Путин қашықтықтан жұмыс істеуге көшті

Коронавирус жұқтыру қаупіне байланысты Ресей президенті Владимир Путин қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті, деп хабарлайды DW. 

Кеше Ресей басшысының үкімет мүшелерімен кездесуі телеконференция формасында өткен. Бұл туралы Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

«Президент Ново-Огаревода болады және телекөпір арқылы үкіметтің жетекшілерімен, министрлер кабинеттерімен жұмыс істейді, шенеуніктер де жұмыс орындарында болады», – деді Песков.

Оның айтуынша, коронавирустың таралуына байланысты Путин сәлемдесу тәсілін өзгерткен. Ресей басшысының әзірге жеке кездесулерде қол беріп амандаспайтыны белгілі болды.

«Қазір барлығы әлеуметтік қашықтықты сақтайды», – деп сөзін толықтырды Песков.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Путин коронавирусқа арналған күнделікті сынақтарды тапсыруда. «Әрине, біз сақтық шараларын қолданамыз, кез келген жиналыстарды болдырмаймыз, мұны мүмкіндігінше қашықтан жасауға тырысамыз», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ  Путинмен кездескен дәрігерден коронавирус анықталғанын хабарлаған. 

 

Back to top button