Ағайын атажұрттан алыстамасын десек...

Ағайын атажұрттан алыстамасын десек...

Ағайын атажұрттан алыстамасын десек...
ашық дереккөзі
Тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп отырған ұлттың басты қорға­ны – мемлекет және оның мызғымас шекарасы болса, этникалық топтар­дың қорғаны – тілі, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, демографиясы және тарихи Отаны. Қазір атажұрттан жырақ әлемнің 40-қа жуық елінде қандастар өмір сүріп жатыр. Олардың басты мұраты – жаһан­дану дәуірінде жатқа жұтылып кетпеу, ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу. Осы тұрғыдан алғанда, оған дәнекер болар негізгі басымдықтар – білім, мәдениет, әдебиет және ақпарат саласы. Блім саласы бойынша «Отандастар қоры» Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, алыстағы ағайын үшін онлайн кітапхана жүйесін енгізуде. Кез келген уақытта әлемнің қай түкпірі­нен болсын, қазақша білім алуға мүмкін­дік бар. Рухани-мәдени байланыста өз деңгейінде жүзеге асып жатыр. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қандастар тұратын елдерде орталықтар ашып, ты­ғыз байланыс жасауға атсалысуда. Айта кету керек, кейбір елдің ішкі заң­дарына байланысты ондай орталық­тар ашуға мүмкіндік болмай отыр. Ал ақпарат саласына келсек, қазір әлемнің біраз елінде қазақша хабар тарататын телерадио, газет-журнал және интернет сайттар бар. Атап айтқанда, Ресейдің Астрахан, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы Алтай автономиялық облысы, Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары, Монғолияның Баян-Өлгей және Қобда аймағы, Өзбекстанның Науаи, Сырдария, Бұхара, Ташкент облыстары мен Қарақалпақстанның Нөкіс қала­сы, Иранның Горган, Бердітүрікмен, Домбат қалалары, Түкіменстан, Қырғыз Республикасы және Еуропа елдерінде қазақ тілінде шығатын (бейресми деректер бойынша), жиыны 150-дей ақпарат құралы бар екен. Шеттегі қазақтың тілін сақтау, тығыз байланыс орнату, олардың жағ­дайын білу үшін БАҚ қажетті тетік. Ал бө­тен елде қазақша ақпарат тарату да оңай шаруа емес. Бұл ой бізден бұрын да биік мінберде айтылды. Өткен жылы қарашада «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен қандастардың тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақ­тас­ты­ғын одан әрі дамыту үшін жағдай жасау мақсатындағы мемлекеттік тапсырма аясында «Отандастар. Болашаққа бағдар» деген тақырыпта халықаралық басқосу өтті. Жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев және сол кездегі Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бердібек Сапарбаевпен бірге «Отандастар қорының» президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қазақ­та­ры қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасыры Зауытбек Тұрысбеков қатыс­қан болатын. Сол жиында шетелдегі қазақтілді басылымдарды жыл сайын марапаттап отыру жайы да сөз болған еді. Айтылған сөз айтылған жерінде қалғандай болды ма, содан кейін бұл мәселе ұмыт бола бастағандай. Жыл сайын бір шетелдік қандасымыз марапатталып қайтса – ол шетелде­гі қазақ тіліне жасалған құрмет болар еді.

