19 Қаңтар, 13:56 716 0 Өнер Túrkistan Gazeti

Бекжан Тұрыс: Кем талантқа берілетін баға шын талант­ты кемсіту болып көрінеді

– Жақында «Құрмет» орде­ні­нің иегері атандыңыз. Осы рет­те біздің қоғамда шын талант­тар өз уақытында бағаланып жатыр ма деген заңды сауал туындайды...

– Қазір шын талант пен танымал­дылықты ажырата алмайтын жағ­дайдамыз. Талантқа шынайы құр­мет көрсете алатын халық қана ұлы өнерді туғыза алады. Кейде кем талантқа берілетін баға шын талант­ты кемсіту болып көрінетіні рас. Бірақ асыл тас су түбінде жатпай­ды. Маңдай тері төгілген талант­тарға кейде атақтың да кешігіп же­тіп қуантатыны бар.

Мағжан ақын «Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім...» дейді. Бізде қа­зір осындай ерлер бар ма? Біздің қо­ғамда атақпен ауыратын адамдар көбейген сияқты. Ұлт бар жерде ұлттық проблема болмай қалмайды. Сын сағаттарда атағы дардай азаматтар төбе көрсетпейді. Соған қарап атақ пен танымалдықтың құрбаны боп жүрген жандар жетерлік-ау деп ой түйемін. Баяғыда ауылда үлкендер «атақ-абыройдың келуі де бір сәттік, кетуі де бір сәттік, көппен бірге бол» деп айтатын. Сондықтан мен үшін атақтың ең үлкені – халықтың шын сүйген, ықыласы құлаған перзентіне сый-құрметімен, қасиетімен жүрегінің төрінен орын бергені. Ал енді мемлекет тарапынан берілетін марапаттар таланттың еткен еңбегінің өлшемі. Бірақ сол марапаттар соңғы 5-6 жылда оңды-солды таратылып жатқан кезде атақтың құнының кеткенін білесің. Досбол бидің «Бақ біздің кезімізде сұңқар құс сияқты еді, бәсі биіктерге ғана қонатын. Қазір қара шыбын сияқты, қай жер сасық, сол жерге қонады» деп айтқан сөзі бар. Алпысқа келсе де әлі де атақсыз, марапатсыз жүрген ағалардың еңбегін және отыздан енді асқан жандардың «осы жасымда мынадай атақ алдым» деп мақтанғанын көресің. Сол атаққа мас болған жастар «мына кісілердің алдында еңбегім қандай?» деп ар жағын да ойлауы керек. Олар­дың жасаған дүниесі ағаларының еңбегінің жартысына да тұрмайтынын көзіміз көріп жүр.

Менің алғашқы марапаттарымның бірі «Астана» төсбелгісі болатын. Еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілген тұста елор­да төрінде Әбіш Кекілбаев аға­мыздың «Абылай хан» спектаклін қойдық. Спектакльден соң Әбіш ағам келіп маңдайымнан сүйіп «Айналайын, менің кейіпкерімді тірілткен бірден-бір жан болдың» дегені мен үшін үлкен марапат болды. Сол кезде Астанаға қызмет еткендерге «Астана» төсбелгісін қадады. Оның ішінде
Б.Атабаев, Т.Аралбаев және мен де бар едім. Медальді тағып жатып Әбіш аға: «Атағың болғаннан ұятың болғаны дұрысырақ» деп айтты. Сол сөз менің әлі күнге дейін құлағымда тұрады.

Осы жолы маған «Құрмет» орденін лайық деп тапқан екен. Мені «Құрметке» қаншалықты лайықпын деген салмағы зілдей бір сұрақ мазалады. Ең бастысы жауапкершілікті сезіне білетін түйсік бар. Аллам сол түйсіктен, абыройдан айырмасын деймін.

