14 Мамыр, 16:43 384 0 Тарих "Түркістан" газетінің авторлары

Аңырақай шайқасы

1723–1730 жылдарғы Отан соғысы әйгілі Аңырақай шайқасымен қорытындыланды. 1730 жылғы сәуірде жоңғар қонтайшысы Галдан Церенмен (Қалдан Серенмен) бейбіт келісімшарт жасасу арқылы «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши түскен қантөгісті азаттық күресіне жеңісті нүкте қойылды. Аңырақайдағы ұлы жеңіс халқымыздың этностық бірлігін, біртұтастық сезімін арттырды. Жауынгерлік рухты нығайтты. Жүздер мен ру-тайпалар арасындағы ауызбіршіліктің маңызын  паш еткен сонау тарихи жеңіске биыл 290 жыл толып отыр. Осы датаға орай сол кезеңге қысқаша шолу жасайық.

Жоңғар хандығы әскерінің 1723 жылы тұт­қиылдан шабуылдаған қанқұйлы шап­қын­шылығы екпініне Қазақ хандығы төтеп бере алмай, барша оңтүстік жазира, қазақ елі­нің астанасы Түркістан, өңірдегі қала­лар­дың бәрі жау қолында қалды. Жұрт шұ­бырып кетті. Елді «Ақтабан шұбырынды, Ал­қакөл сұлама» қасіреті жайлады. 1719 жыл­дан аға хан мәртебесіндегі Әбілқайыр баһадүр аз ғана жасағымен Қарақұм аума­ғына ауысуға мәжбүр болып, сол аймақтағы жігіттерден жаңа қол құрған. Бірақ бас­қын­шы жайлаған өлкеге емес, терістік-батысқа ат­танған. Мақсаты – сол жақтан төніп тұр­­ған қатердің алдын алу-тын. Өйткені он­­дағы Қалмақ хандығы үшін қансырап жат­қан қазақ елін оп-оңай шауып алу мүм­кін­дігі туған еді. Сөйтіп жұртты қырып-жойып келе жатқан Жоңғар хандығы әске­рімен бірігуі, сөйтіп қазақтардың елдігін жойып, екі қандас хандықтың біртұтас мемлекеттік құруы ықтимал еді. Әбілқайыр хан дұшпанның осындай пиғылының алдын алып, жоспарын күл-талқан етуді көздеген. Әскери шарасы діттегеніне жетті. Қалмақ қолының бетін қайтарды. Сосын ұшқыр жасағымен 1724 жылы ұлы дала тө­сінде түстік-шығыс бағыты бойынша құйындата шапқылады. Жолшыбай түрлі бекеттер салып тастаған жоңғарлармен қиян-кескі ұрыс сала отырып, оңтүстік ай­маққа бұзып-жарып кірді. Жаужүрек сарбаздарымен қазақ астанасын жаудан бірден тазартқан. Өлкедегі басқыншы аяғы астында қалған өзге қалаларды, барша жер-суды, ұзын саны отыз екі ұлысты азат еткен. Бірақ аймақтағы осынау жеңімпаз шеруін, өңірді басқыншыдан өзіне қайтарып алған қанды шайқастардың салтанатты нәтижесін баянды ете алмады. Алты-жеті айдан кейін, 1725 жылы, аймақты қайта тастап кетуге мәжбүр болды. Сондағы жорықтарын еске түсіріп саралай келе, ордасы орналасқан Түркістан шаһары мен оның айналасын жаудан бо­сатқан қалпы, тұрақты ұстап қала ал­мауы­ның себебін іздеді. «Ақтабан шұбырынды» салдарынан қалыптасқан жағдайда елді, жер-суды сақтау және қорғауға байланысты өзінің тарихи міндетін ол адал атқарып келе жатқан. Қарамағындағы әскери күштің жаужүректігінде, соғысу өнеріне жақсы ма­шықтанғанында, ондық, жүздік, мыңдық топтардан жасақталған құрылымының үйлесе әрекет ете алғанында күмәні жоқ. Ол жауынгер сарбаздары мен сардарларына кінә арта алмайды. Солармен бірге сауыт шешпей, аттан түспей, жалпақ қазақ даласын терістік-батысы мен оңтүстік-шығысы аралығында әрілі-берілі көктей өтіп әлденеше әскери жорықтар жасады. Сол жеңісті жорықтары барысында ел-жұртқа өзінің аға хан мәртебесін іс жүзінде мойындатты. Енді ол қазақ мемлекетінің басшысы, аға ханы ретінде, елді жаудан тұтастай азат етуі