Алты баланың анасы неге өз-өзіне қол cалды – әкімдік нені жасырып отыр?

Алты баланың анасы неге өз-өзіне қол cалды – әкімдік нені жасырып отыр?

Алты баланың анасы неге өз-өзіне қол cалды – әкімдік нені жасырып отыр?
ашық дереккөзі

Жаңа жылға екі күн қалғанда Шымкент қаласының тұрғыны, 6 баланың анасы Гүлнәр өз-өзіне қол салды. Ана сүтінен әлі ажырамаған кенжесі жақында 2 жасқа толады екен. Үлкені жуырда ғана әскери борышын өтеп келіпті.  

"Айқын" газеті жазған мақалада, 6 баласын ана жылуынсыз қал­дыр­ған марқұмның бұл әрекетіне қатысты әркім әртүрлі болжам айтады. Көбі жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған жалғызбасты ананың кезегі таяп қалғанда әкімдік тарапынан қандай да бір себеппен ке­зектен алынып тасталғанын ай­тады. Алайда кейбір ақпарат құ­рал­­дары мұны жоққа шығарды. Әкім­дік мамандары жалғызбасты ананың кезекте әлі бар екенін айт­қан. Кезектің уақыты келгенде Гүл­­нәрға тиесілі тұрғын үй кәмелет­тік жасқа толған үлкен ұлына ресім­дел­мек.

 width= Газет тілшісі мәселенің мән-жайын білу үшін марқұмның үйіне арнайы бар­ған екен (Шымкент қаласы, Бекет­ті көшесі 160 үй. Бұрынғы Привокзальная көшесі). Журналистің жазбасы кез келген адамды бей-жай қалдырмайтыны анық. Шыны керек, күн сайын дамып жатқан үшінші мегаполисте, онда да қала­ның қақ ортасында дәл осындай қай­ғы­лы жағдайдағы үйлер бар деп ойламайсыз. Айқыш-ұйқыш, жос­парсыз салынып, қисайып, құлайын деп тұрған үйлер. Әр жерде аяқ алып жүре алмайтын шашылып жатқан қоқыстан, қол­қаны қапқан қолаңса иістен әупірімдеп әрең өтіп, түкпірде орналасқан үйге зорға жеттік. Өкінішке қарай, алғашқы күні бізді қабаған ит қана күтіп алды. Көршісі Дәмелі Сыздықова бізді сонау қол жетпес биліктен кел­гендей бірден мұң-зарын айтып қоя берді. «34 жылдан бері осын­да тұрамын. Гүлнәр әп-әдемі, бірсыдырғы келіншек еді. Көргенде амандық-саулықтан ары жақын араластығымыз болмаған. Олардың мұнда көшіп келгеніне де 5-6 жыл болып қалды. Пәтер жал­­дап тұрады. 6-уы да ер бала. Мар­­құмды жерлеу рәсімін, жеті­сін де әкімдік өткізіп берді. Қай­тыс болған күннің ертесіне-ақ әкім­­діктегілер балаларды көшіріп алып кетті. Мына үйде тұру мүмкін емесін көрген шығар. Қазір қай­да тұрып жатқанын білмейміз. Бала­лар әр бейсенбілігінде келіп Құран оқытып кетеді» деді Дәмелі апа. Әжейдің айтуынша, марқұм осы маңдағы Қошқар ата өзенінде таза­лау­шы болып жұмыс істеген.  width= Ал мұндағы тұрғындардың тір­­шілігі аянышты. Көпшілігі таби­ғи газ кіргізе алмаған, көмір пай­да­ланады. Тиісті мекеме қоқыс үшін адам басына 200 теңгеден жи­нап алғандары болмаса арнайы кон­­тейнер қойылмаған. Есіктің ал­дын­да тұрған кәріз құдығының мәселесі бір төбе. «Иісінен жазды­гүні есіктің алдына шыға ал­май­­мыз», – дейді қария. Тағы бір көр­шісі, жолдасынан ерте айы­ры­лып 3 қызымен қалған ана билікке ренішін білдірді. 14 жылдан бері жертөле іспетті үйде тұратын шешей­дің үйінің шатырынан су ағып тұр. Құлаудың сәл-ақ алдында. Әр жаңбыр жауған күні құлап қала ма деген қауіппен өмір сүреді. «Сүрілуге кетеді деген әңгіменің айты­­лып жүргеніне де 5-6 жыл болып кетті. Бірақ әкімдіктен бірде-бір адам келген емес. Естуімізше, 10 шақты үйге ақша бөліпті. Олар көшіп те кетті. Біз міне, қай күні үйім ортасынан опырылып түседі екен деп қорқып отырмыз», – дейді бойжеткен қыздары болған соң аты-жөнін айтқысы келмеген ана. Шымкент қаласының жаңа кар­тасы бойынша мұндағы үйлер сүрілуге тиіс. Алайда биліктен хабар жоқ. Мұнда ешкім ат ізін салмайды.

