70 жастағы қария блокпосттағы полицейлерге күн сайын тамақ апарады

ҚазАқпарат Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Тоқанай ауылында тұратын 70 жастағы Қамай Қапаров қария туралы мақала ұсынды. Онда ақсақал ауылынан 90 шақырым қашықта орналасқан блокпостқа күн сайын баратыны туралы жазылған, ондағы мақсаты – сондағы полицейлерге, медицина қызметкерлеріне тамақ жеткізу.

«Карантин уақытында ешкімге оңай тиіп отырған жоқ. Әсіресе, таңнан кешке дейін бекеттерде қызметте тұрған полицейлердің еңбегі өлшеусіз. Қиын шақта оларға қолдан келгенше көмек беруіміз қажет. Күнде таңертең «Жигулиіме» мініп алып, Тоқанайда 90 шақырымда жатқан блокпостқа барамын. Мұнымды біреу мақтасын, жақсы атақ алайын деген оймен жасамаймын. Өйткені өзімнің ұлым да құқық қорғау саласында жұмыс істейді. Сондықтан полицейлердің қызметін жақсы түсінемін», – дейді қария.

Қамай ақсақал блокпостқа көбіне сүттен жасалған тағамдар, ет пен бауырсақ апарады. Азық-түлік жеткізуге зайыбы Айша апамыз да көмектеседі. Зейнеткердің немересі Фархад Қапаров Арқалық қаласы полиция басқармасында жедел уәкіл болып қызмет етеді. Оның әріптестері атасының еңбегін жоғары бағалады.

«Блокпостқа бірқатар көлік келеді. Алайда Қамай атаның көлігін бірден байқаймыз. Денсаулыққа пайдалы тағамдар әкеледі. Қуанып қаламыз. Ол кісінің көмегіне ризамыз. Еңбегін еш ұмытпаймыз!», – деді учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Олжас Әбенов.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Төтенше жағдайлар режимі кезінде облыс тұрғындары блокпосттардағы тәртіп сақшыларына үнемі көмек қолын созып тұрады. Осы уақытқа дейін 15 қайырымдылық шарасы өткен.

Back to top button