тиіс-тін. Бұл үшін дүлей басқыншыға қар­сы бүкіл халықты көтеру қажет. Баянды күрес­тің кілті сонда. Осы уақытқа дейінгі жеңістерін баянды ете алмауының себебі мен сыры сол кілтті өзі мен үзеңгілестерінің дұрыс пайдалана алмағандықтарында. Хан жіберілген қателіктерді түзеу жолдарын парықтады. Жауға қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шайқасу мәселесін тұңғыш рет 1710 жылғы Қарақұм құрыл­тайы қозғаған. Кәдімгі өзін ақ киізге отыр­ғызып хан көтерген құрылтай. Қазіргі жағ­дайда тап сондай жаңа басқосу ұйым­дастыру қажет. Бұл кезек күттірмейтін шара болуы керек. Аға ханның мұндай көзқарасын Орта жүз басы Сәмеке хан бірден қолдайды. Ол батыс пен солтүстіктегі жер-су кикіл­жіңдерін шешуге Әбілқайыр ханның өзімен бірге тікелей атсалысып жүрген. Сол шақта оңтүстік аумақ пен Жетісу өлкесі толы­ғымен жоңғарлар қоластында жатқан. Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс хан басқыншы әкімшілікке бодан ретінде түрлі алым-салығын беріп, Ташкент сынды шаһарда тәуелділік ахуалда күн көріп отырған. Осы тоқтамды соған тез жеткізу керек. Тек оған емес, ең алдымен ордабилерге, яғни елдегі жүз­дер билеріне, сондай-ақ аймақтардағы бар­лық би, батыр, рубасы, бас адамдарға және ақсақалдарға. Аға хан Әбілқайыр баһадүр бекем шешім жасады. Ол елдің аға ханы лауазымымен 1719 жылы қазақ астанасы Түркістанға орныққанда, соңынан батыс өлкедегі Кіші жүзге қарасты ел-жұрт ішінен көп ауыл сол аумаққа көшіп келіп қоныстанған. Жаз айларында аға ханның көшпелі ордасы солардың арасына – Арыс суының саласы Бадам өзенінің алқабына тігілетін. Сол себепті де сондағы Ордабасы ата­латын жерді жаңа бүкілхалықтық құрыл­тай өтетін орын етіп белгіледі. Шұғыл түр­де жан-жаққа хабаршылар аттандырылды...

Жоңғар басқыншылығына қарсы кү­рес­пек халықтың ахлақи рухын нығайтқан, шешімталдықпен азаттық соғысын жүр­гізіп, жанқиярлықпен шайқасу үшін үш жүз­дің біріккен қолын құруға бекем байлам жа­саған әйгілі мәжіліс 1726 жылғы күзде Ордабасыда өтті. Осы тарихи құрылтайға бай­ланысты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды үш ұлы тұлғаның есімдері ерекше құрметпен айтылатыны мәлім. Олар барлық қазақ ру-тайпаларын жоңғарларға қарсы күреске топтастыру мәселесін қарау үшін Ордабасы құрылтайын шақырды делінеді. Қалың бұқарамен тығыз байланыста болудың жолы ретінде, билікке қара қазақ өкілдерін тарту қажеттігі Есім ханның кезінен бастап мойындалғаны белгілі. Оның «Ескі жол» аталған заңнамасының түп­кі мәні де сол болатын. Соны басшы­лық­қа алған Тәуке ханның тұсында белгілі би­лер елді басқару және заңдарды сонау «Есім ханның Ескі жолы» үлгісімен жетілдіру жұмыстарына белсене қатыстырылды. Әй­гілі «Жеті жарғы» осы үш жүз билерінің бел­сене атсалысуымен қабылданған. Міне, со­лар ел басына күн туған күрделі тарихи ке­зең­де жоңғар шапқыншылығына ел боп бір­лесіп қарсы тұру ұранын көтерді. Ел санасына солай сіңген. Олардың Ұлы жүздегі он бір тайпаны, Орта жүздегі алты тайпаны, Кіші жүздегі жиырма бес тайпаны бірікті­ретін үш жүз одағын ортақ мүддеге ұйыс­тыру­дағы еңбегін, әрине, жоғары баға­лай­мыз. Сонымен қатар ұлы кеңесті өткізуде осы аса көрнекті тұлғаларымыз бас әмір­шінің бастамасына сай солай әрекет еткен деген пікірді әділеттілік