242
Тіркеуі болмаса дәрігерге қарала алмай ма?
Тіркеуі болмаса дәрігерге қарала алмай ма?
Көші-қон заңына сәйкес қандастарға Қазақстан азаматтарымен бірдей мемлекеттік медициналық көмек алуға кепілдік берілген. Медициналық тексеруден өтуге хақылы. Бұл үрдісті Көші-қон комитетінің жергілікті департаменттері бақылайды. Алайда облыс орталықтары мен аудандарда медициналық көмектің сапасына қарай айырмашылығы әртүрлі. Ондай айырмашылық бастапқы медициналық көмекте де, толық медициналық тексеріс өткізгенде де болады.
Осыған байланысты қандастарды медициналық тексерістен өткізудің біркелкі тәртібі бекітілмеген. Қандастар алғаш елге келіп, ықтиярхатқа тапсырар кезде медициналық тексерістен өтеді. Өтіп болғаннан кейін азаматтық алғанша мемлекеттік медициналық орындарда дәрігерлік көмек алуларына құқығы бар. Қандастар өзінің бұл заңды мүмкіндіктерін пайдалана білуі, құқығын талап ете алуы тиіс.
БҰҰ-ның даму бағдарламасы және Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстандағы мигранттардың проблемаларын зерттеу барысында этникалық қазақтардың денсаулығына алаңдаушылық білдіріпті. Көптеген қандастар ауруды асқындырып алғанда ғана дәрігерлерге қаралады. Сұрақ қою нәтижесі көрсеткендей, қандастардың басым бөлігі (79 пайыз) медициналық көмекті мемлекеттік медициналық мекемелерден алса, 12 пайызы үйлерінде өздігінен емделеді. 4 пайызы жеке медициналық орталықтарда емделсе, 2 пайызы жергілікті тәуіптерге барып емделеді екен.
Қазақстан заңнамаларына сәйкес қандастар жергілікті медициналық мекемелерге қаралуға хақылы деп айтқанымызбен, заңның бұл тетігі жиі бұзылады. Тұрақты тіркеуі болмаған соң, қарала алмай жүрген немесе жекеменшік орындарға баратынын айтады.
Ауахан Ыдырысқызы – 2019 жылы желтоқсан айында Алматы облысы Ұзынағаш ауданына Қытайдан көшіп келген қандасымыз. Соңғы уақытта қысымы көтеріліп, жиі ауырып қалады екен. Тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат әлі ала алмаған.
– Әлі баспанамыз да жоқ. Туыстарды жағалап жүрміз. Балам 5 ай бойы жұмыс істей алмай жүр, құжаттары болмаған соң. Менің қан қысымым жиі көтеріліп кетеді. Дәрігерлерге барсақ, тіркеуің жоқ деп қарамайды. Ақыры ақшамызды төлеп, жеке дәрігерге қаралып жүрмін, – дейді қандасымыз.
Ата заңымызда мемлекеттің басты құндылығы адам екені тайға таңба басқандай жазылғаны белгілі. Ендеше әрбір азаматтың білім алуға, емделуге т.б. құқықтары сақталуы тиіс.