516
Отандық дәрі-дәрмек өндірісі неге дәрменсіз?
Отандық дәрі-дәрмек өндірісі неге дәрменсіз?
Әлемді шарпыған коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өтпеді. Төтенше жағдай жарияланып, ірі қалалар карантинге жабылды. Шекарадағы өткізу бекеттері бекітіліп, қарым-қатынас тоқтатылған. Жай күндері құны 25 теңгелік медициналық бетпердеге сұраныс артып, тауардың тапшылығы ерекше байқалады.
Жалпы алғанда, бетперде тағу жұқпалы кеселден қаншалықты сақтайды, осыған бір ой жүгіртіп өтсек. Мамандардың айтуынша, әдетте маска киген адам өзін қауіпсіз сезініп, қол гигиенасын ұмытып кетеді екен. Ал коронавирус қол арқылы жұғуы да әбден мүмкін. Ең дұрысы жеке бастың тазалығына мән беріп, көпшілік жиналатын жерге бармаған жөн.
Барлық мемлекеттер шекараларын тарс бекітіп, сақтық шараларына көшкен кезде, әрбір елдің экономикасы қаншалықты қуатты екені сыналатын сәт келді. Экономиканың негізі өндіріс десек, бұл сала Қазақстанда қаншалықты дамыған, өзімізді азық-түлікпен, тұрмыстық қажетті тауарлармен, әсіресе дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете аламыз ба деген сұрақ көпшілік көкейіндегі сауалдардың бірі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде бір реттік қолданылатын медициналық бетперде өндіретін бес компания бар екен. Толық көлемде жұмыс істеп жатқан аталған мекемелер сұраныстың барлығын бірдей қамти алмай отыр. Оның үстіне шикізаттың Қытайдан келетінін, кеден бекеттерінің жабықтығын ескерсек, бұл салада біраз қиындықтардың бар екеніне көзіміз жетеді. Кейбір тігін цехтары киім-кешек тігуді тоқтатып, матадан жасалған бетперде тігуді жаппай қолға алуда. Бұған дейін шетелден, Ресей, Қытайдан әкелінетін маскалар өз елімізде де өндірілуі қолға алынуда.
Қазақстандағы тауар нарығы алыпсатарлыққа негізделгені бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Тауар шетелде өндіріледі, дистрибьюторлар арқылы соңғы тұтынушыға жетем дегенше 2-3 қолдан өтеді. Осыған сәйкес баға да қымбаттайды. Әсіресе, дәрі-дәрмек бизнесі – ең табысты саланың бірі. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Елімізде жарияланған төтенше жағдайды ескерсек, дәрі-дәрмектің тапшылығы артары сөзсіз. Себебі нарық импортқа тәуелді. 2018 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шараларды іске асыра бастаған. Ауруханалар мен медициналық мекемелерге дәрі-дәрмек жеткізіп беруші бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» мемлекеттік сатып алуда отандық өнеркәсіптің үлесін көбейтуді қолға алған. Ресми сайттың мәліметінше, 2024 жылға қарай өнімді 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал қазірше жергілікті өндірушілердің салмағы – 30 пайыз, шетелдік өндірушілермен тікелей келісім – 21 пайыз, өзге тауар жеткізушілер – 49 пайыз. Көріп отырғанымыздай, 70 пайыз дәрілік тауар шетелден келеді екен. Доллар бағасының күрт жоғарылауын есепке алсақ, бағаның қымбаттамаса, арзандамайтынын түсінеміз. Себебі импорттық тауарлардың құны теңгемен емес, доллармен белгіленетіні баршаға мәлім. Отандық бірыңғай дистрибьютордың өзі 49 пайыз дәрі-дәрмекті өзге дистрибьюторлардан алады екен. Доллардың шарықтауын қоссаңыз дәрінің құны қаншама есе қымбаттайтынын түсінуге болады. Соңында қарапайым тұтынушылардың қалтасына едәуір салмақ түсері анық.
Импортқа тәуелділіктен, бағаның қымбаттауынан құтылудың бір жолы – отандық өнеркәсіпті дамыту. Мемлекет тарапынан қолдау білдіріп, жағдай жасалса, дәрі-дәрмек өндірісінің де қарқындап кетері сөзсіз. Қазақстанда жүзден астам фармацевтикалық зауыт бар екен. Арасында 138 жылдық тарихы бар Шымкент қаласындағы АО «Химфармның» бәсі биік. Халықаралық GMP талаптарына толық жауап беретін зауыт модернизациядан өткен. Оған польшалық Polpharma компаниясының инвестиция құюымен қол жеткізілді.
Forbes Kazakhstan сайтында жарияланған ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің басқарма төрағасы Серғазы Адекеновтың мақаласынан үзінді келтірсек: «Тәжірибелі мамандарсыз отандық фармацевтиканы дамыту, халықаралық талаптарға сай ету мүмкін емес. Алдымен инженер-технологтар және орта буындағы мамандар керек. Оларды дайындау үшін медициналық колледждердің, дәрілік өсімдіктер өсіретін агроном дайындайтын ауылшаруашылық колледждердің мәселесін шешу қажет. Жоғары оқу орны шәкірттерінің дуальді жүйеде білім алып, оқу мен өндірісті үйлестіруге мемлекеттің қолдау көрсетуі талап етіледі. Отандық өндіріс көлемін ұлғайту өндіріс пен ғылым-білімнің тығыз интеграцияда жұмыс істеуіне байланысты. Қазақстандық ғалымдардың еңбектері мен жаңалықтары ғана республикамыздың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қабілетті бола алады».
Қорыта айтқанда, тауарға деген сұранысты шетелден әкеліп қанағаттандыру мемлекет үшін оңтайлы жол болғанымен, ел басына күн туып, төтенше жағдай орнай қалса жағдайдың қиын болатынын коронавирус пандемиясы айқындап берді. Ғылым мен білімді дамытып, мамандар дайындап, инвестиция тарту, отандық өнеркәсіпті дамыту бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып тұр.
Асылхан МАДАЛИЕВ