тұрғысынан қи­сын­ды көреміз. Бүкілхалықтық мәжілістер мен кеңестер аса жоғары дәрежелі би­леу­ші­лердің құзырында жүргізілетінін та­рих­шы­лар жоққа шығармайды. Мұндай жиын­дардағы билердің сөзі қашанда өтімді келетін. Есім хан заманынан бері хан билігінің өзі сол билер кеңесінің шешіміне тәуелді бо­латын. Сондықтан да қасіретті шақта қол бастап, қазақ елінің терістігіне де, түстігіне де тынымсыз азаттық жорықтарын жасаған Әбілқайыр хан атақты билердің көмегіне жүгінуді жөн көрген. Атамекенді азат ету жолындағы күресті өрістету үшін күллі ел азаматтарының күш біріктіруіне қол жеткізуде оның де осынау атақты билердің кө­мегіне сүйенгені тарихи шындыққа әбден сай келеді. Жүздердің хандары, жекелеген ру-тайпалар мен қалаларды басқаратын кіші хандар, сұлтандар, рубасылар, аймақ­тардағы билер, ақсақалдар, өзге де бас адам­дар және әрине, батырлар бас қосқан құрыл­тай басқыншыдан Отанды азат ету үшін сарбаздарды жалпақ ел ішінен жиюды бі­рауыздан қолдады. Қазақ біріккен әс­ке­рінің бас қолбасшысы міндетін аға хан Әбіл­қайыр баһадүрге жүктеді. Қазіргі қа­лып­тасқан көзқарас бойынша – құрылтай Кіші жүз ханы Әбілқайырды аға хан лауазымына емес, бас қолбасшы етіп қана сайлады делінеді. Мұндай көзқарастағылар қазақтың бұл кездегі аға ханы Болат хан болатын деп санайды. Алайда байыпты ғылыми зерттеулер Болат ханның, біріншіден, аға хан емес, Орта жүз ханы болғанын, екіншіден, ол «Ақтабан шұбырынды» бас­талғанда дүние салғанын айтады. Демек, бас қолбасшы ретінде таңдалған Әбілқайыр баһадүрді Ордабасы құрылтайында аға хан мәртебесіне сайлаудың қажеті жоқ еді, ол бұл мәртебеге Тәуке ханның ізбасары Қайып хан қаза тапқаннан бері, 1719 жылдан ие болатын. 1724 жылдан Орта жүз ха­ны Сәмеке мен 1720 жылдан Ұлы жүз ха­ны Жолбарыс оны өздерінен барлық жа­ғынан жоғары болғандықтан да мойын­даған, оны көне меритократиялық тәртіпті басшылыққа алған билер кеңесі қолдаған. Осы­лай ол жеті жылдан бері аға хан санала­тын. Егер бұл бастапқы кезеңде заты емес, тек аты ғана бар лауазым саналса, сон­дық­тан да оны жұрт тек Кіші жүз ханы деп қана қабылдаған болса да, жоңғардың жойқын шапқыншылығынан берменгі күллі қазақ даласын шарлап көрсеткен жауынгерлік, қолбасылық еңбегі мен ерлігі оның іс жү­зінде аға хан екенін бұлтартпастай етіп дә­лелдеген еді. Қазақ хандығында тақта отыр­ған әмірші әдетте әскердің де бас қолбасшысы болатын, демек, Әбілқайырға бас қолбасшылықты беру оның аға хан екенін мойындағандықтан, ел үшін жанын отқа да, суға да салған жанқиярлығын баға­лағандықтан жасалған шара. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында да, 1726 жылғы Ор­дабасы құрылтайында да ол өзіне көр­сетілген сенімді ақтап, хан дәрежесі міндеттейтін қолбасылықты адал атқарды. Ол үш жүзден жиналған әйгілі батырлармен әскери кеңес өткізіп, шұғыл сарбаз жинау, оларды соғыс өнеріне тездетіп үйрету, сосын елді біртіндеп дұшпан езгісінен азат ету жоспарын құрды. Бірінші кезекте былтырғы жеңісті шеруден кейін қайтадан жау қо­лында қалған астанадан бастап, аймақтағы барлық қалаларды жоңғар билігінен құт­қару мәселесі күн тәртібіне шықты. Біріккен қазақ армиясы соғыс жоспарларына сай ұрыстар жүргізіп, оңтүстіктегі қалаларды бі­рінен соң бірін азат ете бастады...

Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңі­рін басып алғаннан соң Ұлытауға қарай бет бұрған. Ордабасы құрылтайы жігерлендір­ген қазақ әскерлері Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен Түркістан – Ташкент алқабындағы ондаған қазақ қа­ласын қайтадан жаудан тазартып, елдің орталық аймағына беттеген жоңғар қолына шешуші соққы беруге әзірленді. Бас қол­бас­шы Әбілқайыр ханның басшылығымен қа­зақ батырлары 1726 жылдың соңында жә­не 1727 жылы әскери қимылдарды үйле­сімді әрі ұтымды жүргізе отырып, Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігінде ірі жеңістерге жетті. Ұлытау маңындағы Бұ­лан­ты мен Білеуті өзендерінің аңғарларында өт­кен шайқас ел айбынын ерекше асқақ­тат­ты. Қазақ жасақтары жоңғарлармен әуелі Қарсақпай қыраттарынан басталатын сол қос өзен құйып жатқан Шұбар-Теңіз көлі маңайында соғысқан. Талқандалған бас­қыншылар көлден әрмен қашқанда, атал­ған екі өзен аралығындағы Қарасиыр (оны «шоқы» мағынасын беретін Қарасире деп те атайды) жазығында оларға қатты соқ­қы беріп, тамаша жеңіске жетті. Дұшпан ой­сырай ұтылған бұл ұрыс тарихқа Бұлан­ты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы ірі жеңіс нәтижесінде қазақ жасақтары жоңғар күшін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Шайқаста Қанжығалы Бөгенбай, Қара­ке­рей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты Байғозы, Тайлақ, Саңырық, Қабанбай, Дербісалы, Са­тай, Есет, Жәнібек, Тілеулі сынды көрнек­ті қолбасшылар мен көптеген батырлар, барша сарбаздар көзсіз ерлік көрсетті. Жоң­ғарлар зор шығынға ұшырап, кері қашты. Бұланты-Білеуті шайқасының тарихтағы маңызы ерекше. Өйткені ата жауды тал­қан­даған осынау ұрыс халықтың еңсесін кө­тер­ді, азаттық үшін, Отан үшін күреске бір жа­ғадан бас, бір жеңнен білек шығарып, жап­пай көтерілуге жігерлендіре түсті. Қазақ сар­баздары бұдан кейін ахлақи және рухани үстемдікке ие болып, жоңғарлар басып алған жер-суларын бірінен соң бірін азат ете бастады. Бұл 1727 жыл еді. Осы жылы кенеттен қонтайшы Цеван Рабдан (Сыбан Раптан) дүние салды да, жоңғарлардың қазақ жеріндегі күштеріне арттарынан қосымша көмек келмей қалды. Бұл жағдай рухы күшейе түскен қазақ жасақтарының жеңісті шеруінің сәтімен жалғаса беруіне белгілі дәрежеде қолайлы жағдай туғызған болатын. Қонтайшы өлімі хандық ішінде дүрбелең туғызды. Таққа оның үлкен ұлы Галдан Церен (Қалдан Серен) отырған. Ол әкесінің ойда жоқта дүниеден кетуін өгей шешесі – хан тағына таласуы ықтимал інісі Лаузан Шононың туған анасы Сетержаб пен сол шақта Қалмақ хандығынан келген елшілерден көрді. Қатыгез жазалау шараларын жүргізді. Сосын хандықтың шығыс шекарасына назар аударуға мәжбүр болды. Онда Цин-Қытай әміршілері өзгерген. Боғдыхандар ауысқан. Император Канси қайтыс болып, таққа Юнчжен отырған. Ол өзіне дейін жасалған уағдаластықты жиып қойып, жоңғарларға қайтадан қауіп төндіре бастаған еді. Соған байланысты Галдан Церен әскерінің негізгі күшін сол жаққа шоғырландыруға кірісті. Содан көп ұзамай қытайлықтармен қарым-қатынас шиеленісіп кетті. Жоңғарлар олармен жаңа соғысқа кірді. Осындай жағдайда Галдан Церен қазақ жеріндегі армиясының біраз бөлігін жоңғар хандығының шығысындағы майданға салу үшін кері шақырып алған. Бұл кезде Әбілқайыр хан қазақ елінің Қаратау өңірі мен оңтүстігін басқыншыдан тазарту күресінде жүрген. Ол жаңа ахуалды мұқият саралады. Сөйтіп 1730 жылдың көктемінде жауға Аңырақай даласында шешуші соққы берген болатын. Осы шайқас Отан соғысының ең елеулі белесіне айналды. Ол азаттық үшін күрестің рухты мейлінше көтеріп, болашаққа деген сенімді бекіте