– Биыл күзден бастап  М.Әуе­зов театрында Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясы араға бірнеше жыл салып сахнаға қайта оралды. Қырманбай ақсақалдың рөлін бірнеше жылдан кейін қайта ойнау сізге қандай сезім сыйлады?

– Жиырма жыл бойы аншлагпен өткен спектакльдің қандай себеппен репертуардан сызылып қалғанын білмеймін. «Ештен кеш жақсы» дегендей, «Бес бойдаққа бір той» спектаклі араға 7 жылдай уақыт салып сахнаға оралған жайы бар. Спектакльді ауылды сағынған жұрт жиі сұрайтын. Сондықтан қойылымды көп өзгертпедік, баяғы ауылда магнитофон көтеріп жүретін, қыздардың есігінің алдына келіп ысқыратын жігіттер сол күйінде қалды. Ал өзімнің рөліме келетін болсам, адам есейген сайын толысады. Кезінде жіберіп алған кемшіліктерді түзеп, кем-кетігін түгендеп, жақсы бір тәп-тәуір шалды сахнаға алып шықтым деп ойлаймын. Жалпы, қойылымды көрермен жақсы қабылдап жатыр.

– Спектакльдегі Қырманбай ақсақал балаларының тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмай, ұлын үйлендіре алмай, қызын ұзата алмай, өз отбасының ертеңіне алаң­даулы. Бүгінгі қыз-жігіттер үй болып түтін түтетуге асық­пайды, ал отбасылы бола қал­са ажырасуға асығып тұратын­дай...

– Жаңылмасам, еліміз Азия елдері арасында ажырасудан алғашқы үштікте тұр. Кезінде бір қарияның кесімді сөзі елімді, бір кем­пірдің кесімді сөзі келінді тәрбиелеген халық едік. Қазіргі ұрпақ өсиет пен өнегеге құлақ түрмейтін, оны қажет етпейтін сияқты. Пір Бекет «Киелі өсиет – елдің қазығы, ұрпақтың азығы, әруақтың есігі, иманның бесігі, құранның өңі, шариғаттың белі, тектіліктің төлі» деген. Біз тектіліктің де құнын кетіріп алдық қой. Тіпті, жар дегенде жалғыз қызы ұзатылып бара жатқан кезде де қазақ «Өсиетке терең, өсекке керең бол. Түпкілікті тұрағың сол жақ, сүйегің сол жақтан шықсын. Еркек болғаннан кейін оның түрлі мінезі болады. Оны кешіретін сенде кеңдік болсын. Ал егер ол жоқ болса, аналық ақ жаулықтан дәметпей-ақ қой» дейтін. Осы сөзді ұзатылып бара жатқан қызына айтатын ата-ана бар ма қазір? Біз балаларымыздың ыңғайына жығылатын, қас-қабағына қарайтын болып кеттік. Ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасып жатқандар көп. Неге? Өйткені біз мейірім деген ұлы ұғымның шырағын сөндіріп алдық. Ал мейірім болмаған жерде еш уақытта махаббат болмайды. Бүгінде сол махаббатқа құлдықтың қамытын кигізіп, ақшалының қолын сүйгізіп, бардың қолжаулығы, жоқтың қолүздігі етіп қойдық. Ал махаббатты ұмытқан қоғам бақытсыз ұрпақты тәрбиелеп шығарады.

Баласағұн «Бақ-дәулет керіскенге келмейді, келіскенге келеді» депті. Үйленіп жатқан жастардың арасында керіс өте көп. Әбден ерке болып өскен қыз бен жігіт бір-біріне сыйыспай жатыр, оларды табыстырайын, жөнге салайын деген ата-ана жоқ. Қыз жағынан «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп айтады. Ұл жағындағылар «денің сау, қызметің бар, әлі керемет қыз тауып аласың» дейді.
Бұл – ұлт бойындағы қасірет деп айтсам болады. Қазақ халқының саны онсыз да аз, ал ажырасу арқылы біз өспейміз.

Ықылым заманнан бері еркектер киіз үйдің шаңырағын көтеріп, керегесін керіп, уығын шаншитын, ал әйел үзік, туырлығын жауып, үйдің іші мен сыртын сәндейтін. Еркек – шаңырақтың иесі, үйдің тірегі, әйел – отбасының ұйытқысы, алтын қазығы, берекесі. Баяғы аналарымыз отбасының құтын сақта дейтін. Ардың сүтімен ауызданған, абыройдан аттап кетпеген, адалдықтың ақ бесігін тербеген сол аналардың жүріп өткен жолынан бүгінгі ұрпақ жүріп өте ала ма деген қорқыныштың тұратыны рас. Ұл-қыздарымыз берік отбасының іргетасын мықты қаласын десек, тәрбиенің бәрін отбасынан бастауымыз керек.

– Сіз ылғи ойдың үстінде жүре­сіз, соңғы кездері не жайын­да ойлап жүрсіз?

– Ой үстінде жүретін адам сырт көзге суық көрінуі мүмкін. Ал мұңсыз, ойсыз кісіден өнер шықпайды. Өнер де тек талғайды, тамырын тереңнен тартады, оған білім, зерде, парасат, пайым, табиғи талант керек. Құр дауыс, құрғақ айғаймен адам назарын ала алмайсыз. Сондықтан мен осының бәріне жауапкершілікпен қараймын.

Ағаш биіктеген сайын тамыры қара жерге тереңдейді. Адам да сол сияқты, болашақ туралы алаңдамай тұра алмайсыз. Ұлттың ертеңі үшін алаңдайтыным рас. Мені бүгінде тұтас елді біріктіретін ұлттық сананы қалай қалыптастыруға болады деген сауал мазалайды. Біздің бар тірлігіміз терең санаға негізделуі тиіс. Ол сырты жылтыр, іші қуыс, жалған сана емес, кәдімгі ұлттық сана.

Бізге рухани өсу керек, ол үшін ой бостандығы, сөз бостандығы керек. Біз өзімізді танудан қашамыз. Жалтақпыз, сен тимесең мен тиме деген қорқақтық бар. Адамдарға сенбейтін болғанбыз, өйткені бірін-бірі сатқан адамдарды күнделікті өмірде көп кездестіреміз. Сонымен бірге елдің тағдырына алаңдайтын, білімді, іскер ер азаматтар көбеймей тұр. Биліктің басына бағы асып емес, адасып кел­гендер көбейді. Ұлтын ұлықтай алмайтын ұлдардан не пайда қазір бізге?

Айтатыным көп қой, құр отырып тілім сайраулы болғанымен, қол-аяғым байлаулы. Қолдан келер ештеңе жоқ. Қоғамның жақсы жағын айтыңдар, насихаттаңдар деп жатады. Шындықты айтсаң, сен жау болып шығасың. Сол санадан әлі арыла алмай жүрміз. Ақиқатты айналып өткіміз келеді. Қазір тағы да бір алаңдайтын нәрсе – ұлттық тәрбиенің тізгінін босатып алдық. Ұрпақтың тәрбиесіне көбірек мән беруі­міз керек. Өйткені ұлттың ертеңі бүгінгі ұрпақтың қолында тұр. Ұлтқа деген ұран көп болғанымен, ұлтқа қызмет болмай жатыр.

– Үлкен өнер жасау үшін өнер адамына не қажет?

– Өнер – ұлттың рухани уызы. Үлкен өнер жасау үшін биік сезім, таза жүрек және рух болуы тиіс. Өнер адамына бардан гөрі жоқты көбірек айту пайдалы. Алдыңғы буын ағаларымыз «бардың парқын, жоқтың нарқы өсіреді» деп жиі ай­татын. Біз қазір шындығы керек, өз әріптестерімізге, қатарларымызға, өзімізден кейінгілерге де шындықты айта алмаймыз, сын айта алмаймыз. Бәріміздікі көңіл жықпастықпен айта салатын өтірік көпшік қою. Жалпы, біз өтірік өмір сүруді негізгі тірлікке айналдырып алдық қой.

