Назым ҚЫЗАЙБАЙ: Жеңістің дәмін елге келгенде сеземін

 

Назым Қызайбай – қазақ әйелдер арасындағы тұңғыш бокс чемпионы. Оның спорттағы мансап баспалдағы 2012 жылы Әлем чемпионатының қоласын алғаннан кейін басталды. Ал 2014 жылы Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болғанда қуанбаған қазақ болмаған шығар, сірә?! Жақында ғана Назым Астанада бокстан өткен қыздар арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңіске жетіп, жанкүйерін тағы бір серпілтіп тастады. Біз 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Назымды айтулы жеңісімен құттықтауға асықтық.

– Назым, Астанада өткен Қазақс­­тан чемпионатындағы олжалы же­ңісің құтты болсын!

– Рахмет! Осы жарысқа еліміздің 14 облысынан, Астана және Алматы қалаларынан 85 боксшы қатысып, 10 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Атағымды қорғап қалдым. Өзім әлі қуанып жүрмін. Себебі ата-анам, жаттықтырушым, ең бастысы, Қазақ елі үлкен сенім артып отыр! Дегенмен жеңіске жететінімді іштей білдім!

– Жарайсың! Ал спорттың бұл түріне келуіңе не себеп? Былай қарағанда, бокс жігіттердің айналысатын шаруасы сияқты көрінеді. Өз қалауың ба, әлде ата-анаңның жол сілтеуімен келдің бе?

– Білмеймін. Бәрінің сұрайтыны осы. Бұл менің жүрегімнің қалауы. Отбасым еш қарсы болмады. Әйтпесе, отбасымда, туған-туыстарда спортқа жақын адам жоқ. Бұл маған ғана бұйырған бақ шығар. Алматы облысы, Жетіген ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Біз отбасында алты ағайындымыз. Үйдің үшіншісімін. Мен өмірге келгенде қызық оқиға болыпты. Әкем ұл бала күткен екен. Содан әкем ұл болмады деп, үш күн бойы үн қатпай, ренжіп жүрген көрінеді. Бәлкім, әкем ұл болғанын қатты қалағандықтан ба екен, бала кезімнен ұлдармен алысып ойнайтынмын. Әпкелерім мен кішкентай ініме біреу тиіссе, солар үшін төбелесетінмін. Көбіне ұлдармен төбелесуге тура келетін. Кейде адам жаратылысынан бір іске жақын болады ғой. Ата-анам қалағандай ұл болмасам да, спортқа жақын болып өстім. Ауылда бокс пен күресті қатар үйрететін жалғыз жаттықтырушы осы қасиетімді аңғарды ма, спортқа шақырды. Бірер ай ол кісіден бокс әліппесін үйрендім.

– Шаңырақ спорт мектебінде оқы­дың, жаттықтың. Ол жерден өзің сияқты жеңімпаздар шықты ма?

– Интернаттың ашылғанын естіп, сынақ тапсырып түстім. Интернатта бес ай оқыған соң, алғашқы жарысқа қатыстым. Ол жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі болатын. Бірінші кездесуім жеңісті болды. Алғашқы жарысымда 44 келі салмақта топ жардым. Үш кездесу өткізіп, қарсыластарымның бәрін айқын басымдықпен ұттым. Содан кейін бапкерім Жұмабек ағай «ересектер жарысына қатысамыз» деді. Бірақ ол кезде жасым 16-ға толмаған. Бұл еш кедергі келтірген жоқ, жолым болып, Қызылордада өткен қыздар арасындағы ел чемпионатында 46 келіде бірінші орын алдым.

Менімен жасты Жәнібек Әлімхан­ұлы да әлем чемпионы болды. Ол да лицен­зиялық турнирге қатысады. Жалпы, спорт мектебінде оқып, үйреніп жатқан көбінесе қазақтың балалары екендігі қуантады.

– 2014 жылы әлем чемпионы атанған кезіңдегі сезімің қандай болды? Қанша дегенмен, қазақ әйелдері арасындағы тұңғыш бокс чемпионы атандың ғой…

– Ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Спорттық мансабымдағы маңызды кездесу Джеджу қаласында өткен Әлем чемпионаты. 48 келі салмақта алаңға шығып, бес кездесу өткіздім. Ақтық сынға үнді боксшысымен шықтым. Оған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында есе жіберген едім. Сол жолы қарымта қайтару үшін барымды салдым. Алтынға да қол жетті. Шыны керек, елге оралғанша жеңістің тәтті дәмі қандай болатынын білмедім. Тек әнұран шырқалған сәтте жүрегім әдеттегіден жиі соғып кеткендей болды. Ал жеңістің қуанышын тек Алматының әуежайына қонған сәтте жанкүйерлерімнің «Назым, Назым!» деп айғайлаған дауысын естігенде барып сезіндім. Нағыз жеңістің дәмін өз елімнің топырағын басқанда таттым десем болады. Өз еліңе жетер жер жоқ!

