Білім және ғылым министрі ата-аналарға хат жазды

Білім және ғылым министрі ата-аналарға хат жазды

Білім және ғылым министрі ата-аналарға хат жазды
ашық дереккөзі
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің ата-аналарға жазған хаты жария болды. ҚазАқпараттың мәліметінше, министр хатында: «Құрметті ата-аналар! Балаларымыздың көктемгі каникулы 16 наурызда басталды. Қазіргі кезде ата-аналардың басым бөлігі үйде және балаларға 21 күнге созылатын демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуге көмектесе алады. Менің ұлым – төртінші сынып оқушысы. Өзі кітап оқығанды жақсы көреді. Мысалы, оқу жылы басталғалы «Робинзон Крузо», «Том Сойердің бастан кешкен оқиғалары», «Менің атым Қожа», «Көшпенділер» трилогиясы кітаптарын бірге оқып шықтық. Сүйікті кітабымыз – «Капитан Гранттың балалары». Сондай-ақ ежелгі грек және мысыр мифтері мен аңыздарын қызыға оқып шықтық. Ата-аналардың балаларды кітап оқуға баулығаны өте маңызды. Егер бала Сіздің кітап оқып отырғаныңызды жиі байқайтын болса, өзі де қолына кітап алатын болады», – делінген. Министр бала кезінде ғылыми фантастика жанрында жазылған туындыларды ұнатқанын, Айзек Азимов, Рэй Брэдбери, ағайынды Стругацкийлер, Клиффорд Саймак және Роберт Хайнлайнның еңбектері қиялын оятқанын атап өтеді. «Осы авторлардың туындыларын оқып, күні бойы хикаялардың мазмұнын ойлап жүруші едім. Осылайша, есейе келе, ғылыми әдебиеттерге деген қызығушылығым артты. Сондықтан, балаларды осы жанрға баулу өте маңызды деп ойлаймын. Бала күнде оқыған сүйікті туындыларыңызды балаларыңызға ұсынып көріңіздер. Ең бастысы, бала үйде кітапты неғұрлым көп оқитын болса, мектеп бағдарламасын соғұрлым жеңіл меңгеретінін ұмытпаңыздар», – деді Асхат Аймағамбетов. Министр өз хатында кітап оқудан бөлек, отбасымен танымдық видеолар қарауға болатынын айтады. «Мысалы, видеосабақтарды, тренингтер мен ғылыми тәжірибелерді, TED-конференцияларын және басқаларды біздің министрліктің сайтынан білім беру ресурстарының тізімін таба аласыздар. Айтпақшы, қазіргі кезеңде білім беруге бағытталған сайттарды пайдалану барысында трафик есептелмейді, яғни тегін болады. Ол үшін біз интернет провайдерлерімен келісім орнаттық. Бұл қосымша білім беру орталықтары, курстар мен секциялар жұмысын тоқтатқан кезеңде өте ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ, бұл – балаларды онлайн-форматта білім алуға икемдеуге жақсы мүмкіндік, болашақта пайдасы тиетіні де сөзсіз», – деді ол. Білім министрі ата-аналардың басым бөлігі каникул аяқталған соң оқу процесі қалай ұйымдастырылатынын уайымдап жүргенін білетінін атап өтеді. «Қазіргі уақытта оқуды қашықтан жүргізуге көмектесетін ақпараттық жүйелерді дайындап, тестілеудеміз. Кейбір сабақтарды телеарналар арқылы өткізуге болады. Бұл формат біздің оқушылар мен ұстаздар үшін үйреншікті емес, сондықтан педагогтердің жұмысына түсіністікпен және құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Олар оқушыларын сағынды және мектепке келер сәтін асыға күтуде. Бұл – министрдің емес, жағдайға байланысты балаларымызда кенеттен пайда болған бос уақытты тиімді өткізуді және осы кезең бізді балаларымызбен жақындастыра түсуді қалайтын әкенің ұсыныстары ғана. Балапандарымыздың бақытты болуы біз бен Сізге тікелей байланысты. Өзіңіз бен жақындарыңыз аман болғай!», – деді Асхат Аймағамбетов.