Баспагер-полиграфист мамандығы  

Баспагер-полиграфист мамандығы  

Баспагер-полиграфист мамандығы   
ашық дереккөзі
  Бүгінгі күні полиграфия саласы аса қарқынды даму үстінде екені баршаға аян. Полиграфия саласының кеңінен дамуына - сандық технологиялардың жетістіктері, Интернет жүйесінің кеңінен таралуы, баспа және полиграфиялық үдерістердің әртүрлі аса қуатты бағдарламалармен қамтамасыздандырылуы, полиграфиялық өндірістердің автоматтандырылуы мен дәстүрлі кәсіпорындарға түбегейлі өзгерістердің енгізілуі әсер етуде. Еліміздегі баспа өнімдеріне деген сұраныс, олардың күнделікті өмірде үздіксіз қолданылуы, отандық және шетелдік табысты тәжірибелер - полиграфиялық бизнестің барынша ұтымды кәсіпкерлік көзі екенін айғақтауда. Полиграфия өндірісінде орындалатын технологиялық үдерістер негізгі үш кезеңнен - басуға дейінгі, басу және кітапшалау-түптеу (өңдеу) үрдістерінен тұрады. Әрбір полиграфиялық кәсіпорынның ерекшеліктеріне қарай басуға дейінгі үдерістерде болашақ басылымның дайын электронды көшірмесі қабылданады, не тапсырыс қабылданып, мәтіндерді теру, бейнелерді өңдеу, дайын мәтін-бейне материалдарын беттеу және т.с.с. кітаптың беттерін басуға дейінгі атқарылатын жұмыстар, осы полиграфиялық кәсіпорынның басуға дейінгі өндірістерінде орындалады.  Яғни, өндірістің басуға дейінгі кезеңінде – мәтіндік және бейнелік ақпараттарды өңдеу, безендіру, оларды беттеу, фотоқалыптардан формалық пластиналарда монтаж дайындау, осы пластиналарды өңдеу, формалық пластинада пайда болған жасырын мәтін-бейне материалдарын айқындау, айқындалып шыққан формалық пластинаны жуу арқылы дәстүрлі басу қалыптарын жасау немесе жаңа Ctp санды технологиялары негізінде басу қалыптарын тікелей басу машинасында даярлау үдерістері орындалады. Келесі кезеңде, яғни, баспахананың басу өндірісінде, баспагерлер – дайын болған басу қалыбының полиграфиялық басу жабдығында бекітілуін, қалыптың оң жақ бетінде орналасқан мәтін-бейне материалдардың, келесі кері беттері орналасқан басу қалыбындағы мәтін-бейнелерге сәйкестілігінің дәл келуін және түрлі-түсті өнімдердегі түстердің нақты түсуін қадағалап, қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді. Басу өндірісінен басылып шыққан өнімдерді өңдеуге арналған үшінші кезеңдегі технологиялық үдерістердің құрамы әртүрлі болады. Себебі, басылымның құрылымдық ерекшеліктеріне қарай, орындалатын технологиялық үдерістер де әртүрлі болып келеді. Мысалы, картонды мұқабамен түптелген кітапты дайындау үшін, кітапшалау-түптеу үдерістерінде көптеген қосалқы операциялар орындалады. Арнайы түптеу материалдары мен картондары кітаптың өлшемдеріне сәйкес пішіліп, құрастырылып, желімденіп, кітаптың сыртына бекітілетін қатты түптеу мұқабалары дайындалады. Жұмсақ мұқабалы кітапшаларды әзірлеу үшін тек кітапшалау үдерісі ғана қолданылады, себебі жұмсақ мұқабаларды даярлауда картонды, арнайы мұқабалық материалдарды кесіп-пішуді талап ететін түптеу мұқабаларын әзірлеудің және бумаларды өңдеудің қажеті жоқ. Әрі қарай орындалатын технологиялық үдерістерге басылымдарды безендіру немесе «алтын-күміс» түсті материалдармен немесе бояулармен өңдеу, «жалтырату», бедерлеу, оймалап кесу және т.с. сияқты операциялар жатады. Бұл үдерістер - полиграфиялық өңдеу-безендіру жұмыстары деп аталады. Бұл үдерістердің орындалуы арнайы жабдықтар мен қосымша материалдарды талап етеді. Осылай өңделіп, безендірілген баспа-полиграфиялық өнімдер нарық талаптарына сай сапалы да көркем болып шығады.      

Бәтіш ОМАРОВА, Ақмөлдір ТЛЕПБЕРГЕН, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 Журналистика факультеті