Өнер болғаннан кейін жақсысы да, жаманы да болады. Оның құласын айтсаң ешкім қанағаттанбайды, төбелін көрсетсең көпшілікке жақпайсың. Жақсыны айтсаң тарылады, жаманын айтсаң арланады. Нашарын сынап жатсаң, біраз адамға жақпайсың. Мақтап жат­саң, былайғылардың бәріне жақ­пайсың. Ал өнерді өмірлі ететін шындық қой. Біз сол шындықтан алшақпыз.

Қазіргі жастар бірден танымал, атақты болғысы келеді. Оған халық қалай қарайтынына көз салмайды. Талантты, еңбекқор жастар жоқ деп айта алмаймын. Бізден кейін де әлі талай сыршыл таланттар келеді. Бірақ сол жастар ұлттың бойындағы құндылықтарға, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің бәріне берік болса екен дейміз. Өнерімізге өңеш­теп кіріп алған еуропалық элементтерден бір жеңілдегеніміз жөн. Өзгеден үйрендік, өнеге алдық, ал енді бізден үлгі алар дүние қайсы деген нәрсе толғандырады.

– Сізге киноға түсуге ұсыныс­­тар болып жатыр ма? Кино-ға түсу үшін қандай талап қоясыз?

– Бұрын мені киноға көп шақы­ратын, бірақ ол кезде менің театр­да арқалаған жүгім ауыр болатын. Көп спектакльде мен жалғыз құраммен ойнайтынмын, сондықтан театрға ешқандай кедергі келтіргім келмеді. Өйткені менің төрім, мені өсірген – осы театр. Бұл киноны жек көреді деген сөз емес. Салмақты, жақсы, әдемі бір қазақы үлгідегі кинолар болып жатса, әйтеуір бір түсермін деп ойлаймын. Елубай Өмірзақов ағамыз түскен «Ата­мекен» деген кино бар. Тура сондай бір киноға түсу маған жете­тін еді. Қазақтың бір қасиетті қара шалының жүріп өткен жолын Елубай аға әдемі көрсетеді.

Бүгінде біздің кездегідей озық  кинолар жоқ. Тіпті, айтсаң оны мойындағысы келмейтіндер де бар. «Сен сол ескілікпен қалып қойғансың» деп өзіңе қарсы уәж айтатындар бар. Қазақтың алтын қорына кірген киноларды неге әлі күнге дейін бірнеше рет көрсек те жалықпаймыз? Өйткені бұрынғы киноларда қазақтың өмірі, тілі, үні, тәрбиесі бар еді. Ал қазір бәрі жеңіл-желпі. Біреу танымал болғысы келіп кино түсіреді, енді бірі көп ақша тапсам дейді. Киноға түсіп бақтары жанып, сол арқылы көрерменнің де, елдің де көзайымына айналып жүрген жігіттер жоқ емес, бар. Алайда мен олардан тұлға шыға­тынына сенбеймін. Сонан соң актер өзінің бағасын білуі керек деп ойлаймын, өйткені бізде кино саласында актерлерге өте аз төленеді. Осы мәселе де кейде мені кинодан шеттетіп тұрады.

Жақсы кинолар ақырын-ақырын түсіріліп келе жатыр. Алдағы өткен ағаларымыз жасаған дүниелердің деңгейіне жететін күн де алыс емес шығар. Сондай өнерді, талантты туғызған өлке тағы да таланттарды туғызбайды деп айту күпірлік болар. Мен киноға түсе алмай кеттім деп өкінбеймін. Театрда жасап жатқан бейнелеріме шүкір деймін. Әлі де көптеген бейнелер жасағым келеді.

 

Арайлым Жолдасбекқызы

 

 

Соңғы жаңалықтар