9 Қаңтар 2020, 15:11 1357 0 Руханият Túrkistan Gazeti

ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯСЫНА – 100 ЖЫЛ

Сурет: e-history.kz
Сурет: e-history.kz

Ақпан, Қазан революциясынан кейінгі ақ пен қызылдың өзара тайталасы бүтін дүниені дүрліктіріп жіберді. 1919 жылдың 10 шілдесінде РСФСР Халық комиссарлар кеңесі құрылды. Кеңес «Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декрет қабылдады. Казревкомның ең жоғарғы әскери бөлімі – азаматтық басқарма болатын.

Казревком құрамына сол жылдары Ақмола, Орал, Тор­ғай облыстары, Астранхан губер­ниясының шығыс бөлігі кір­ген-ді. Советтік жүйені қа­зақ даласына орнату жолында бел­сенділік танытқан С.Пест­ковс­кий, Ә.Жангелдин, Ә.Әйтиев, Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, С.Меңдешов, М.Сералин, В.Радус-Зеньковия, А.Авдеевтер еді. Казревком Орталықпен (Мәскеу) тығыз жұмыс істегендіктен, қазақ жеріндегі жергілікті билік басқаруы екіге бө­лінді. Нәтижесінде, 1920 жыл­дың 9 наурызында Алаш Орда ұлттық үкіметін тарату жөніндегі Казревкомның шешімі қабылданды. Іс жүзінде 1920 жылдың 5 наурызында Алаш Орда кеңесі өз жұмысын ресми тоқтатқан-ды. Осы жы­лы В.Лениннің тарапынан Алаш үкіметін құрған азамат­тар­ға кешірім (амнистия)  жа­рия­ланды, олар советтік үкі­мет­тің құрылысына атсалысуға шақырылды. Алаштың оқыған арыстары советтік жүйенің оқу-ағарту, мәдениет, полиграфия салаларында жұмыс істеп, қоғамдағы сауатсыздықты жоюға күш салды.

1920 жылғы 26 тамызда «Қыр­ғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасын құру» туралы декрет қабылданды. Осы күннен бастап Қазақстан советтік республикалар колониясына біржола өткен-ді. Табалдырықтан ат­­тап отырған 2020 жыл – тарихи оқиғалар мен ірі серпі­лістерге, маңызды саяси қа­дам­дарға толы ұлт тарихының елеулі бір кезеңін еске салар жаң­ғыру жылы.

1920-1924 жылдары Қыр­ғыз АКСР-дың астанасы Орынбор қаласы болды. Республика­ның территориясына Семей, Ақ­мола, Торғай, Орал облыстары, Маңғышлақ уезі, Красноводск уездінің бір бөлігі, Астрахан губерниясының жартысы кір­ген. Ал Жетісу (бүгінгі Алматы облысы), Сырдария (бүгінгі оңтүстік аймақ) облыстары 1918 жылдан бастап Түркістан АКСР-ның құрамында болған. 1920 жылдың 4 қазанында Орынборда Қырғыз АКСР-дың І сьезі өтті. Сьезде Орталық Ат­қару комитетінің төрағасы бо­лып С.Меңдешов, Халық ко­миссарлар кеңесінің төрағасы болып В.Радус-Зенькович сайланды. Ал 1925 жылы ақын, мемлекет және қоғам қайрат­кері Сәкен Сейфуллин Қырғыз АКСР Халық комиссарлар кеңе­сінің төрағасы (Үкімет) бо­лып тұрған кезінде республика атын «Қазақ» деп түзеуге декрет шығарып, байырғы төл атауымызды қайтарған болатын.

Бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, Қазақ автономиясы – республика ретінде жер тұтастығы мен территориясын сақ­таған, халық санын арттыр­ған, өнеркәсіп пен өндірісті іске қосқан жүйе. Қазақ автономиясы 1920 жылдан 1936 жылға дейін өмір сүрді. Сосын, 1936 жылғы И. Сталин шығар­ған декрет бойынша СССР құрамындағы республика болып өз жұмысын жалғастырды. 1920 -1936 жылдар аралығында қазақ оқығандары билік тізгінін алып, қазіргі қазақ жері­нің тұтастығы мен кеңдігі үшін білімдері мен күш-жігерлерін сарп етіп, тер төге қызмет ат­қарды. Тұңғыш математика про­фессоры Әлімхан Ерме­ков­тің қырағылығымен  2 724 900 км жер көлемі тұтас сақталып, саяси картаға түскен-ді. Тәуел­сіз Қазақстан тарихының бір беті осылай жазылыпты. Мұны білмек, көкейге түймек – ұрпақ парызы.

Елдос НҮСІПҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар