Мұнай қалдықтары құнарлы топырақ қабатын жарамсыз етеді

Мұнай қалдықтары құнарлы топырақ қабатын жарамсыз етеді

Мұнай қалдықтары құнарлы топырақ қабатын жарамсыз етеді
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары әлемдік мұнай нарығы құлдыраудан көз ашпай келеді. Дүние жүзінде көмірсутегіне деген сұраныс азайып, саудадағы мөлшері көбеюіне байланысты 2015 жылдың желтоқсанында қара алтын құны соңғы 12 жылда тіркелмеген рекордтық деңгейге дейін арзандады. Бұл үрдіс экономикасы негізінен осы кеннің есебінен дамып отырған мемлекеттерде мұнай өндіру көлемінің кемуіне әкеліп соқты.Мәселен, Қазақстанда 2013 жылы 81,8 млн. тонна мұнай өндірілген болса, 2014 жылы 81 млн. тонна өндірілген. Ал 2015 жылдың 8 айында өндірілген қара алтын көлемі 53,4 млн. тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға кем. Елімізде мұнай өндіру көлемі азайғанымен, өндіріс қалдықтарының қоршаған ортаға тигізер залалы кеміген жоқ. Бейресми деректерге сүйенсек, бір ғана Маңғыстау облысының аумағында 2 миллион тоннадан астам мұнай қалдығы жатыр.

