Жамбыл облысында қоғамдық көлік қозғалысы толық тоқтатылды

Бүгіннен бастап Жамбыл облысында карантин шаралары күшейтілді.

Бұл туралы облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуевтің қатысуымен ӨКҚ-нің ақпарат алаңында өткен брифингте хабарланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Жамбыл облысы бойынша карантиндік шаралар қатаң күшейтілуі ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 14 сәуірдегі қаулысына сәйкес жүзеге асырылмақ.

«Аталған індетпен тіркелгендер санының артуына байланысты қажетсіз жүрісті азайту үшін аталған шектеуді біз күшейтетін боламыз. Өңірдегі кәсіпорындар жұмысына, азық-түлік тасымалдау мен өткеруге қатысты да бақылау күшейтілмек. Осы ретте ескере кететін бір жайт – кез келген жерде санитарлық сақтықты, әсіресе кезекте тұрғанда ара қашықтық сақтап, алдын алу шараларына мұқият болған абзал», – деді Ғазиз Надуев.

Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков күшейтілген талаптарға тоқталып өтті.

«Өңірде карантин шаралары қатаңдатылмақ. Ең алдымен, Тараз қаласы мен облыс көлемінде қоғамдық көліктердің жұмыстары толық тоқтатылады. Бұл мәселе бойынша өңірдегі 442 автобустың 43 бағытпен жұмыс жасаған кезінде олардың санын 10 бағытқа азайттық. Алайда тасымалдаумен айналысқан қалған автобустар әуелі жүру тәртібін сақтамады. Автобуспен қатынайтын тұрғындардың саны күрт көбеюіне байланысты осындай қадамға баруымызға тура келді», – деді Б.Орынбеков.

Ол жеңіл көлік пен тұрғындардың қозғалысына қатысты да талаптың күшейетінін айтты. «Қала мен облыс деңгейінде жеңіл көліктің саны көбейді, оның ішінде екі жүргізушінің бірінде анықтамасы бар. Тіпті ауыл әкімінің анықтамасы да кездеседі. Осының бәрін ескере келіп, өңірдегі 38 блок бекетте 17 сәуір күні таңғы сағат 8.00-ден бастап ондай анықтаманың күші жойылатындығын мәлім етеміз. Бұл мәселе қалай шешімін табады? Ол үшін біз 14 мыңнан астам көлік пен адам саны енгізілген «Сергек» базасы мен планшеттерге басқарма басшыларымен, қала-аудан әкімдерімен, басқа да мемлекеттік қызметшілермен келісе отырып, толық тазалау жұмысын жүргіземіз. Халықтың қала ішіндегі қозғалысы қазір ешқандай сын көтермейді. Осыған байланысты жергілікті полиция қызметі мен әскерилер бірлесе отырып, күндізгі уақытта нақты шаралар қабылдайтын болады», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Мұндай шешімдерді Тараз қаласы мен аудан әкімдері өз аймақтарында да қабылдауы қажет.

 

Back to top button