Мүгедектігін дәлелдей алмай жүр

Мүгедектігін дәлелдей алмай жүр

Мүгедектігін дәлелдей алмай жүр
ашық дереккөзі
Бақытгүл Ғибадатқызы – үш қыз асырап отырған жалғызбасты ана. 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келген. Қазір Алматы облысы, Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында туысқандарының шатырында тұрып жатыр. Қандасымыздың қазіргі жағдайы ауыр. Пәтерден-пәтерге көшіп жүріп жұқпалы дертке шалдыққан. Қос өкпесін қолына ұстаған Бақытгүлді аурумен қатар, әлеуметтік тұрмыс-тіршілік те сарсаңға салып отыр. – Қадірлі отандастар және құзырлы орындағы басшылар, амалсыздан сіздерден көмек сұрап отырмын. Мен қазіргі уақытта туберкулез ауруы бойынша тізімде тұрмын. Екі жылдай уақыт болды. Аллаға шүкір, қазір тәуірмін. Кезінде өте ауыр халде ауруханаға түстім. 8 ай ауруханада жатып, емделіп шық­тым. Жұмысқа жарамсыз деп таныды. Дәрі­герім мүгедектікті рәсімдейтін құжаттар жинат­ты. Жамбыл ауданындағы мемлекеттік әлеу­меттік сараптамаға (МӘС-ке) барып едім, мүгедектікті растайтын анықтаманы бермеді. Сонымен бір жылда МӘС-ке төрт рет бардым. Олар ондай анықтаманы маған беруден үзілді-кесілді бас тартты. Небір сылтауларын айтып, шығарып салады. Рентген қағазын көрді, өкпенің қандай жағдайда екенін біліп отыр. Операция жасауға да келмейді. Алайда МӘС қызметкерлері операция жасалған жағ­дайда ғана мүгедектік тағайындалады дейді. Бұл не сұмдық? Онсыз да екі өкпем бір­дей фиброз бола тұра маған мүгедектік неге беріл­мейтінін түсінбедім, – дейді Бақыт­гүл бар­­маған жер, қақпаған есігі қалмағанын айтып. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департа­ментіне, аудандық Nur Otan партия бөліміне хат жазған көрінеді. Құзырлы орындардан келген жауапта, бұл істі жергілікті МӘС шешеді депті. Ал Жамбыл ауданының МӘС қызметкерлері (сол кездегі комиссия мүшелері Зәуреш Ұланқызы және Ербол Төлепбергенұлы) қанша барып, арызданса да, оған ондай анықтама бермейтінін айтқан. – Соңғы айтқандары, егер қол-аяғың аузыңа жетпей, тамақ іше алмай, жағдайың қиындаса ғана мүгедектікті растайын анық­таманы береміз дейді. Тіптен МӘС-тің шеші­мі­не мені емдеп жүрген дәрігерім де аң-таң. Туберкулез деген жұқпалы ауру. Жұмыс іс­тей­­мін деп басқаларға жұқтырып алмай­мын ба деп те алаңдаймын. Қазіргі уақытта демалу процесін 50 пайыз ғана істейді. Үйдегі майда-шүйде жұмысты істегенге екі өкпем аузыма тығылып, ауа жетпей қалады. Осыдан кейін мені кім жұмысқа алады?  Ешкімге қол жаймай-ақ, сол мүгедектікті алмай-ақ өмір сүрермін деп жүр едім. Ол үмітім де су сепкендей басылды. Өйткені мен бір-екі апта бұрын қатты демікпе болып ауырып, терапевтке бардым. Сөйтсем дәрігерім сосылмалы ауру бойынша тізімге аламыз дейді. Бір өкпе істемегеннен, екінші өкпеге күш түсіп, демігу пайда болады екен. Бірінен құтылсам, екінші дерт меңдеп алды. Дұрыстап демала да алмаймын, ешкімге дұрыстап түсіндіріп де айта алмаймын, өйт­кені туберкулез ауруымен ауыратындарға қо­ғам­ның көзқарасы белгілі. Өз туған-туы­сың да шеттетеді. Бұл да маған ауыр тиіп отыр. Сөз соңында сіздерден сұрарым мүгедек­тікті әділ, заңды жолмен алуыма көмектес­сеңіздер, – дейді Бақытгүл Қибадатқызы. Әрине, жап-жас адамға мүгедек болып үйде отыру да оңай емес. Бірақ Бақытгүлге бұдан өзге оңтайлы жолы болмай отыр. Мұндай жұқпалы дертке ұшыраған адам­дардың құқығын кім қорғайды? Өйткені Бақытгүлдің айтуына қарағанда, қазір оларға ешкім пәтерін жалға бермейді. Жалға берген жағдайда шығарып жібереді. Себебі белгілі.