Байғаниндықтардың базынасы  

Қара алтын қалдығының қатталуы салдарынан экологиясы ушығып кеткен өңірдің бірі – Ақтөбе облысының Байғанин ауданы. Өткен жылдың желтоқсан айында аудандағы Жарқамыс ауылынан шамамен 13 шақырым жердегі Қаратөбеге мұнай төгілген еді. Жергілікті жұрт күн жылынған соң мұнай қалдықтары еріп, Жем өзеніне құйылады деп алаңдаулы. Экологиясы кері кетіп тұрған өңір тұрғындарының жанайқайына ешкім құлақ асар емес. Оқиға орнына барып, журналистік зерттеу жүргізген “Керек.info” тілшісінің сөзіне сүйенсек, жергілікті билік халықтың мұнай төгілген аумақ көлемі туралы ақпарын да теріске шығарып бағуда. Байғанин ауданының тұрғыны Нұрлан Нұрымның айтуынша, экологиялық апатты алғашқы боп Айбат есімді малшы көріп қалып, Жарқамыс ауылының әкіміне хабар берген. Бірақ мұнайдың аққан жерін бітеуге жергілікті биліктің күші жетпеген. Сол маңға дереу өрт сөндіру машиналары да жиналыпты. Өйткені газ араласқан мұнайдан кез келген сәтте өрт шығуы мүмкін еді. Сондықтан ауыл әкімшілігі ол жерді дереу қоршауға алып, бөгде адамдарды мүлдем жолатпаған. Аудандағы экологиялық мәселені көтеріп жүрген ынталы топ мүшелеріне жергілікті билік “төгілген мұнай 8000 шаршы метр жерге жайылды” деп ресми ақпарат берген. Ал Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов мұнай 23 986 шаршы метрге төгілді деп мәлімдеген. Жергілікті халықтың айтуынша, мұнай кемінде 4-5 шақырымға дейін тараған. Көптің көкейін мазалайтын ендігі сұрақ – қара алтын Жем өзеніне төгілді ме, жоқ па? Осы өзеннің арқасында күн көріп отырғандықтан байғаниндықтардың Жем үшін алаңдауы негізсіз емес. Жергілікті тұрғындардың уәжіне сүйенсек, төгілген мұнай өзенге жетпеген күннің өзінде, қыс бойы топырақтың беткі қабатында қатып жатқан мұнай көктем келе сай-саладан аққан сумен араласып Жемге барып құяды. Байғаниндықтардың тағы бір бас ауруы – мұнай қалдықтарын төгетін полигондардың залалы. Аудан тұрғындары өткен жылдың көктемінен бері қара алтын қалдығын Айрық пен Ноғайты ауылдарының ортасындағы аумаққа төккісі келген “Шалқар Тазалығы” ЖШС-ға табанды қарсылық көрсетіп келеді. Компания 2015 жылдың наурызында жергілікті халықты ескертпестен аталмыш ауылдардың ортасындағы 10 гектарды 1 жылға, 8,7 гектарды 10 жылға пайдалануға рұқсат алған көрінеді. Наразы топ 3 шілдеде Ноғайты ауылдық клубында Ноғайты, Ебейті, Айрық, Қопа, Жарлы, Қарауылкелді, Қандыағаш, Ақтөбе қаласының тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізген. Тыңдауға қатысқандардың 99 пайызы полигон салуға қарсылық білдіруінің арқасында “Шалқар Тазалығы” ЖШС өз жоспарын жүзеге асыра алмады. Арада бірнеше ай өткен соң компания өкілдері өздерінің сөзін сөйлейтін ат төбеліндей топты жинап, бастамаларын жандандырмақ болған. Алайда экология жанашырлары бұл жолы да олардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды. «Мен бұрын эколог болып қызмет еттім. Сондықтан маман ретінде айтарым, полигонның, мұнай қалдықтарын өңдейтін зауыттың қоршаған ортаға еш зияны жоқ деген сөз бекер. Қанша пленка төсеп, бүкіл технологияны қолданамыз деп сендірсе де жерасты су көздеріне қалдық қосылады, улайды. Ендеше, полигонға ауылдан 80-100 шақырым қашық жерден неге орын берілмейді?», – дейді Ноғайты ауылының тұрғыны Өтеген Жүсіп. Ал Жанболат Жұбанов есімді тұрғын: «Аудан территориясына онсыз да соңғы жылдары жауын тамбай, даласы ақсор тақырға айналып жатыр. Ол аз болғандай, шетелдік мұнай өндіруші компаниялардың (әсіресе, қытайлықтардың шектен шығуы) дөңгелекті техникаларының жасыл майса даланы борпылдақ топыраққа айналдырып, ілеспе газды берекесіз жағуынан ауасы құрғап, экологиялық күйзеліске ұшырап отырған ауыл халқына полигон мәселесі тағы қосылды», – деп наразылығын білдірді. Тұрғындар Байғанин ауданындағы жер қойнауын пайдаланушы «Сағыз-Петролиум» және «Фэлкон» мұнай өндіретін компаниясының қалдықтары қоршаған ортаға орны толмас шығын әкелгенін көре тұра, жергілікті биліктің ешқандай шара қолданбай отырғанына таң. Тіпті, полигон салуға қарсы өткізілген қоғамдық тыңдауға әкімдіктің бірде-бір өкілі келмеген. Жергілікті биліктен күдер үзген аудан белсенділері Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа ашық хат жіберіп, экологиялық жағдайға назар аударуын сұрады. Кеңес үкімет тұсында жасалған 11 ядролық жарылыстың зардабын тартқан байғаниндықтар енді мұнай өндірісінен жапа шеккілері келмейді. Сондықтан хаттағы талап-тілектерін облыс басшылығы ескерер деп үміттенеді.

