26 Мамыр, 18:40 2327 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Пойыз вагонының үстіне мініп суретке түспек болған жігіт күйіп қалды

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

Жамбыл облысында пойыздың вагон-цистернасына мініп, фотоға түспек болған Шу қаласының 20 жастағы тұрғыны күйіп қалды, – деп хабарлады жергілікті Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ҚазАқпарат ұсынған ақпаратта 24 мамыр күні Шу қалалық ауруханасының қызметкерінен жедел медициналық жәрдем бригадасының күйік шалған жас жігітті шұғыл жеткізгені туралы хабарлама келіп түскені жазылған. Тексеру барысында полицейлер зардап шеккен азаматтың Шу қаласының 20 жастағы тұрғыны екенін анықтады.

«Бұл азамат 24 мамыр күні сағат 20.30-да фотосуретке түсу үшін Шу станциясы паркінің электрлендірілген жолындағы жүк пойызының құрамында тұрған вагон-цистернаға өрмелеп шыққан. Абайсызда ол жоғары вольтты желі сымына түсіп қалған. Нәтижесінде ол 50 пайыз дене және аяқ-қолының І-ІІ-ІІІ дәрежелі электротермиялық күйігін алды. Бұл факт ҚР ҚК-нің 344-бабы 1-бөлігі, яғни, темір жол көлігі қозғалысының қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Жазатайым оқиға бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – делінген КПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, биыл жыл басынан бері көлік полицейлері темір жол төсемінің белгіленбеген жерінен өткен 9 569 азаматты анықтап, әкімшілік жауапқа тартқан. Сонымен қатар, адамдардың болуына байланысты поездарды шұғыл тежеудің 184 фактісі тіркелген. Оның ішінде ағымдағы кезеңде темір жол көлігінен жарақат алудың 44 фактісі тіркеліп, өкінішке қарай оның жартысынан көбі қайтыс болған.

«Темір жолдар – жеке қауіпсіздік талаптарын сақтаған азаматтар үшін қауіпті емес. Әрбір азамат қауіпсіздік талаптарын толық орындауға міндетті. Бұл өз денсаулығы мен өмірі үшін өте маңызды», – деді полиция полковнигі.

Соңғы жаңалықтар