Адамның иммунитеті коронавирустан қорғай алмайды – АҚШ ғалымдары

 АҚШ-тағы Бостон балалар ауруханасы мен Массачусетс технологиялық институтының ғалымдары SARS-CoV-2 коронавирусының жұғу механизмі мен вирус жиі зақымдайтын жасушаларды анықтады.

Зерттеу нәтижесінде ағзаның иммундық жүйесі инфекциядан қорғай алмайтыны, керісінше, індет жұқтыруға ықпал ететіні белгілі болды. Зерттеу қорытындысы  Cell журналында жарық көрді, деп хабарлайды Lenta.ru.

 Мамандар коронавирус зақымдайтын тіні әртүрлі жасушаларды, оның ішінде мұрын қуысының, өкпе мен ішектің шырышты қабатын да зерттеген.  SARS-CoV-2 вирусы жасушаны зақымдау үшін TMPRSS2 ферментін пайдаланып, ACE2 рецепторымен бірігетіні белгілі. Ғалымдар адамның түрлі органдарының тінінде 20 мың геннің қайсысы белсенді екенін анықтау үшін РНК-транскрипттерді қысқартқан. Нәтижесінде жасушалардың өте аз бөлігінде ғана ACE2 мен TMPRSS2 қатар анықталған. Мұндай жасушаларға мұрының шырышты қабатындағы құтыша пішінді жасуша, өкпедегі II типті альвеолоциттер және тік ішектегі энтероциттер жатады.

Сондай-ақ, ағзаны вирустан қорғауға қатысатын интерферон ACE2-нің түзілуіне жол ашатыны анықталды. Салдарынан вирус жасушаларға тереңдей ене бастайды. Зерттеу жүргізген мамандар бүгінде COVID-19 инфекциясын емдеуде кеңінен қолданылып жүрген интерферондар кейбір науқастардың дертін асқындырып жіберуі мүмкін деген қорытындыға келді.

 

Back to top button