Батыс Қазақстанда да заңсыздық көп

Батыс Қазақстан облысының экологиясына жауапты шенеуніктер де мұнай қалдықтарын бей-берекет төгіп, қоршаған ортаға өлшеусіз залал келтіріп жүрген заңды тұлғалармен күресте әлсіздік танытып келеді. Өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов пен бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Ерлан Сапаровтың тәртіптік ісін қараған болатын. БҚО прокуратурасы анықта­ға­нындай, 2010 жылдың қарашасынан бастап 2012 жылы «УралОйлЭндГаз» кәсіпорны бұрғылаған жерден «Мұнайавтотранс» және «Батыс табиғат» ЖШС мұнай қалдықтарын тасып, онымен Зеленов ауданы аумағын ластаған. Соның салдарынан қоршаған ортаға 911,7 млн. теңге залал келтірілген. Осы қылмысты жасағаны үшін «Мұнайавтотранс» ЖШС директоры Аслан Мұқанов сотталды. Алайда мұнай қалдықтары тасталғаннан бері экология департаменті ешқандай шара жасамаған. Осындай оқиға 2012 жылдың қазанында Зеленов ауданы, Кирсанов ауылы маңында мемлекеттік қорықпен шектесетін жерде де орын алды. «Батыс табиғат» ЖШС-нің 838 текше метр көлеміндегі қалдықтарды заңсыз орналастыруынан бұл жолы 119 млн-нан астам залал келтірілді. Жер қойнауын пайдаланушы аумақты бір жыл өткеннен кейін, онда да прокуратураның талап етуінен кейін тазартқан. Сол секілді «УралОйлЭндГаз» ЖШС бас директоры Арман Нұрмұхамбетов ауыл шаруашылығы жеріне зиянды қалдықтарды төккен (залал мөлшері – 67 млн-нан астам теңге). Бұл соңғы екі серіктестіктің басшылары да сот үкімімен жазасын алды. Бұдан басқа табиғат қорғау про­куратурасы 2013 жылдың аяғында Орал-Саратов жолы бойында, Зачаган кентінде ірі көлемдегі өнеркәсіп қалдықтарының заңсыз орналастырылғанын анықтады. Экологтардың есебі бойынша залал мөлшері 579,3 млн. теңгені құраған. Ауаны ластаушылар да заңды белшесінен басып келген. Айталық, тек 2014 жылы «ҚПО б.в.» кенішінде 1,2 млн. текше метр көлеміндегі газды заңсыз жағудың 106 фактісі орын алған. Сонымен қатар, 2014 жылы 4 және 5 желтоқсанда «Ганг» аппараты анықтаған Бөрлі ауданы Березов ауылында күкіртсутегі мен бензолдың ауада мөлшерден тыс болуын 27 және 28 қараша күндері экологиялық мониторинг стансасы көрсетпеген. Сол күндері адамдардың жаппай уланғаны белгілі. Прокуратура мәліметтері бойынша заңды тұлғалардың қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіргені («ҚПО б.в.» 2011 жылы – 7,5 млрд. теңге, 2012 жылы – 4,7 млрд. теңге, 2013 жылы – 875,5 млн. теңге, 2014 жылы – 2 млрд. теңге, «УралОйлЭндГаз» ЖШС 2013 жылы – 802,6 млн. теңге, 429,9 млн. теңге, «Мұнайгазавтотранс» ЖШС 2014 жылы – 911,7 млн. теңге, «Батыс табиғат» ЖШС 2012 жылы – 119,3 млн. теңге) белгілі бола тұрса да, міндетті экологиялық аудит жүргізу туралы шешім қабылданбаған. Мұнымен қоса, қалдықтарды өз бетімен орналастырғаны үшін жер қойнауын пайдаланушылардан бюджетке 1,3 млрд. астам теңге көлемінде салықтық төлем бюджетке түспеген.