түскен жеңісті шыңы ретінде өте орын­ды түрде мақтан тұтылады. Жұрт­шылық санасына сіңірілген мәлімет бойынша Аңырақайда шартараптан жиналған қазақ сарбаздарынан біріккен отыз мыңдық қол қырық мыңдық жау әскерімен бір-бір жарым айдай уақыт бойы соғысқан. Жеңіс­ке жеткен. Бірақ жеңімпаз қазақ жасақтары жүргізген шайқастар сонымен доғарылған. Жауды өз еліне қарай түре қумаған. Себебі «шай­қас соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін» (тағы бір көп таралған қисын бойынша – «дімкәс Болат хан науқасынан дүние салған соң») басталған «тақ үшін талас» оған кедергі кел­тіріпті-міс, көпшілік «Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдаған» да, «бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын батысқа, Орта жүз қолын Сәмеке хан солтүстікке» алып кетіпті-міс. Ғылыми зерттеулер бұл ұйғарымдардың жаңсақтығын көрсетеді. Өйткені Болат хан 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» басталған шақта өмірден өткен. 1730 жылғы Аңырақай шайқасынан кейін хан сайлауын жасауға қажеттілік туған жоқ. Себебі соғысты жеңісті шыңына жеткізген бас қолбасшы Әбілқайыр баһадүр әрі аға хан да болатын. Оның үстіне, Әбіл­қайыр­мен тақ таласына түсіп бәсе­келесе­тіндей дәреже, жас жағынан да, бедел жағы­нан да ешбір кіші ханда болған емес. Ең бастысы, «Әбілқайыр мен Сәмекенің майдан даласын тастап» кетуі мүлдем өзге сипатта және басқа жағдайға байланысты орын алған-ды...

Құрамына тарихшы, геолог-геоморфолог, этнограф, археограф, палеоклиматолог, шығыстанушы, палинолог, географ ғалым­дар енген зерттеушілер тобы 2005–2007 жыл­дары Шу-Іле аймағының ортаңғы бөлігіне бірнеше рет экспедицияға шыққан. Жасаған далалық зерттеулері мен ізденіс­тері­нің нәтижелерін бірнеше салалық ғылыми институт қызметкерлері қатысуы­мен өңдеген. Сөйтіп, атақты шайқас өткен Аңырақай өңіріне кешенді түрде жүргізген арнайы зерттеу нәтижелерін сындарлы ғылыми тілмен еңбектерінде баян қылып, кейбір қалыптасқан пікірлерге сын көзбен қарауға мәжбүр ететін қорытындылар жасаған болатын. Экспедициялар кезінде тарихи оқиға аймағы жер бетінен, сондай-ақ биіктен суретке түсірілді. Аумақтағы табиғи және әлеуметтік-экономикалық нысандарды географиялық, геометриялық тұрғыда көрсететін ғылыми сызбалар жасалды. Жер бедері мен су көздерінің қазіргі сырт кескініне ғылыми зерттеулер мен есептеулер жүргізіліп, олардың үш ғасырға жетеғабыл уақыт ұшыратқан өзгерістерден бұрынғы кейпі жорымалы түрде елестетілді. Жер мен мекенжайдың тарихи атаулары, әр кезгі географиялық карталар, өлкені мекендеген тайпалардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктері, олардың тіршілігі мен қызметінің біздің заманымызға жеткен материалдық қалдықтары, Аңырақай ауылы тұрғындарының экспедиция мүшелеріне берген ақпараттары қарастырылды. Солар­дың бәрін өлкенің әскери-саяси тарихымен тығыз байланыстырып қарай отырып, аймақтың 1730 жылғы табиғаты мен жорымалы бейнесін және тарихи шайқастың бас-аяғы мен өту ретін ғылыми әдіспен қалпына келтіру әрекеті жасалды. Қысқасы, ғалымдар зерттеуге алынған өңірдің топографиясын, геоморфологиясын, ландшафын, палеоклиматын, археологиясын, тарихи топонимикасын, картографиясы мен этнографиясын, сол тұста орын алған саясат пен жаугершіліктер шежіресін жан-жақты талдап, зерттей келе, алынған дерек­тердің пәнаралық синтезі негізінде, Аңы­рақай шайқасының нақты болған жерін, дәл уақытын және сондағы оқиғалардың қандай ретпен өткенін, қазақ әскери жа­сақтарының Аңырақай тауы ауданында жоңғарларға қарсы ұстанған шабуылдау стратегиясы мен тактикасының өзіндік ерек­шеліктерін