8 Сәуір, 11:25 816 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Қазақстан алтын қоры бойынша әлемдік рейтингте 15-орында тұр

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

2020 жылғы ақпан айының соңында Қазақстанның халықаралық қоры 29,9 млрд долларды құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен (29,1 млрд доллар) салыстырғанда 2,6 пайызға көп, – деп жазды ҚазАқпарат Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Қордың валюталық бөлігі сәуірдегі жағдай бойынша біршама қысқарды – 9,6 млрд доллар. 2015 жылдың ақпанында оның көлемі 21,3 млрд доллар болған еді.

Халықаралық қор құрамындағы алтын көлемі қарқынды өсуде. Бір жылдың ішінде Ұлттық банктың алтын-валюта қоры құрылымындағы монетарлық алтын көлемі 33,7 пайызға немесе 5,1 млрд долларға ұлғайып, 20,3 млрд долларға жетіп отыр. Соңғы 5 жылдың ішінде алтын қорының үлесі 26,1 пайыздан 67,9 пайызға дейін артты.

Халықаралық қордың өсімі алтын сатып алу операцияларын жүргізу, сонымен қатар оның әлемдік нарықтағы бағасының көтерілуі есебінен орын алды. Айталық, 2020 жылдың 31 наурызындағы жағдайға сәйкес, алтынның 1 унциясының бағасы 1618,3 долларды құрап, жыл басынан бері 5,4 пайыз өсті.

Айта кетерлігі, әлемнің көптеген дамыған елдеріне мемлекеттің алтын-валюта қорындағы алтын үлесі басым бөлікті алады. Мәселен, ЕО елдерінде мемлекет қорындағы алтын үлесі орташа есеппен 58,6 пайызды құрайды.

Биыл әлем елдері ішінде АҚШ-тың алтын қоры ең көп болды. Бұл елде 8,1 мың тонна алтын бар. Ал Қазақстан алтын қоры бойынша жалпы әлемдік рейтингте 15-орында тұр. Елімізде 386,5 тонна алтын бар.

Соңғы жаңалықтар