4 Маусым, 18:42 452 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

Мәдениет көктемеген жерде экономика да өркендемейді

Адамзаттың көп ғасырлы тарихы сын сағаттарда ру­ха­ни байлықтың шешуші рөл атқа­ратынын талай мәрте дәлел­деген. Мәдениеті, иман­ды­лы­ғы, интеллектуал­дық потен­циа­лы бай адам мен қо­ғам ғана қандай қиыншы­лық­ты да жеңуге қабі­летті. Эко­номикалық дағда­рыс­қа мәдени күйреу мен имансыз­дық қосыл­са – ақырзаманға апара­­тын тура жол сол.

Статистикалық мәлімет дейтін бір ғажайып бар. Ол самсаған сансыз цифрлардың көмегімен бір аймақ, бір ұлттың ғана емес, тұтас бір тұл­ға­лы мемлекеттердің де кірісі мен шығысын таразыға дәл тартып, ұлт­тың да, қоғамның да, елдің де, тіпті қажет болса, бүкіл әлемнің де бет-­бейнесін айнадағыдай анық көр­се­тіп тұрады. Әйтсе де, сол статистикалық мәлімет дейтін ғажайыптың ғаламат айнасы да мәдениетке көңіл бөлу не бөлмеу арқылы жеке адамдардан бас­тап бүкіл қоғамның да жоғалт­қа­ны мен тапқанын анық айта алмайды. Айта алмайтыны, мәдениет – ешқашан ештеңемен өлшеуге болмайтын баға жетпес байлық. Мәде­ниет­тің жеке адамнан бастап бүкіл адамзатқа жасар ықпалы мен тигізер шапағаты ешқандай өлшеумен сал­мақ­тауға сыймайды.

Имандылық пен мәдениет егіз­ден егіз. Мәдениетті адам имансыз, иманды адам мәдениетсіз бола алмайды. Өкінішке қарай соңғы жылдары біз мәдениетке деген мешеу көзқарастың тар шеңберінен шыға алмай қалдық. Оған қоса мәдениеттің ұлттық түп-тамырына балта шабуға дейін бардық. Ұлттық санамызды әлсірету арқылы мәдениеттің ұлттық нәрі мен әрін де жоғалтып ала жаздадық. Мәдениетті идеологиялық құрсаулармен қысып, оның еркін ұшар қуатты қанатын еркіндігінен айыруға дейін бардық. Қашан, қай мәдениет болмасын жүйелі түрде тоқтаусыз дамыса ғана өлшеусіз өспек. Өкінішке қарай, Қазан төң­керісінен кейін қазақ даласына, өміршіл, әкімшіл орталық арқылы жеткен Батыс мәдениетінің көлең­келі жақтарына көзсіз еліктеу ұлттың ұлттық болмысын көрсете­тін, жан дүние байлығын жайып салатын ұлттық ерекшеліктерден айыра бастады. ХІХ ғасырда гүлдену дәуірін басынан кешкен, адамзат тарихына Абай, Шоқан, Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал сынды алыптарды берген қазақ мәдениеті идео­ло­гияның тар қапасына қамалып, бірізділіктің шеңберінен шыға алмай қалды. Аты белгісіз арғы замандар­дағы тасқа жазылған жазулар мен ойып салынған ойлы суреттер, Алматы іргесінде табылған Алтын киімді адам, қазақ қолөнерінің шыңы – киіз үй мен сәулет өнерінің үздік үлгісі Қожа Ахмет Ясауи, Айша Бибі кесе­нелері – қазақтың ұлттық мәдение­тінің менменсінген Еуропа мен асқақтаған Азияның, тәкаппар  Таяу Шығыстың қай елімен болса да терезесінің тең тұрғанының дәлелі болса керек.

Өзекті өртер бір өкініш – бүгінгі ұрпақ әрісі шетел, берісі туысқан республикалар мәдениеті тарихынан хабардар да, өзінің ұлттық мәдение­тінің қайнар көздері мен тарихын жете біле бермейді. Біздің ғалымда­ры­мыз орыстың «Игорь полкы туралы жыры» мен қырғыздың «Манасы» жайлы ойлы, мазмұнды зерттеулер жазды. Белгілі зерттеушілердің құнарлы қаламынан туған құнды еңбектер ұлттық рухани қазынамыз­ды байытуға өзіндік үлес қосты. Дей тұрсақ та, халықтың тарихы мен мәдениетін сарыла зерттеп, сапалы еңбек беріп жүргендер қатарының әлі де селдір екендігін ашық айтуымыз керек. Соның салдарынан қазақ­тың бай тарихы мен мәдениетін өзге жұртқа танытпақ тұрмақ, өзіміз де әлі толық тани алмай отырмыз. Бі­лім­­сіздіктің үлкені тарихың мен тегіңді, ұлттық мәдениетің мен қай­нар бастауларыңды білмеу.

