріктеп алдық. Олардың біразы қызметке орналасты. Тиісті мемлекеттік органдарға жастар сая­сатына арналған кешенді бағдарламаны әзірлеуге тапсырдым.

Бұл да ел өміріндегі өзекті мәселе. Осы өткір мәселені ора­­лып өтпей, оған нақты, дәйекті жауап берген Прези­дент сөзіне ел дән риза.

Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөлген өткір мәселенің бірі өз сөзімен айтсақ: «Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі  баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұ­мыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты от­басы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құры­лысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биыл­дан бастап жыл сайын көпбалалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көпбалалы отбасыларға табысына қарамай, жәрдемақы беріле бастады, жарты миллионнан астам  азаматтың 300 мың теңгеге дейін кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақ­сартуға бағытталған».

Жан сүйсіткен жақсы сөз бұл!

Тоқаевтың бір сөзінен бір сөзі дәмді, бір ісінен бір ісі мәнді. Халықтың көңілінен шыққан, кермиық, көркем сөздерді көптеп келтіре беруге болады. Соның бірі және бірегейі мынау: «Жаңа сын сынаққа төтеп беру үшін ең алдымен ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәс­түрімізді, ұлттық сана-сезімізді. Қоғамдық татулық пен ке­лі­сімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді ке­шірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды.
Тіл – ұлттық тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлем­ге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты, мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік ті­лімізді қадірлеуден басталады».

Бұдан біршама уақыт бұрын: «Ең бірінші – қазақ тілі болуы керек» – деп көрікті сөз айтқан Мемлекет басшысы бұл жолы да көптің көңілінен шықты.

Распутиннің: «Всегда во всем  нужно сохранить казаха каза­хом, в лице и в духе, киргиза – киргизам, а русского – русским. Только тогда между ними могут быть искреннее ува­жение и любовь» дегені және үнді халқының ұлы перзенті Ре­биндрант Тагордың «Әрбір халық өзінің ұлттық қасиетімен әлемге таныта білуі керек. Егер ол ұлттың өркениетке қосар үлесі болмаса, онда жер бетінен жойылу қасіретінің басталғаны. Және де адамзат тарихының дамуында – бұл кешірмес күнә» деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Президенттің тіл туралы, ұлт­тық құндылықтар туралы айтқандары орыс пен үнді ғұламаларының  ойымен үндесіп жатқан ұлағатты сөз!

«Төтенше жағдай күнделікті өмірімізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспарланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсе аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалық маңызды екенін аңғардық. Қалған дүниенің барлығын біртіндеп ретке келтіруге болады. Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті, көптеген азамат қиын сәтте елге қызмет етудің үлгісін танытты. Бұл – парасатты патриотизмнің көрінісі, кез келген күрделі ке­зең адамдардың жігерін жанып, рухын қайрайды. Әлемге жайылған індет тұсындағы ахуал халқымызды одан әрі ұйыс­тыра түсіретіні анық».

Елдің бағын ашпаса,

Ер мұратқа жетер ме?!

Ерінің сағын сындырса,

Ел мұратқа жетер ме? –

деп даланың данышпаны Әйтеке би тегін айтты дейсің бе?! Елдің бағына, халықтың бақытына орай ел тізгіні әлемдік деңгейдегі салиқалы, салмақты, парасатты басшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында болуы – Алла Тағаланың ерекше сыйы. Сол бақытымызды бағалай білейік. Бақыт бағалағанның басында тұрады. Елге көрік болған ерге сенімді серік болайық! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтқанда ойға Мари Франсуа Вольтердің «Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті» деген ұлағатты ойы мен Бұхар жыраудың «Қайғысыз ұйқы, ұйықтатқан ханым-ай» деген сөзі оралады. Ел бастаған көсемі көреген, халқы еңбеккер болса, ондай елдің еңсермейтін қиындығы, алмайтын асуы жоқ.

Ең бастысы Тоқаев басқарған еліміз бір жылда сындарлы сындардан сүрінбей өтті.

«Пенденің бәрі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ» дейді Әбубәкір Кедері. Данышпан адамның арманы асқақ, мұңы көп. Сондай әлемдік деңгейдегі ұлағатты ұлы тұлғаның бірі де бірегейі – бір жыл бұрын  ел тізгінін қолына ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның мұңы – халықтың жағдайы, арманы –  Тәуелсіз Қазақстанның бүгіннен де жарқын болашағы!

Әлем жаһандану отына күйіп тұр,

Кеудедегі жазылмайтын күйік бұл.

Ибалы адам, иманды қоғам болғасын,

Алла Алашты маңдайынан сүйіп тұр.

Ел бақытты болмай, ер бақытты болмайды. Ел бақыты – ерен еңбекте, ер бақыты – қиындықты қисынын тауып жеңбекте.

Біз біргеміз!

Сызат түсіп сөгілмейді іргеміз!

Аман болайық!

Сәбит ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне

сіңірген аса зор еңбегі үшін» халықаралық сыйлықтың иегері

Соңғы жаңалықтар