Шеттегі қазақ әдебиеті

Шетелде тұрып та қазақ әдебиетімен айналысып жатқан қаламгерлер көп. Олардың тіптен кейбірінің атағы атажұртқа да жетіп жатады. Осындағы басылымдарға шығармалары жарияланып, есімі елге белгілі болғандары қанша­ма? Олар да шеттегі ағайынның тілін, мәд­ениетін сақтап қалуда үлкен еңбек сіңі­ріп отырғаны рас. Қытайда қайтыс болған жазушы Қажығұмар Шабданұлының есімі «Қылмыс» романымен елімізге етене таныс. Ақын Омарқазы Айтан, жазушы Жақсылық Сәмит шығармалары Қытай­дағы қазақтардың рухани-әдеби қуаты іспетті. Қытайдағы мемлекеттік  деңгейдегі сыйлықтың иеге­рілері, жазушы Жұмабай Біләл және  ақын Ерлан Нұрдыхан қатарлы қаламгерлердің есімі ғана емес, шығар­малары да елімізге таныс. Сол сияқты Моңғолияда Парламент депутаты болған жазушы Сұлтан Тәукей, ақын Сұраған Рахметұлы, Жанат Боқаш, Байыт Қабан қатарлы қаламгерлер бар. Әлемнің басқа да елдерінде біз әлі де есім-сойын біле бермейтін ақын-жазу­шылар көп. Әдебиет, өнер ұлтқа бөлін­бей­ді. Дейтұрғанмен, олар әуелі өз халқы үшін жазады. Шығарма қай тілде жазылса, сол ұлттың рухани қазынасы болып қалады. Ақын Есенғали Раушанов баспасөзге берген бір сұхбатында: «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы марқұм Қалдарбек Найманбаев ағаның идеясымен жүзеге асып едi. Ондағы негiзгi мақсат шеттегi 5 миллион қазақтың тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн қорғау, қолпаштау болатын. Шетте де қаншама қазақ жазушылары жүр. Анау Тарбағатайда Қажығұмар Шабдан деген ағамыз өттi дүниеден. Мықты болсақ, сол ақсақалға Мемлекеттiк сый­лық берер едiк. Бiзде қайтыс болған­нан кейiн де талай тұлғаларымызға Мемлекеттiк сыйлық берiлдi. Бүгiнгi қазақ көркем әдебиетiнiң деңгейiмен қарағанда Қажығұмар ақсақалдың еңбегi одан төмен болуы, тiптi оқылмауы да мүмкiн. Әңгiме онда емес. Сөз қазақ деген атқа келiп тұмсық сүйеп тұр. Соны жүйелесек, ел екенiмiздi, қазақшалап айтар болсақ, дөңайбатымызды шетелдiк әдеби жұртқа бiр көрсетiп алар едiк», – деп «Алаш» сыйлығының әуелгі мақсаты мен кейінгі жай-жапсарын да тілге тиек еткен еді. Қазақ халқы үшін «Алаш» сөзі қашанда ардақты. Қазақ елінің дербес ел болып қалыптасуына ХХ ғасырдағы Алаш арыстарының ықпалы зор болды. Олар тек саяси қайраткер ғана емес, өнер, әдебиет, ғылым болсын қай саланың да алғашқы тағанын қалады. Сол себепті де халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы әу баста «негiзгi мақсат шеттегi 5 миллион қазақтың тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн қорғау, қолпаштау» дегенмен «Алаш» ұғы­мы исі қазаққа ортақ болғандықтан ау­қы­мы кеңейіп, барша қазақтың озық әдеби шығармасына берілген болуы мүм­кін. 1992 жылдан бастап, ұзын-ырғасы 176 адамға «Алаш» сыйлығы беріліпті. Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай және Испания қатарлы елдердің бірқатар қаламгерлері (аудармашылар) «Қазақ әдебиетін насихаттаудағы еңбегі үшін» лауреат атаныпты. Айтайын дегеніміз, қазір шетелде өмір сүріп жатқан қазақтың тілі, мәде­ние­ті, әдебиеті қазақтан басқа халық­қа қаже­ті шамалы. Ал оларды қолдау, қорғау, ынта­ландыру – қарашаңырақ Қазақстан­ның, соның ішінде Қазақстан Жазушылар одағының көтерер жүгі деп білеміз. Біз аталған сыйлықтың мән-жайын білу мақсатында, белгілі ақын, Мем­ле­кет­­­тік сыйлықтың иегері Қазақ­стан Жазу­­шылар одағының төрағасы Ұлық­бек Есдәу­летке хабарласып, халықа­ралық «Алаш» әдеби сыйлығы жайлы сұрап көрдік.  

