Алкогольдің қатерлі ісік тудыратыны дәлелденді

Алкогольдің қатерлі ісік тудыратыны дәлелденді

Алкогольдің қатерлі ісік тудыратыны дәлелденді
ашық дереккөзі

Алкогольді аз мөлшерде тұтынудың өзі онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін арттырады. Бірлесе зерттеу жүргізген Жапония мен АҚШ ғалымдары осындай қорытынды жасады. 

Ғалымдар Жапониядағы 33 аурухананың 2005-2016 жылдар аралығындағы клиникалық мәліметтерін зерттеп шықты, деп хабарлайды РИА Новости.

Олар жалпы онкологиялық ауруларға шалдыққан 63,2 мың науқастың және осыншама дені сау еріктілердің денсаулығына байланысты мәліметтерді сараптамадан өткізді. Зерттеуге қатысқандардың барлығы қандай мөлшерде және қанша уақыт бойы алкогольді ішімдік ішкендерін айтып берген.

Нәтижесінде алкогольді ішімдік ішпейтін адамдардың қатерлі ісікке шалдығу қаупі төмен болып шыққан. Ал ішімдікті аз немесе орташа мөлшерде тұтынатындардың онкологиялық дертке шалдығу қаупі елеулі түрде жоғары екені анықталды.

Осылайша, он жыл бойы күніне бір немесе бес жыл бойы күніне екі алкогольді сусын ішу тік ішек, асқазан, кеуде, простата немесе өңештің қатерлі ісігіне және басқа да онкологиялық ауруларға шалдығу қаупін 5 пайызға арттыратыны белгілі болды.

"Бүгінгі таңда қатерлі ісік ауруларының кең таралуына байланысты алкогольдің аталған дертті қоздыру қаупін барынша насихаттау қажет", – деп мәлімдеді Токио университетінің медицина ғылымдарының докторы Масаеши Заицу.