Бір қызығы, осы үйлердің жа­ны­на биік, әдемі жасыл қор­шау қойылған. Арғы бетінің тө­менгі жағынан «Қошқар ата» өзені ағып жатыр. Буыны ауырып және ас қо­ры­ту мүшесі мазалағандарға бір­ден-бір ем бұлақтың суына келе­­тіндердің қатары көп екені бел­гілі. Жылдың төрт мезгілінде адам аяғы үзілмейтін бұл демалыс аймағы – ерекше қорғалатын аймақ қатарында. Әсіресе, жаздыгүні халық иін тіресіп жатады. Мемлекет қор­ғауындағы өзеннің үстіндегі үй­лердің сиқы көрінбесін дегені шы­ғар, әйтеуір биік қоршау орнатылып­ты.

Ертесіне бейсенбілік өткізіп жатқан үйге тағы соққанбыз. Айқара ашық тұрған есіктен кіргенімізбен бала-шағаны көрмедік. 5-6 көрші-қолаң мен марқұммен бірге жұмыс істеген құрбылары ақша жинап, өздерінше ас беріп жатыр екен. Бүгін де балалардың қайда еке­­нін, жағдайын білмек болып Әл-Фараби аудандық әкімдігіне хабар­­ласқанбыз. Аудан әкімі Ға­бит Мәуленқұловпен 2 күн бойы хабарласа алмаған соң тиіс­ті ма­мандарға хабарластық. Ал­ға­­­шын­да басшылықтың рұқса­тын сұ­рау­ға кет­кен әкімдік өкілі кейін мә­лі­мет беру­ден бас тартып, қа­ла­лық ішкі саясат басқармасына ха­­бар­­ласуы­мызды сұрады. Дегенмен атал­ған басқарманың жауапты ма­ма­ны да басшылықтың рұқсатын­сыз еш­нәр­се айта алмайтын болып шықты.

Бізді таңдандырғаны және күдіктендіргені де осы болды. Егер мәселе таза болса, неге биліктегілер ашық айтпайды? Бір-біріне сіл­теп, жауап беруден жалтарып жүру­ле­рін­де не сыр бар? Қалай болғанда да көңілімізде жасырудың артында бір құпия тұр ғой деген күдік қалды. Әйтпесе жерлеуін, жетісін өткізіп, ба­­лаларды пәтерге ауыстырып жа­тыр екен. Ендеше соны неге айт­пасқа?! Демек, әкімдіктің де өздерінде кінә болған. Көршісінің айтуынша, сол күні Гүлнәр әкімдік жиналысына қатысқан. Мүмкін, үй алуына қандай да бір қысым болғаны рас па екен, кім білсін?!

Ал Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталған жайт Әл-­Фа­­раби аудандық полиция бө­лі­мінде өзін-өзі өлтіруге дейін жет­кізу бабы бойынша тіркелген. Мұн­дай жағдайға кім жеткізді екен?! Заң әділ шешімін шығарар деген үміт­те­міз. Әзірге, мәселе одан ары ушы­ғып кетпей, тағы да құрбандар бол­май тұрғанда, осы аймақтың тұр­ғындарын «қайырымды қала­ның» қайырымды адамдары жабы­лып, пенде баласы өмір сүру мүм­кін емес аймақтан алып шығу керек. Әйтпесе, мәдени астана атын ием­­ден­ген мегаполиске келетін қо­нақ­тардан ұят болары анық.