Мәдениет көктемеген жерде, эко­номика да көгермейді. Ондай орта­да қуатты қоғам болуы да мүм­кін емес. Тарих тағылымы көптеген қуатты мемлекеттердің күйреуінің басты себебі әскери қуатының немесе экономикасының әлсіздігінен емес, қоғамның имансыздығы мен мәде­ниет­сіздігінен деп талай рет дәлел­деген. Осы ойларға ортақтасар бол­сақ, біздің қазақ халқының алдында ұлт­тық сана мен ұлттық мәде­ниетті көтеру бағытында істелер істің ұшан-теңіз көптігіне көз жетеді.

Кең байтақ қазақ даласында тарихи, мәдени ескерткіштер  аз емес. Бірақ өкінішке қарай сондай мәдени байлықтарымыз жайлы көп томдық энциклопедияны былай қойғанда, күні бүгінге дейін шет жұртқа көр­сетіп, сыйға тартар сәнді анықтама – альбомдарымыздың өзі жоқтың қасы. Қазақстандағы жалпы саны 25 мың болатын тарихи және мәдени ескерткіштер кең даламыздың әр қиырында тарыдай шашылып жатыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Оңтүстік өлкесінде болса, Жошы хан кесенесі Орталық Қазақстанда. Міне, осы қымбат қазыналар жайлы киноленталар жасап шығарсақ, қаншама ұлттық қазынамыз барын әлемге паш етер едік. Басқасын былай қойып, қазақтың бір ғана киіз үйі жайлы ғажайып ғылыми-көпшілік таспа жасауға болмас па еді?! Пат­шалық Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатын жүзеге асыруға атсалысып, халқымызды қынадай қырған қанішер Ермакка Кеңес өкіметі кезінде қаланың атын да беріп, оған зәулім ескерткіш қойдық. Ұлтымыз­дың мақтанышы Махамбет, Жұмай Тәшенов, Ақан сері, Құрман­ғазы сынды алыптарға күні бүгінге дейін астана төрінен орын таба алмаймыз. Осы да әділеттілік пе? Жидебайдағы Абайдың, Сырымбеттегі Ақан серінің әдеби музей-қорығын жасау да көп кешіктірмей жүзеге асырар келелі міндеттің бірі болса керек.

Қазақ мәдениетінің көп томдық тарихын жасауды бұдан әрі кешеуілдете берудің жөні жоқ. Біздің тарихы­мызға байланысты материалдар Қытай, Сирия, Түркия, Иран, Үндістан тәрізді шет мемлекеттер мен Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Орынбор, Уфа, Баку, Қазан, Улан-Удэ архивтерінде сарғайып жатыр. Соны іздеу, табу, жариялау қажет. Ол үшін араб алфавитін, шет тілі білетін білік­ті жастарды көптеп оқыту керек. Біз өз мәдени тарихымыздан гөрі шетел мәдениетінің тарихын жақсы­рақ білеміз, соған көбірек көңіл бөлеміз. Ұлттық шеңбермен шеттеліп қалғанымыз жақсы, әрине, алайда, өзімізді өзіміз танымауымыз жақсы­лық емес. Адам алдымен өзін білмей тұрып, өзгені біле алар ма, өзін құр­мет­темеген адам өзгені құрметтей алар ма?

Жеке адамның да, қоғамның да даму деңгейі ең алдымен мәдениет­пен өлшенеді. Мәдениет, имандылық, интеллектуалдық потенциал қоғам­ның қазіргі хал-ахуалы ғана емес, оның болашағын да анықтайды. Бола­шақ – жастардікі, көкөрім балалардікі! Олай болса бүгінгі жас ұрпақ бұл қағиданы әркез жадында ұстауы ләзім. Ал мемлекеттің міндеті – мәдениеті, оның қайнар бұлағы  – әдебиетті көздің қарашығындай сақтау! Әлемді құтқаратын – мәдениет.

Сәбит ДОСАНОВ,

Мелекеттік сыйлықтың  лауреаты

Алматы қаласы

 

Соңғы жаңалықтар