Вице-министр мектеп түлектеріне аттестат қашан тапсырылатынын айтты

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова  мектеп түлектеріне аттестат қашан тапсырылатынын айтты. 

«11 сынып түлектеріне аттестаттарды 3-4 маусымда тапсыру туралы шешім қабылданды. Жыл сайын бұл іс-шара маусым айының ортасында өткізілетін. Бірақ мектеп бітірушілері үшін қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейтінін және ҰБТ-ға қашықтан дайындалу қажеттілігін ескере отырып, бұл іс-шараны маусым айының басынды өткізу туралы шешім қабылдадық. Іс-шара аясында салтанатты түрде аттестаттар тапсырылып, 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады», – деп жазды вице-министр Facebook-тегі парақшасында.

Іс-шара міндетті түрде мектеп аумағында, ашық ауада, қонақтарсыз, тек түлектердің қатысуымен және санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуі тиіс. Аттестат тапсыру рәсіміне мектеп формасында келу ұсынылады.

Сондай-ақ, салтанатты бөлімнен кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, ағаш отырғызу акциясын өткізу жоспарланып отыр. Кейінгі жылдары мұндай акция дәстүрлі түрде 25 мамырға орай ұйымдастырылады.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button