– Елбасы былтыр Аналар мерекесіне қарсы қабылдауында өзіңе қаратып: «Шынымды айтсам, қыз­дардың боксқа шығып, зілтемір көтер­генін соншалықты ұната қой­маймын…» деген еді. Сеніңше, бокс қызбалаға қол емес пе?

– Көбі солай айтады. Бірақ қазір қыздар спорттың барлық түрінде өнер көрсетуде. Қыздар боксын таңдаушылар көбейгеніне қуанамын. Мұны Қазақстан чемпионатынан да байқауға болады. Өйткені жыл сайын қатысушылар саны артып жатыр. Аймақтарда талантты қыздардың өте көп екенін жұрт жақсы біледі. Әсіресе, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында қыздар боксы даму үстінде. Одан бөлек, көптеген боксшы қыздарымыз халықаралық бәсекелерде топ жарып үлгерген. Сондықтан болашаққа сеніммен қараймын.

– Құрамадағы өзге қыздар туралы айтшы. Кімді мықты немесе әлсіз санайсың?

– Құрамадағы қыздардың бәрі мықты. Бәрі бокспен көптен айналысып келеді. Оның ішінде жастар көп. Жақында ғана оралдық Назым Ищанова әйелдер құрамасына ауысты. Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеткен Алуа Балқыбекова бар. Меніңше, осы екі қыздан көп үміт күтуге болады. Сондай-ақ, Рано Фархатова, Дариға Шакимованы атап өтсем деймін. Спорт мектебінде Жазира Орақбай атты еңбекқор қыз бар. Кішкентай болса да әлем біріншілігінде үшінші орын алды. Ол бағы мен бабы жанса, әлі талай биікті бағындырады деп сенемін. Ал Жайна Шекербекованы білесіздер. Рингте қарсылас болғанмен, бірге жаттығу жасаймыз. Мықты спортшы. Спортта бәсекелестік керек. Қарсылас болмаса спортшының өсіп-жетілуі қиын. Барлық нәрсе өз қолымызда. Кім көп еңбек көрсетеді, соның жолы болады. Ең бастысы, Қазақстанның туын көкке желбірететін спортшы қыздар өсіп келеді.

– Ұлттық құраманың бас бапкері Вадим Присяжнюк сенің бокстасу мәнеріңе дән риза. «Егер «жұлдыз» дертіне шалдықпаса, Джеджудағы жеңісін талай қайталайды» дегені есімізде. Расында, чемпиондық атақ кері әсерін тигізбеді ме?

– Мен үшін бұл атақ мақсатқа жетуге ашылған даңғыл жол. Әзірге еш зиянын келтіре қойған жоқ. «Жұлдыз» ауруына шалдығудан Құдай сақтасын! (күледі). Үлкен жетістікке жетсем де, сол баяғы қарапайым қалпымда қалғым келеді.

– Риодағы Олимпиада жолдамасы қоржынға түсу үшін әлі қандай сайыстар күтіп тұр?

– Лицензияны ертерек алуға бар күшімді саламын. Бізді наурыз айында Қытайда Азия мемлекеттері арасында өтетін халықаралық жарыс пен мамырда Астанада өтетін әлем біріншілігі күтіп тұр. Алға қойған мақсатым нық. Егер бокспен шұғылдансаң, одан нәтиже шығару керек. Бастысы өз арманыма жеткенше аялдап қалмай, соңына дейін еңбек етемін. Әрбір спортшының басты арманы – Олимпиада шыңын бағындыру. Биыл өтетін төртжылдықтың басты бәсекесінде барымды саламын. Бұлшық еттерімнің күшін арттыру үшін аздап салмақ қосуым қажет. Қазір салмағым – 49 келі. Жаттығуларым ойдағыдай өтіп жатыр.

– Қазір 23 жасқа қадам бас­тың. Бокспен қашанға дейін шұғыл­дана­сың? Қызбаланың негізгі міндеті –Ана болу ғой. Мұны да ойлап жүрген шығарсың?..

– Мақсатыма жеткен соң спортты тастайтын шығармын. «Мына жасымда боксты қоямын» деп нақты айта алмаймын. Оны уақыт көрсетеді. Әрине, ана болу Алладан бұйырған міндет. Сәтін салса, ол күнге де жететін шығармын.

– Сәттілік серік болсын! Олимпиада жолдамасына қол жеткізуіңе тілектеспіз!

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button