1017
Ақылы ҰБТ сынағының астарында не бар?
Ақылы ҰБТ сынағының астарында не бар?
Екі айдан кейін еліміздің барлық мектептерінде оқу жылы аяқталып, оқушылардың үш айлық кезекті демалысы басталады. Ал мектеп бітіруші түлектер бұл уақытта ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Мектеп түлектеріне арналған бұл сынақ елімізде биыл он екінші рет өткізілгелі отыр. Жыл сайын жаңа бір өзгерісті күтетін түлектерге ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы бар. Сынақтан өте алмаған оқушылар ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға мүмкіндік алды.
Бүгінде мектеп бітірушілер үшін 11 жылдық білімін дәлелдеу оңай емес. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі енгізілгелі бері оқушылардың қорқынышы үдей түскені де жиі айтылуда. Өйткені бұл сынақтан бірі өтсе, енді бірі сүрініп жатады. Өкінішке қарай, ҰБТ-дан сүрінген түлектер саны азаймай тұр. Білім саласының тізгінін жаңадан қолына алған Ерлан Сағадиев бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, түйткілдің шешімін табуға бар күшін салған тәрізді. Сөйтіп, Білім және ғылым министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне енгізілген тың жаңалықты жариялады. 2016 жылы мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға мүмкіндік берілмек. Бұл бастаманы көтерген Сенат депутаттары. Сенаторлардың ұсынысын құп көрген Білім және ғылым министрі түлектерге екінші мүмкіндік беру туралы шешім қабылдады. «Сенат депутаттарының бастамасы бойынша биылғы жылдан бастап мектеп бітіруші түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді екінші рет тапсыру мүмкіндігі беріледі. Сенаттың бұл бастамасына Үкімет те, Білім және ғылым министрлігі де, жалпы қоғам да қолдау білдірген болатын», – деді Ерлан Сағадиев. ҰБТ-да 50 балдық межені еңсере алмағандар екінші рет бағын сынай алады. Бірақ ол ақылы негізде жүзеге асады. Әзірге бағасы белгісіз, бірақ министр тест тапсыру құнының аса қымбат болмайтындығын ескертті. Ескере кететін бір жайт, екінші рет тест тапсырғандар мемлекеттік гранттар үлестірілетін конкурсқа қатыстырылмайды. «Алтын белгісін» де қорғай алмайды. Бұл мүмкіндік бойынша тест тапсырғандар жоғары оқу орындарында ақылы негізде білім алу құқығына қол жеткізеді.
Білім және ғылым министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, елімізде ҰБТ-дан сүрінген мектеп бітірушілер саны жыл санап артып келеді екен. 2015 жылы бұл көрсеткіш 46 мың адамға жуықтаған. Министрдің айтуынша, бұл алаңдатарлық көрсеткіш. Сонымен қатар, елімізде жыл сайын ҰБТ тапсыруға ниетті түлектер саны азаюда. Мәселен, 2011 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге 126 168 үміткер қатысса, 2013 жылы 95 456 оқушы ғана ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Ал 2014 жылы ұлттық сынақ жүйесіне қатысуға 92 мыңнан астам түлек ниет білдіріпті. «Жоғары білімнен 100 мыңға тарта кешкі оқылымдағы оқушылар қалып отыр, олардың көбі жоғары оқу орындарына да, колледждерге де түспейді. Бұл – алаңдатарлық жағдай», – деп атап өтті министр Ерлан Сағадиев. Сондай-ақ, министр мырза мектеп бітіруші түлектердің біразы Ресей, Қытай, Түркия сынды мемлекеттерде білім алуға құштар екендігіне тоқталды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден тиісті балды жинай алмаған шәкірттер шетелдік оқу орындарында ақылы негізде білім алуға тырысады. Сөйтіп, олар өзге елдің білім ордаларына инвестиция құюда. Мысалы, өткен жылы Ресейде 39 мыңға жуық қазақстандық оқуға түскен. Мұны тез арада қалыпқа келтіру қажет дейді министрліктегілер. Түлектерге екінші мүмкіндік берудің бір себебі осында. Биылғы жылы жастарға өз еліміздегі жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беру көзделіп отыр. Әсіресе, колледж түлектері ескерілмек. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: «Жоғары оқу орындарын бітірген жастардың барлығы жұмысқа орналаса алмайды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда басқа елдер сияқты біздің ел де жоғары білімді қоғамға ұмтылуы қажет. Соңғы 40 жыл ішінде әлемдегі студенттер саны 6 есе өсті. Жыл сайын бүкіл әлем бойынша жоғары оқу орындарына 150 миллион адам түседі. Соңғы 10 жыл ішінде бұл көрсеткіш 50 пайызға артқан», – деп атап өтті.