анықтаған. Іргелес ғылым өкілдерін тарта отырып, Аңырақай шай­қасына қатысты үйлесімді сипатта жасалған бірегей зерттеулер нәтижесінде Отан тарихын білуге құмартушылар танымының көкжиегін кеңейте түсетін тың жаңалықтар ашылды. Фольклорлық дерек көздеріне қа­рағанда, Отан соғысының шешуші шайқасы болған тарихи майдан даласы Аңырақай жоталары мен Алакөл жазығы аралығында, яғни, Аңырақай алқабының солтүстік-шығыс бөлігінде жатыр. Осыны негізге алған зерттеушілер Аңырақай шайқасының табиғи шекарасы оңтүстік-батыста – су бөлетін сала мен Аңырақай (көне карталарда – Күмісті) жоталарының солтүстік-шы­ғыс шоқыларын, батысында – Қопалы өзені мен Қаракемердің тармақтарын, солтүстік-шығыста – Бескөл алқабын, ал шығыста – Сары­бұлақ өзенінің аңғарын алып жатқан 210 шаршы шақырымдық аумақ деп тапты. Жоңғар басқыншыларына көрсетілген жал­пыхалықтық қарсылықтың қорытынды ке­­зеңіндегі басты әскери қимылдар осы ау­данда өтті. Әйгілі шайқас даласы айқын үш­бұрыш түрін елестететіні анықталды. Үш­бұрыштың табанында Аңырақай қыр­қаларының солтүстік-шығыс баурайы, ал қос қанатында – биік жарқабақты Қопалы жә­не Сарыбұлақ өзендері жатыр. Екі су ор­тасындағы Бескөл алқабында барлық қор­ға­ныс шаралары ескеріліп салынған мықты бе­кіністі қамал (қазіргі Қалмақтөбе) бой кө­терген. (Жетісудағы осы Қалмақтөбе ке­ше­ні ондағы қорғаныс қамалы мен өз әс­керінің ұрыс жүргізуін жеңілдетуді, ал дұш­панның әрекетін қиындатуды көздейтін бар­лық фортификациялық құрылысымен және оған жәрдемін тигізетін нысандарымен бірге тұңғыш рет 2005–2007 жылдары та­рихшы Ирина Ерофееваның басшылығы­мен ашылып, ішінара зерттелді). «Қалмақ­төбе» жоңғардың оңтүстік-шығыс шекара­дағы ең ірі қарауыл бекеті еді. Оны 1653–1666 жылдары белгілі ойрат нойоны (Сал­қам Жәңгірді жекпе-жекте жеңген делінетін) Галдамба салдырған болатын. Осы бекініс пен үш тараптағы табиғи шекаралар сол аумақты мекен еткен басқыншыларды қазақтардың ықтимал шабуылынан сенімді түрде қорғап тұрған. Тек солтүстік-шығыс жағы (Қопалы, Қаракемер және Сарыбұлақ алқаптарының ең төмен әрі жазық бөліктері ғана) біршама ашық, яғни сыртқы қарулы жасақтардың сол жерден ғана кіре алуы ықтимал еді. Бекіністің шығысынан 8–10 шақырымдай жерден Үлкен Қалмақ жолы өтетін. Осынау көш және керуен жолы Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен қазақ даласының батыс аймағы мен солтүстік-батысына қарай созылып, Жоңғар хан­дығын Еділ-Жайық аралығындағы Қалмақ хандығымен байланыстырып жататын. Сондықтан да оның қазақ үшін де, қалмақ үшін де әскери-стратегиялық маңызы елеулі еді. Жалпы, Шу мен Талас өзендері алабынан Шу-Іле таулары ауданына дейінгі геог­ра­фиялық кеңістікте ойраттар 19 әскери-қор­ғаныс бекетін салған-тын, олар XVII ға­сырдың екінші жартысынан XVIII ғасыр­дың алғашқы ширегіндегі Жоңғар ханды­ғының шекаралық аймағын белгілеп, ойрат көштерінің негізгі бөлігін Қазақ хандығы­ның халқы орналасқан аумақтардан қорғап тұрған-ды. (Әбілқайыр хан басқарған азат­тық шайқастары нәтижесінде жоңғар­лар­дың алғы шептеріндегі әскери-қорғаныс бекеттері алынып, өңірлер дұшпаннан тазартылған, алғыс сезіміне бөленген қазақ халқы елді азат етуші бас қолбасшыға ри­зашылық білдіріп, осы өңірлердегі талай жер-су аттарын сол шақтан-ақ Әбілқайыр есі­мімен атады). Қазақ жеріне салынған жоң­ғар бекіністеріндегі қарулы жасақтарға әскербасы етіп қонтайшы Галдан Церен өзінің күйеу баласы Лацзан Церенді 1728 жылдың ортасында тағайындаған-тын. Сол тәжірибелі жоңғар қолбасшысы басқарған басқыншыларға қарсы шешуші шайқасқа Біріккен қазақ әскері Отан соғысының Аңырақай майданында шықты.

