9 Желтоқсан, 10:25 402 0 Экология Анар ЛЕПЕСОВА

Арктикаға механикалық көліксіз барған алғашқы адамдардың саяхаты сәтті аяқталды

Солтүстік Полюске қыста механикалық көліксіз барған алғашқы адамдар – норвегиялық Борге Усланд пен ОАР тумасы Майк Хорнның саяхаты сәтті аяқталды.

Экспедиция қыркүйектің аяғында басталды. Зерттеушілер поляр түнінде мұздың бетімен 1800 шақырым жүріп өтті. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Экспедицияның мақсаты – Арктика мұздарының еруі туралы ақпараттар жинау. Ғалымдар бұл құбылысты жаһандық жылынумен байланыстырып отыр.

Зерттеу жұмыстары қарашаның ортасында аяқталуы тиіс еді, алайда Усланд пен Хорн ауа температурасының құбылуы мен жылжымалы мұздарға байланысты кестеден қалып қойды. Жұма күні олардың тамағы бітуі керек еді, оларға норвегиялық зерттеушілер Бенгт Ротмо мен Александр Гамме көмекке келді. Барлығы бірге «Ланс» зерттеу кемесіне дейін жетті.

Сапар ұйымдастырушысы Ларс Эббесен спутниктік байланыс арқылы екі топпен де хабарласып отырды. Ол жұма күні Би-би-сиге Хорн мен Усландтың тікұшақпен эвакуациядан бас тартқанын, бірақ норвегиялықтармен кездесуге келіскенін мәлімдеді. Олардың азық-түлігі бітіп жатқан, ал жел күннен күнге күшейе түскен. Дауыл салдарынан байланыс үзілсе, олар аш қалып қоюшы еді.

Усланд пен Хорн 23 қыркүйекте мұз үстіндегі сапарын бастады. Оларға -40°C-тан +2°C-қа дейінгі аралықтағы ауа температурасының бірден өзгеруі кедергі келтірген. Зерттеушілер бұған жаһандық жылыну себеп деп тұжырымдайды, Жылжымалы мұздар саяхатшыларды артқа қарай алып кетіп, сапарды ұзартып жіберген. Кей жерлерде мұз қабаты әдеттегіден жұқа болған. Хорн бір рет суға құлап кетіп, қолы мен мұрнын үстіріп алған. Хорнның айтуынша, екі зерттеуші де қатты жүдеп, саяхат кезінде шаршаған.

Усланд - 57, Хорн – 53 жаста. Зерттеушілер Солтүстік Полюске қыста механикалық көліксіз барған алғашқы адамдар ретінде тарихқа енері сөзсіз.

 

Соңғы жаңалықтар