БҚО жұқпалы ауруханасының директоры қызметінен кетті

БҚО жұқпалы ауруханасының директоры қызметінен кетті

БҚО жұқпалы ауруханасының директоры қызметінен кетті
ашық дереккөзі
БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова қызметінен кетті. ҚазАқпараттың хабарлауынша, ол өз еркімен жұмыстан кету жөнінде екі мәрте өтініш түсірген. Н.Ахметованың сөзіне қарағанда, аталған мекемеде өңірде коронавирустың кеңінен таралуына байланысты бірқатар күрделі мәселе туындаған. Емдеу мекемелерінде оңтайландыру жүруіне байланысты ауруханада төсек-орындардың тең жартысы қысқартылғандықтан, індет басталғаннан-ақ орын жетіспеушілігі байқалған. Бұған медицина қызметкерлерінің тапшылығы қосылған. Олардың бірқатары наурыздан бері үйіне бармай, қызмет атқарса, бірқатары өздері індет жұқтырып, емделуде. Қазіргі таңда дәрігер болып жұмыс істейтін қызы коронавируспен ауырып қалғандықтан, Н.Ахметованың өзі де үйде оқшаулануда. Бұдан бұрын жазғанымыздай, өңірде коронавируспен ауырғандардың көптігіне байланысты аталған мекеме науқасқа толып қалып, қалалық көпбейінді ауруханада қосымша орындар ашылуда. Бұл жөнінде мәлім еткен БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов Надия Ахметованың қызметтен неге кеткендігін айтты. «Ол бұдан бір ай бұрын қызметтен кету жөнінде арыз жазған болатын. Ол кезде мен сабыр етуін өтініп, өтінішін қанағаттандырмаған едім. Бірнеше күн екінші мәрте өтініш түсірді, бұл жолы қол қойдым. Біздің арамызда талас-тартыс болған жоқ. Бәрі де жұмыс бабында болып, шешіліп жатты. Осындай қиын жағдайда жұмыс істеудің оңай еместігін түсінемін. Қазіргі кезде директордың міндетін уақытша басқа адам атқаруда», деді Б.Қаюпов.