«Отандастар қоры» қолдаса

– Халықаралық «Алаш» сыйлығының негіз­гі бағыты туралы айтып берсеңіз. – Бағыты – көркемдік деңгейі жоғары әдеби шығармаларға беріледі. Қаржылық жағдайға байланысты кейбір жылдары берілмей қалады. Демеушілердің қолда­уына сай жақсы шығармаларға «Алаш» сыйлығы беріліп, қаламгерлер ынталандырылып отырады. Басқа да әдеби сый­лықтар секілді өзінің талабы болады.  width= – Мұны сұрап отырған себебіміз ақын Есен­­ғали Раушанов бір сұх­ба­тын­да «бұл сый­лық шеттен келген және шетте жүр­­ген қандастарға бағыт­талған еді» деп­ті. – Ол сұхбаттан кейін де талай қаламгер алды. Қытайда тұрған бір қандасымызға берілді. Халифа Алтайға Құран Кәрімді аударып шығарған еңбегі үшін берілген болуы керек. Одан кейін менің анық білетінім Қытайда көзінің тірісінде «Қыл­мыс» романын жазған Қажығұмар Шаб­дан­ұлына берілді. Ол кісінің Алакөл жақ­та тұратын інісінің балалары келіп сый­лықты алып кетті. Мен мұны өз көзім­мен көрдім. 1999 жылы болу керек, менің «Заман-ай» деген еңбегіме осы «Алаш» сыйлығы берілді. Қажығұмар Шабданұлы, Әмірхан Меңдеке және мен үш адам алдық. Бұл сыйлық мемлекеттік қордан бері­ліп жатқан сыйлық емес. Және қазақ әдебиетті жүйелі түрде аударылып та жатқан жоқ. Бұған жыл сайын неге берілмейді деуге келмейді. Бұл сыйлықты бір адам шешпейді. Оны арнайы комиссия қарайды. Жылдық қорытынды өтеді әр жыл сайын. Сол жерде үздік деп табылған шығармаларға беріледі. Кейбір жылдары қаржылық мәселеге байланысты бірнеше жылға біріктіріп беретін де кез болады. Былтыр мысал үшін алдыңғы жылдыкін қосып, үш жылға бір-ақ берілді. Өйткені оның алдындағы жылдар Одақта қаржы болмады. Одан кейін өзім кірістім. Кәсіп­кер азаматтар қолдады. Одан бөлек, басқа да шетел қалам­гер­ле­рінің ішінде алғандар бар. Былтыр екі шетелдікке бердік. Испан ақыны Хусто Хорхе Падронға және бауырлас Әзербайжан ақыны Акбер Гошалыға қазақ әдебиетін насихаттаудағы еңбегі үшін берілді. Биыл да сыйлықтан үміткерлер бар, өздерін ұсынып жатқан. Біз әлі оған қорытынды өткізген жоқпыз. Қазіргі пандемияға байланысты жобаларымыз тоқтап тұр. – Мысалы, Абайды, Махамбетті және өзі­ңіздің «Киіз кітап» деген шығарма­ңызды моңғолша аударған Жүкел Хамай және Қытайдағы Абайды қы­тай­ша аударып, насихаттап жүр­ген Әкбар Мәжит бар. Белгілі ақын Сұра­ған Рақметұлы секілді қазақ әдебие­тін шетке насихаттап жүр­ген қандас­та­­рымыз дәл осы сый­лық­қа лайықты сияқты. Сыйлық­тың әу бастағы мақсаты да шеттегі ағайынға арнал­­ғаны және бар. Бұл жағынан «Отан­дастар қоры» да қолдауы мүм­кін ғой? – Дұрыс айтып отырсың. Бәрі де лайықты азаматтар. Бірақ бәріне бір жолда беру мүмкін емес. Әр кезде ретіне қарай беруге тырысамыз. Ал енді өзің айтқандай «Отандастар қоры» қолдап жатса, тіптен жақсы ғой. Бірақ «Отандастар қоры» енді-енді құрылып, жұмыс істей бастады. Оның бір мүшесі өзім. Әрине, қандастарға қажетті іс-шараларды ұйымдастырып, барынша қолдау білдіріп жатыр. Бірақ мұндай сыйлықтарды қаржыландыра қойған жоқ. Келешекте оның да реті  келер.

Бақытбек ҚАДЫР