310
Блокбекеттен кедергісіз өту үшін полицейге пара берген атыраулық жазаланды
Блокбекеттен кедергісіз өту үшін полицейге пара берген атыраулық жазаланды
Алматыдағы блокпоста төтенше жағдай режимі кезінде пара алған полиция қызметкерлері сотталды.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«2020 жылдың 5 мамырында Алматы қаласының Әуезов аудандық сотының үкімімен қалалық Полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің инспекторы Б.Қ.Тыныштықбаев 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған, сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы еңбек ету құқығы берілмейді. Ол ТЖ кезеңінде фильтрациялық блокпостан кедергісіз өткізу үшін азаматтардың бірінен 20 мың теңге пара алған», - деді Данияр Бекайдаров.
Ол, сонымен қатар, Атырау қалалық №2 сотының үкімімен Г.Тәуірбаев атты азаматқа 112 500 теңге айыппұл салынғанын хабарлады. Ол азамат блокпост арқылы кедергісіз өту үшін Атырау облыстық ПД инспекторының шотына 15 мың теңге пара аударған.