24 Наурыз 2020, 09:07 969 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Ақтөбеде антисептиктің төрт түрі өндірілуде

Cурет ғаламтордан алынды
Cурет ғаламтордан алынды

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі өңірде залалсыздандыру жұмыстарына арналған сұйықтық, антисептик шығарылатынын хабарлады.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин тұрмыстық химия өнімдерін шығарумен айналысатын цех жұмысымен танысты. Бұған дейін тұрмыстық химия өнімін шығарған компания енді дезинфекция өнімдерінің 4 түрін, яғни, антисептик, хлоросептик әзірлейді. Өнімдер Өзбекстан мен Ресейге экспортталады.

Облыс әкімі серіктестік басшысы Арыстанбек Жұмабаевқа ең алдымен жергілікті нарықты қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақтөбеде медициналық бетперде де шығарылады. Дәрі-дәрмек, 70-90% спирт те бар. Мұнда әр ауысымда 5 мың дана бетперде дайындалып жатыр.

«Маңыздысы – медициналық жабдықтардың санын арттыру, өзімізден артылған жағдайда ғана басқа елдерге тасымалдау. Сонымен қатар, қаладағы халық көп жүретін орындарды залалсыздандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, қолда бар мүмкіндікті толық пайдалану қажет», – деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы Covid-19 жұқпалы індетіне байланысты өз жұмысын бастаған call-орталыққа да барды. Мұнда он маман үздіксіз қызмет көрсету тәртібінде жұмыс істеп жатыр.

Облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыс басқармасының басшысы Сергей Беккер операторлардың жұмысымен таныстырды. Онда күніне 100-ге жуық сұрақ түседі екен.

Соңғы жаңалықтар