Әр атыраулыққа – 201 келі қалдық

Топырақтың, ішер су мен жұтар ауаның мұнай өнімдерімен ластануы – қара алтын өндірісін өркендеткен Атырау өңірінің де өзекті мәселесі. Облыстың табиғаты экологиялық жағынан қолайсыз, батпақты, тұзды топырақты болып келеді. Соңғы жылдары аймақта мұнай өндіруші кәсіпорындардың көптеп іске қосылуы облыстың экологиялық ахуалын тіпті ушықтырып жіберді. Олардың қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтар мөлшері жылына 1 мың тоннадан асып жығылады. Ел-жұртты жұмыспен қамтып, экономикалық жағынан қыруар пайдаға кенелтіп отыр демесеңіз, мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың арасында Экологиялық кодекстің талаптарын сақтап отырғандары некен-саяқ. Жыл сайын ауа қабатына шығарылатын қауіпті заттар көлемінің 85 пайызы осы салаға тиесілі. Ең сорақысы, оның тек 0,2 пайызы ғана залалсыздандырылады. Атыраудағы ірі жер қойнауын пайдаланушылар тек 2012 жылдың өзінде қоршаған ортаға 107 мың тонна өндіріс қалдығын шығарған, яғни әр атыраулыққа шаққанда 201 келіден келеді деген сөз. Облыстық экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2014 жылдың бірінші жарты жылдығында мұнай өндіру кәсіпорындарынан 115,8 мың тонна қалдық шығарылған. Бұдан бөлек, қатты күкірт 59,3 мың тоннаға жетіп жығылса, өндіріс қалдықтары көлемі 85,6 мың тоннаны құраған. Ал 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында шығарылған қалдық – 217,3 мың тонна. Көрсеткіштің өсуін мамандар «Болашақ» зауытында және темір жол кешенінде жөндеу жұмыстарының көбеюі және құрылыс жұмыстарының артуымен түсіндірген. Өңірде өндірушілердің мұнай қалдықтарын заңсыз төгу фактілері жиі тіркеледі. Мәселен, өткен жылы табиғат қорғау прокуратурасының Мақат ауданы аумағына жүргізген рейд жұмыстары барысында Қарабатан стансасы мен Таскескен разъезінің арасындағы темір жол бойынан мұнай төгіндісі анықталды. Қара алтын қалдығы облыс орталығынан небәрі 40 шақырым жердегі Қарабатан стансасы аумағында табылған. Белгілі болғандай, мұнай шамамен 250 шаршы метр аумаққа жайылып, жан-жағындағы өсімдіктер күйіп кетіпті, кей жерлері қазылған. «Ластанған аумақ – 0,75 гектар, төгінді топыраққа 15 см-ге дейін сіңген. Бұл жерден «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның темір жол торабы және «Транстелеком» АҚ-ның кабелдерді қорғау аймағы өтіп жатыр. Осыған байланыс­ты заң талаптарын басшылыққа ала отырып, ластанған жердің кімге тиесілі екені, мұнай тәріздес сұйықтықтың төгілуінің орын алу себебі тексерілуде», – деді оқиға орнын өз бақылауына алған Атырау облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы Бағдат Жақыпов. Оның айтуынша, жерге сіңген мазут жауын жауғанда топырақтың бетіне қалқып шығады. Атырау облысы бойынша экология депар­таменті «Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалына жоспардан тыс тек­серіс жүргізу барысында да біраз ши­кілікті анықтады. Мартыши-Атырау магис­трал­ды мұнай құбырының шамамен 81,6 шақы­рымындағы ақауға байланысты жерге ластаушы зат төгілген. Алайда, аталған оқиға кезінде кәсіпорын апат туралы ешкімді құлақтандырмай, заң талаптарын өрескел бұзған. Салдарынан «Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалына 396 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Десе де, апаттың аймақ экологиясына тигізген зардабы бұдан бірнеше есе көп. Сонымен қатар, қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындар ретінде «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» және «Теңізшевройл» ЖШС-тері де жиі ауызға алынады. «НКОК» 17,3 мың тонна топырақты ластаса, «Теңізшевройл» серіктестігі 11,46 мың тонна топыраққа залалын тигізген. Бұл – 2015 жылдың алғашқы алты айындағы фактілер. Жергілікті «Атырау» газетінің хабарлауынша, 2014 жылы қоршаған ортаға залалын тигізген 16 мұнай төгіндісі анықталған. Салаға жауаптылар әр оқиғаны жіті тексеріп, табиғат пайдаланушыларға ірі көлемде айыппұл салған. Десе де, болары болып, бояуы сіңіп қойғаннан кейінгі жаза төгіндінің аумақ табиғатына тигізген залалын жоя алмасы анық. «Қатты ластанған аймақтарда топы­рақтың тығыз қабаттары жалаңаш­танады, нәтижесінде топырақтың қуаңдануы мен тұздануына әкеліп соғады. Ластанған топырақты қалпына келтіру мақсатында топырақты тазарту және рекультивациялау техноло­гиясын жасау үшін қаншалықты мұнай қалдықтарымен ластанғанын, құрамын дәл анықтау қажет. Мұнай қалдықтарының топырақтың құрамына әсерін білу мақсатында химиялық және физика-химиялық талдаулар пайдаланылады. Жалпы, мұнаймен ластанған топырақтың қалпына келуі – ұзақ процесс. Сол себепті өңірде топырақтың құнарлылығын арттыру – бүгінде үлкен түйткіл», – дейді академик Мұфтах Диаров.

