4 Маусым, 20:03 485 0 Білгенге маржан Túrkistan Gazeti

Темекіге тәуелділіктен қалай құтылуға болады?

Жақсы әдет қалыптастыру үшін біраз еңбек, күш-жігер қажет екендігі белгілі. Ал бойдағы жаман әдеттен аулақ болу үшін не істеу керек? Мысалы, темекі шегетін жандарға 21 күнде одан арыла аласыз деп кесіп айту қиын. Бұл жаңа әдеттің қалыптасуына жеткілікті уақыт болғанымен, шылым шегуге байланысты айтылмаған. Адамдар шылымның денсаулыққа тигізер зардабын біле тұра, одан бас тартуға асықпайды. Сонымен темекіге тәуелділіктің қандай теріс әсері бар?

Әлемде жыл сайын 31 мамырда темекіге қарсы күрес күні аталып өтіледі. Бұл күнді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы бекіткен болатын. Көптеген мемлекетте атаулы күнге орай спорттық және ақпараттық-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – шылым шегетіндерге зиянды әдеттен бас тартуға көмектесу, темекі түтінінің зардабын айту. Сонымен қатар бұл күн салауатты өмір салтын насихаттауды да мақсат етеді. Осы жылы айтулы дата кең көлемде аталып өтпейді. Себебі пандемия  қанатты кең жаюға мүмкіндік бермей отыр. Темекінің әсерінен көптеген сырқат түрлері пайда болады дейміз. Олардың негізгісіне мамандар тоқталсын.

 «Шылым шегу туберкулезді, өкпенің қатерлі ісігін, өкпенің обструктивті созылмалы ауруын, бронх демікпесін туғызады. Бұл тізімге онкологиялық аурулар да кіреді. Шылым шегетін адамның өмір сүру ұзақтығы қысқарады. Бұл орташа есеппен алғанда 10-15 жыл. Никотинді ұзақ уақыт бойы қолданатын пациенттер темекіні бірден тастай алмайды. Темекіге деген тәуелділігі бар жандарға оның мөлшерін біртіндеп азайтуға кеңес береміз. Яғни күніне 1 шылым данасынан қысқартып отыру керек. Егер ерік-жігері мықты болса, онда зиянды әдеттен бірден құтылуға болады» дейді терапевт дәрігер Жадыра Алматова.

Көбінесе біз темекі тартатындардың денсаулығы туралы ғана айтамыз. Ал зиянды әдеті жоқ жандар қайтпек керек? Темекі түтіні олардың да денсаулығына зардабын тигізеді. Егер пассивті, яғни темекі шегу үрдісіне жанама қатысатын жандар шылым шегетіндермен бір бөлмеде отырса, иіс киімге сіңеді. Көп ұзамай адамдарда бас айналу, құсу, жөтел, аллергия пайда болады. Бұл ағзаға улы заттардың белгілі бір бөлігі жетті дегенді білдіреді. Кішкентай балаларының қасында темекі тартатын ата-аналар зиянды әдеттерінің ұрпағына қандай зардап әкелетінінін ойлай бермейді. Бұл шылымның құрамындағы улы заттарды ескермегеннен болады.

Темекінің құрамында никотиннен басқа цианид, мышьяк, синиль қышқылы, улы газ бар. Бұдан бөлек бас миының жұмысына зиян тигізетін химиялық қосындылар да болады. Тәулігіне орташа алғанда 20 дана темекі тартқан адам 130 мг никотинді ағзаға сіңіреді. Жылдар бойы темекі шегетін жандар тыныс алу жолдары арқылы қанша зиянды «қоқысты» жинайтынын елестетудің өзі қорқынышты. Осыдан кейін денсаулық біртіндеп сыр береді. Оның ішінде жүректің жұмысы күрт нашарлайды.

«Никотин ағзаға зиян тигізеді. Соның ішінде біз оның жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсерін қарастырамыз. Адам көп уақыт бойы шылым шегетін болса, оның қан тамырлары тарыла бастайды. Ең алдымен, жүрек тамырлары зақымданады. Бұл артериялық қысымның жоғарылауына, жүректің ишемиялық ауруына, миокард инфарктісіне әкелуі мүмкін. Шылымды көп шегудің салдарынан жүректің жұмысы нашарлайды. Оны тас жолдың мысалында қарастыруымызға болады. Түзу, асфальт төселген жолда көлік жақсы жүреді. Көлік бұралаң, қисық жолда жылдамдығын бәсеңдетеді. Сол сияқты қанайналым баяулаған жағдайда жүрек бұлшық етінің қызметі нашарлайды. Сонымен қатар шылым шегетін анадан туған баланың жүрегі қатты соғып, гипоксия пайда болады. Ал гипоксия дегеніміз – оттегінің жетіспеуі», дейді кардиолог дәрігер Райхан Байтурова.

Темекіден қалай бас тартуға болады? Біріншіден, темекіні тарту туралы ой қай кезде пайда болатындығына тоқталу керек. Зиянды әдетіне бірнеше жыл болған адам автоматты түрде улы затты қолға алады. Әсіресе, артық минуты бар кезде немесе қолы бос болса, темекіге деген тәуелділігі артады. Сондықтан да мамандар бос уақытта пайдалы нәрсемен айналысуға кеңес береді. Мысалы, спортпен шұғылдану, кітап оқу, серуендеу. Соның ішінде тыныс алу жаттығуларын ерекше атап өтікіміз келеді. Терең тыныс алу жаттығулары ойды тыныштандыруға, жаман әдетті ойламауға көмектеседі. Екіншіден, темекі түтіні бар ортадан – таныстардан, достардан біраз уақытқа дейін алыс жүрген жөн. Адамдардың «көңілі үшін» никотинді қайта қолға алудың қажеті жоқ. Ең басты орында денсаулық екенін естен шығармағаныңыз жөн. Үшіншіден, бұл тәуелділік екендігін мойындау керек. Адамдар бұл уақытша «ермек» деп есептейді де, никотиннің зардабын ескере бермейді. Сондықтан да дәрігердің көмегіне жүгінген артық болмайды. Ең соңғысы, осыған дейін темекіден бас тартқан адамдардың болғандығын естен шығармау қажет. Демек сіздің де қолыңыздан келеді. Ең бастысы, темекі шегушілердің зиянды әдеттен бас тартамын деген ниеті болу керек.

Балжан Смаилова

 

Соңғы жаңалықтар