Түлектерге сынақты екінші рет тапсыруға мүмкіндік берілгенімен, жауапты ведомство биылғы жылы ҰБТ тапсыру кезінде өзге өзгерістердің болмайтындығына сендіріп отыр. Биылғы жылдан бастап ҰБТ-ға ағылшын тілі міндетті пән ретінде енгізілуі мүмкін екендігі қоғамда қызу дау тудырған. Дегенмен, министрдің бұл бастамасы кейінге қалдырылып отырған тәрізді. Өйткені оқу жылы аяқталуға жақын қалғанда, балалардың ағылшын тілінен тест тапсыруға әзірленіп үлгермейтіндігі ақиқат. Ал министрлік аталмыш тестілеу жүйесін тапсыру келесі жылдан бастап онлайн режимге көшіріліп, сынақ сұрақтарының барлығы да сұрыптаудан өтетіндігін хабарлады.
Министр түлектерге берілетін мүмкіндіктің қаншалықты қажетті екенін түсіндіруге тырысты. Дегенмен, қоғамда оқушыларға мұндай мүмкіндік берудің қажеттілігі туралы пікірлер сан түрлі. Бірі мұны қарапайым халықтан ақша жинау деп түсінсе, енді бірі ҰБТ-дан сүрінгендер үшін мұндай мүмкіндіктің пайда болғанына қуанышты. ҰБТ қазір түлектердің тағдырын шешетін сынға айналған. Бұл сыннан өтпеген бала жоғары оқу орнының есігінен де сығалай алмайды. Сол себепті ата-аналар балаларын қандай жолмен болса да, осы сыннан сүріндірмеуге тырысады. Қалай десек те, Білім және ғылым министрлігі түлектерге екінші мүмкіндікті берді. Ал мұның игілігі қандай боларын биылғы ҰБТ-дан кейін байқайтын боламыз.
Әлемдегі бірыңғай сынақ жүйесі
ҰБТ – дүние жүзінде қолданылатын үздік тәжірибе. Мұны әлем елдерінің басым көпшілігі толық жетілдірілген сынақ әдісі деп бағалайды. Дегенмен, әр мемлекетте бұл сынақ жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, АҚШ-та бұл сынақ SAT Reasoning Test Академиялық бағалау тесті) деп аталады. Академиялық бағалау тесті АҚШ-тағы жоғары оқу орындарына қабылдау үшін тапсырылатын стандартты тест. SAT тестілеу жүйесі АҚШ-та 1901 жылы енгізілген. Сол жылдан бері тестілеу атауын да, балл есептеу жүйесін де еш өзгертпепті. Бұл тестілеу АҚШ-та ақылы түрде жүзеге асады екен. 2011 жылғы жағдай бойынша АҚШ аумағында тест тапсыратын ел азаматтары 47 доллар төлесе, ел аумағынан тыс жерде тест тапсырушылар 75 доллар төлейді. Академиялық бағалау тесті біздің елдегі ҰБТ тәрізді жылына бір рет қана тапсырылмайды. Бұл тесті түлектер қазан айынан бастап маусымға дейін қалаған уақытында тапсыра алады. Оқушылар бұл жүйеде үш бөлім бойынша тест тапсыруы қажет: мәтінге сараптама жасау, жазбаша, математика. АҚШ мамандарының айтуынша, аталған тапсырмалар тест тапсырушылардың университетте сапалы білім алуына қажет. Сондай-ақ, осы тест арқылы оқушының мектептегі білімі бағаланады. ҰБТ-ның Ресейдегі баламасы Бірыңғай мемлекеттік емтихан деп аталады. Бірыңғай мемлекеттік емтихан мектеп бітіруші түлектердің білімін бағалау әрі жоғары оқу орындарына қабылдау мақсатында жүзеге асырылады. Ресей Федерациясының барлық аймағында емтиханды тапсыру ережелері бірдей. Мектеп бітірушілердің білімін бағалаушы негізгі сынақ түрі саналатын емтиханды оқушылардың келер жылы қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. Бірыңғай мемлекеттік емтихан бірнеше мектеп пәндері бойынша өтеді. 2001 жылы алғаш рет бірыңғай мемлекеттік емтихан Ресей Федерациясының 5 облысында қолданысқа енгізілді. Ал 2002 жылы жаңа жүйені елдің 16 аймағы өз тәжірибелеріне қосты. 2003 жылы бірыңғай мемлекеттік емтиханды тапсыратын аймақтар саны 47-ге жетсе, 2004 жылы Ресейдің 65 аймағы осы жүйеге ауысты. 2006 жылы бірыңғай мемлекеттік емтиханды елдің 79 ауданындағы 950 мыңға жуық оқушы тапсырды. Ал 2008 жылы мемлекеттік емтиханды тапсырушылар саны миллионнан асты. Украинада жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылатын сынақ Ішкі тәуелсіз бағалау тесті деп аталады. Бұл тестілеу жүйесі де ҰБТ тәрізді оқушылардың мектептегі білім деңгейін, жоғары оқу орнына дайындығын тексереді. 