«Құмкөл» тынысты тарылтты

Қызылорда облысы да – жер қойнауынан мұнай алынатын аймақтың бірі. Аймақтағы мұнай компанияларының ел экономикасына қосқан үлесі туралы жиі естігенімізбен, олардың қоршаған ортаны ластаудағы «үлесі» жайлы айтыла бермейді. Бірақ бұл жергілікті табиғат пайдаланушылар өңір экологиясына зиян келтірмейді деген сөз емес. Арал теңізінің сарқылуы салдарынан онсыз да экологиялық күйзеліс аймағына жататын облыс өндірістік қалдықтардан да аз залал тартып отырған жоқ. «Экосос» ұйымының жетекшісі Бақытжан Базарбектің айтуынша, өңірдегі «Кұмкөл» кен орнынан атмосфераға азот диоксиді мен оксиді, метан, күкірт қышқылы, формальдегид сияқты ластаушы заттардың 26 түрі бөлініп шығады екен. Соның ішінде, мұнай компаниялары ілеспе газды жылдар бойы ауаға жіберіп отыр. Ал оның күйесінен шыққан күкіртті диоксид, көміртегінің тотығы, азот диоксиді секілді химиялық қоспалар қоршаған ортаға елеулі залал келтіретіні айтпаса да белгілі. Қызылорда облыстық экология департаментінің 2012 жылғы мәліметі бойынша, 667 мұнай-газ және өзге саладағы кәсіпорындардан ауаға 27,257 мың тонна ластаушы зат шыққан. Соның 85 пайызы, яғни 24,427 мың тоннасы ешқандай тазартылмаған күйі ауаға тараған. Жалпы, Қызылорда облысында ауаға шығарылатын ластаушы заттардың 63 пайызын мұнай және газ өндіру саласындағы кәсіпорындар шығарады. Ал «ПетроҚазақстан­Құмкөл Ресорсез» АҚ, «Саутс ойл» ЖШС сияқты компаниялардың атауы облыстық экология департаментінің жылдық есептерінде экологиялық нормаларды бұзған кәсіпорындар ретінде жиі қылаң береді. «Өкінішке қарай, мұнай және газ компаниялары өндірістегі экологиялық бақылау шараларына селқос қарайды. Ал олардың жұмысын бақылайтын жер­гілікті уәкілетті органдар мен эколо­гиялық инспекторларының жеткі­ліксіздігі, кей жағдайларда олардың білімі мен кәсіби даярлығының төмендігі компаниялардың бей-берекет жұмыс істеуіне басты себеп болып отырғанын айтқан ләзім. Компаниялар өздерінің экологиялық саясатын жетілдіруге баса назар аудармайды. Мысалы, экологиялық менеджменті қалыптасқан бірде-бір қызылордалық мұнай-газ компаниясы жоқ. Себебі олар экологиялық менеджмент дегенді зауыт маңына көзбояушылық үшін жүз ағаш егіп, қоқыстарын «мысық көмбе» жасап жерге көме салу, я болмаса қалдық суларының коймаларын қоршап қою деп қана түсінеді», – дейді «Экосос» ұйымының жетекшісі Бақытжан Базарбек. Салаға жауапты уәкілетті орган­дар­дың экологиялық нормаларды бұзған мұнай компанияларына қыруар айыппұл салып жатқанын жиі естиміз. Алайда нәтиже шығар түрі жоқ. Оның себебі белгілі: табиғатты пайдаланушыларға жаңа технологияларды іске асырып, жасыл экономикаға қадам басқаннан гөрі айыппұл төлеп құтылған тиімді. Өйткені еліміздің экологиялық заң­намасы бойынша олар тек көзге көрінетін залалды ғана өтейді. Ал көзге көрінбейтін және кешенді эко­логиялық, санитарлық-эпидемио­ло­гиялық зерттеулерді қажет ететін залал әзірге өтеусіз қалып келеді. Тынысы тарылған табиғатқа деген қамқорлық, ластанған ауаны жұтып, уланған суды ішетін отандастарына деген жанашырлық болмаса, қоршаған ортаны ластаушылар үшін заңның қауқары шимай-шатпақ басылған қағаздай-ақ.  

Анар ЛЕПЕСОВА