Цин империясы Жоңғар хандығына қар­сы 1729 жылы жаңа соғыс ашқандықтан, Галдан Церен қонтайшы 1730 жылдың басында қазақ аймағын мекен еткен халқы ішінен соғысуға қабілетті ойраттардың көбін шұғыл түрде оңтүстік майданға ша­қыруға мәжбүр болған. Жетісудағы әскери-қорғаныс бекеттерінде саны шағын қарауыл жасақтарын ғана қалдырған. Осы қолайлы ахуалды Әбілқайыр хан пайдаланып қалуға тырысты. Аялдамастан, әскери күштерін Шу-Талас өзендері аралығынан Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы ауданына бағыттады. Сөйтіп, қазақ жеріндегі жоңғар әскери-сая­си жүйесінің Бескөл (Қалмақтөбе) форпос­тына қазақтардың біріккен қолы сол кезгі әскери ілім-білімнің озық тәсілін қолдана отырып, 1730 жылғы сәуірдің басында шабуыл жасады. Аңырақай үшбұрышына бас­ты даңғыл болып табылатын Үлкен қал­мақ жолымен емес, қарама-қарсы екі ба­ғыттан (Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы мен Шу алқабынан) келді. Шабуылдың негізгі мақсаты Аңырақайдың солтүстік-шығыс бұрышындағы Қалмақтөбе бекінісіне шоғырланған 5-6 мыңдық жоңғар әс­керін қоршап алып, жойып жіберу болатын. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан шешуші шабуылда халықтың көпғасырлық дәстүрі бар «дала соғысы» орайындағы әскери ойға, оның «аңды жан-жағынан қаумалап аулау» әді­сін қолданды. Жауынгерлік соғыс қи­мыл­дарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі Сарыбұлақ пен Қо­палыдағы жауға өткел болуы ықтимал жа­зық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бе­кіні­сін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мыл­тықтармен атқылай отырып, әуелі дұшпанның қамалын басып алды, сосын бекіністің маңына топтасқан және оны тастап шыққан ойраттарды тықсыра қуып, тауға қашуға мәжбүр етті. Қашқан жауды Аңырақайдың орталық шатқалдарына бе­кінген садақшылар қарсы алды... Бұл 1723 жыл­ғы «Ақтабан шұбырындыға» ұрындыр­ған жойқын шапқыншылықтан бері ты­ным­­сыз жүріп келе жатқан, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайынан кейін айрықша серпін алған Отан соғысындағы шешуші шай­қас болды. Осы аумақта қазақ халқы, қа­зақтың үш жүзінің сарбаздарынан құ­ралған халық жасағы басқыншы-жоң­ғар­ларды біржолата жеңді. Байырғы күшті де қаһарлы қарсыласын осыған дейін жаулап алған қазақ жерінен қуып шықты. Сөйтіп, азаттық жолындағы қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде салтанатты жеңіспен аяқтады.

Жеті жылға созылған тарихи Аңырақай жеңісіне биыл 290 жыл толып отыр...

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының

кандидаты

Соңғы жаңалықтар