2012 жылдан бастап Украинаның мектеп бітіруші түлектері ішкі тәуелсіз бағалау тестінде дүниежүзі тарихы мен орыс тілінен де сынақ тапсыратын болды. Ал сынақ жүйесінде украин тілі мен әдебиеті міндетті пән ретінде бекітілген. Сонымен қатар, жоғары оқу орнына түсу үшін 2 таңдау пәнінен тест тапсырады. Францияда мұндай тест жүйесі бакалавриат деп аталады. Бұл сынақ жүйесі ел аумағындағы арнайы орталықтарда бірдей мезгілде бір апта ішінде тапсырылады. Әрбір орталықтағы комиссия құрамында міндетті түрде университет профессоры болады. Ол оқушылардың жалпы интеллектуалдық деңгейін анықтауға көмек көрсетеді. Францияда да француз тілі мен әдебиеті тестілеу жүйесіндегі міндетті пән саналады. Түлектер сондай-ақ тарих пен философиядан да тест тапсырады.ҰБТ-ның қазақстандық тәжірибесі
Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2004 жылы енгізген болатын. Оқушылар мен мұғалімдердің білім деңгейін ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы анықтаған алғашқы жылы жаңа сынақ жүйесін ешкім де толық түсіне алмаған. Алғашқы жылдары түсініксіз болған ұлттық бірыңғай тестілеудің жыл сайын күшейтілген талаптары қазір мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың уайымын арттыра түсуде. ҰБТ сұрақтарын Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы жыл сайын жалпы білім беру пәндерінің бағдарламалары негізінде құрастырып отырады. ҰБТ тапсыру тілі оқушының мектептегі оқу тіліне байланысты. ҰБТ білім беру ұйымдарын объективті бағалауды, олардың нақты рейтингісін көрсетуді, оқушылар мен мұғалімдердің білім алудағы жоғары нәтижелеріне талпынысын ынталандыруға септігін тигізері рас. Ал көптің үрейін ұшырып жүрген ҰБТ-ның мақсаты – жоғары білім алуға барлық бітірушілердің тең дәрежеде қол жеткізуі, білім берудің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін құру. Жалпы, ҰБТ-ның екі кезеңдік жобасы бар. Бірінші жоба бойынша ҰБТ-ны еліміздің мектеп бітіруші түлектері тапсырады. Ал екінші жоба бойынша жоғары оқу орнына мемлекеттік білім грантын алғысы келетіндер, колледж түлектері, өткен жылғы мектеп бітірушілер, ҰБТ-дан өту балын жинай алмағандар, шетелдіктер кешенді тестілеу тапсыруға міндеттеледі. Кешенді тестілеу де ҰБТ тәртібімен жүргізіледі. ҰБТ мен кешенді тестілеудің айырмашылығы тілдік тестің тапсырылмайтындығында. Кешенді тестілеу барысында қазақ мектептерінің оқушылары орыс тілінен, ал орыс мектебінің оқушылары қазақ тілінен тест тапсырмайды. Жалпы орта білім беру ұйымдарында оқушылардың қорытынды атестаттауының бір түрі саналатын ҰБТ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына түсу емтихандарын біріктіруді көздейді. Яғни, мектептегі бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу емтиханы бірге өткізіледі. Осы жүйе енгізілгелі оқушылар бұрынғыдай билеттермен емтиханға дайындалып, шығарма жазуға әзірленуді ұмытты. Аттестат алу үшін бір рет, жоғары оқу орнына түсу үшін екінші рет емтихан тапсырудың қажеттілігі жоқ болғандықтан, бұл жүйе оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де, мұғалімдер үшін де өте ыңғайлы деген болатын әуелде. Алғашқы жылы ҰБТ ең әділ сынақ жүйесі деп барлығы сенім білдірген. ҰБТ технологиясы елімізге дамыған шет мемлекеттердің білім салаларының тәжірибесінен іріктеліп алынған. Қазақстандық Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері бұл жүйені барынша сапалы өткізуге күш салып келеді. Әрине, ҰБТ-ның өзіндік артықшылықтарын жоққа шығаруға болмайды. Десек те, жаңа сынақ жүйесін өткізу барысында жыл сайын түрлі заңбұзушылықтар анықталатынын да жасырып-жаба алмаймыз. ҰБТ кезінде ұялы телефон, калькулятор, түрлі анықтамалар мен шпаргалкалар пайдалануға тыйым салынғанымен, ережеге қарсы әрекет жасайтын түлектер саны көбеюде. жыл сайын құзырлы органдар заң бұзушылықтардың қайталанбайтындығын айтқанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Сондықтан, көпшіліктің ҰБТ технологиясы мен оның ұйымдастырылуына қатысты айтатын сыны жетерлік.