3 Маусым, 16:53 444 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Үйінде арыстан асыраған азаматқа айыппұл салынды

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

Жас жігіт Ресейде африкалық арыстанның күшігін сатып алып, оны ешқандай рұқсатсыз Қазақстанға алып келген, – деп жазды ҚазАқпарат.

«Смағұлов Даниял Амангелдіұлы Әкімшілік кодекстің 389-бабы бірінші бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 27 780 теңге көлемінде айыппұл салынсын және 2019 жылдың бесінші қарашасында туған Симба есімді африкалық арыстанның күшігі тәркіленсін», – деп шешім шығарды Павлодар қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Серік Марданов.

Соттың мәліметі бойынша, 9 сәуірде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шара барысында әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде 23 жастағы Даниял Смағұловтың африкалық арыстан күшігі бар екені анықталды. Белгілі болғандай, ол 31 наурызда жабайы жануарды Ресейден сәйкес рұқсат құжатынсыз Қазақстанға әкелген. Арыстан күшігі Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға жататын болып шықты. Оған осылайша әкімшілік құқық бұзды деген айып тағылды. Жігіт сотта кінәсін мойындады.

«Ол африкалық арыстанды әкелуге рұқсат құжатын алмағанын түсіндірді. Ол жануарды 2020 жылдың 11 ақпанында РФ «Амурский тигр» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастығынан сатып алып, Қазақстан Республикасының аумағына алып өткен», – деп хабарлады соттан.

Сот ісіне қатысқан Павлодар облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Қабдулла Суханқұлов африкалық арыстанның жойылу қаупі бар жануарлар түріне жататынын және Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға енетін осындай жануарларды әкелу үшін міндетті түрде рұқсат құжаты болуы керектігін атап өтті.

«Жануардың жеке карточкасы болған. Оған сәйкес, арыстанның күшігі РФ «Амурский тигр» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастығында (Примор өлкесі Шкотово ауданы Шкотово кенті) туған. Симба атты африкалық арыстанның халықаралық ветеринарлық төлқұжаты бар, алайда африкалық арыстанды алып өтуге рұқсаты болмаған», – деп атап өтті Павлодар қалалық мамандандырылған әкімшілік сотынан.

Соңғы жаңалықтар