5 Желтоқсан, 11:26 2470 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Жайбарақат күн кешу бұйырмаған

Дүниетанымы шексіздікпен, кең­дікпен, адалдық пен әділет, жо­март­тықпен өл­ше­нетін, ғажайып тілі бар ха­лықтың поэзиясы әлемдік жауһар­лар­дың қатарында тұруы да заңдылық!

Сондай жауһар жырларымен ұлтының рухани байлығына үлесін қосып кеткен Фариза Оңғар­сы­нованың туындылары фи­лософиялық ауқымы, адамгершілік жә­не азаматтық пәрмені, ой мен сөз өрнек­те­рінің көркемдігі бойынша терең талдау­лар­ға, бірнеше докторлық диссертацияға сұранып-ақ тұр. Осыны алдымен өзіміз зерт­теп, ары қарай әлемге на­сихаттауға қо­ғамдық сананың дайындығы мен ықы­лас, ынтамыз керек-ақ сияқты. Өзінің мә­дени мұра­сына, тілінің байлығы мен ру­хының күштілігіне се­нім­ді, оларды ұлық­тауды, мақтаныш етуді мақсат еткен ел ғана ақындары мен жазушыларын әлем тілдеріне аударып, кең танытуға жанқияр­лықпен еңбек етеді.

Фариза – Жаратушы сыйлаған қасиет бойына дарыған, ұлылықтың өрісінде қа­ныққан ақын. Қасиетті болуды да, ұлылар қатарына еніп өз дәуірінің ерекше құбылы­сы атануды да құдіретті Жаратушы ғана сый­лайды. Ежелгі түркіден сақталған Күл­тегін жазбаларындағы бабалар, Асан қайғы мен Абай, Абайды қазақтың санасына сіңірген Мұхтар, жаңа дәуірдегі Мұқағали, Қасым мен Оралхан, Тұманбай мен Қадыр, Шерағаң, Әбіш пен Фариза болса, сол ұлылар көшін үзбей ертеңмен жалғаған рухтың «титан көпірлері» бүгінгі Мырзатай ағалар. Аталғандардың әрқайсысы қасиет тұнған, ұлағатты сөз тастаған ұлттың рухани көсемдері. Бұл тізімді жалғастыра бер­сек қазақ даласында ұлы, әулие, қасиет­ті деген теңеулерге лайық тұлғаларды мыңдап тізе аламыз.

Қасиет дарыған тұлға ұлтына қараңғы түнде жарық, қиындығында пана болады. Қасиет қонған адам – көптің бірі емес. Бі­рақ қасиетпен бірге олардың қасіреттері де аз болмайды, мойындарына артылған жүгі де төтенше ауыр. Тағдырлары қиын, өз­дері жалғыз, жанашыры аз. Бұралаңы көп өмір Фариза ақынды да аз сынамаған:

Азаптырақ ақынды ой қамағаны:

асау ой бұлқынғанда,

сөз-маржандар жиылмай гүл қырманға,

мың құбылып жанар ма, түр-тұлғаң ба –

ұқсап дауылды айдында ақ желкенің

дал-дұл боп жыртылғанға,

кенет... әлем, сосын сен – қос Құдірет,

қайталап күлкіңді арна...

буындырып ой-толғақ азаптайды

ақындар жыр туғанда.

Ал қарапайым халық ақынын пір тұта­ды. Өйткені ұлылар бұқараның сөзіне ила­нады, өксігіне тұншығады, бірге қуа­нып, бірге қиналады. Қалың бұқарада еш уа­қытта билік те, байлық та болмайтыны рас. Бүгін де, ертең де солай жалғаса бе­реді.

Қай дәуірде болмасын ақынның айт­қаны, сынағаны билікке ұнай бермеген. Би­лікке сөзін ұқтыра алмаған, түсіндіруге жол, ұғындыруға мінбер таба алмаған бас­қа ақындардай Фариза апайымыз да өзін қалайша жалғыз сезінбейді?

Сенім – адам жанының нұр шуағы,

ертеңіне шақырған шың шынары.

Онсыз қадір, қабілет, дарының да

күн көрмеген тамырдай тұншығады.

Кінәламай барлығын, бір жайды ұғын:

жер үстінде басқаша тумайды күн,

адалдығың, сенімің жоқ па жұртқа –

онда олардан сенің де жұрдайлығың.

Ерекше қасиеттің арқасында ақын бас­қаларға келмеген ойды айтады, басқалар тап­паған жолды көреді. Сол қасиеттің ар­қасында ұлының артында қалған сөзі мен үні, өмір өнегесі халқының рухани қазынасына айналады. Міне, дәл сол сәттен бастап ұлы адамның ұлт жүрегіндегі ұлы­лық сапары басталады. Бұл – құдірет сый­ла­ған қасиеттің арқасы!

Фариза – ақын, Фариза – тұлға, Фариза – апай…

2007 жылы Фариза Оңғарсынова туралы «Жұрт мені қатал дейді…» атты фильм тү­сірдім. Өзім күтпеген жылылықпен кө­рер­мен фильмді жоғары ілтипатпен қабылдады. Бәрінен бұрын, бірінші көрер­мен – Фариза апамыздың ризашылығы ерек­ше болды.

«Жұрт мені қатал дейді…» алғаш рет «Қа­зақстан» ұлттық арнасынан 2008 жылы 22 наурызда прайм-таймда эфирге шықты. Фильм аяқталған соң 1 минуттан кейін Фариза апай телефон шалды. «Ұлбосынжан, мен туралы фильмдерді саған дейін де тү­сірген. Сенің фильміңнен басқалар бойлай алмаған, өзім бөтенге аша қоймаған мінез бен сезімді көрдім. Соларды дәл тауып кө­рерменге жеткізген, менің көпшіліктен жа­сырған жүрек сырымды жайып салға­ның үшін де ризамын» деген Фариза апай­дың сөздері өмірімде естіген ең қадірлі мақ­тау шығар. Осындай ұлы жанның батасын алу, ол кісіні қуанту қандай бақыт!

Фариза ақынның нәзіктік пен сезімге елжіреген үлкен жүрегін маған адастырмай тапқызған алтын кілт мына өлең жолдары болды:

Ол жоқ жерде

таңдайдағы бал үміттердің,

толқынына тұншығып, малынып шердің,

ештеңені, ешкімді көзіме де ілмей

тек соған табынып сендім.

Үзіліп қыршын,

сонан соң...

өтетін болды жабырқау, жеке кештерім...

Қайғым бар (білем – басқалар бекер дескенін)

ол – өзгені сүйе алмай

жалғыздықпенен

мәңгілік некелескенім.

Жалғыздыққа жұтылмауға ақынға шы­найы көңілмен жанашыр халқы кө­мек­те­седі. Ақынға ақ сезімін, таза жүрегінің бұй­­рығын тыңдамау да оңайға түспеген.

Жүрегім бұлқып керім,

құшақтаса береді кірпіктерім,

ерек бейнең тұрады сонда алдымда,

кеудемдегі дүбірді іркіп демім.

Күйім менің – күзгі гүл, нұр – күткенім.

Адам жарық дүние есігінен кіріп есейеді, толысады. Кейіннен қарттық шалып со­лады, сөне бастайды. Ішкі дүниесі ала­са­пыранға толы жандар «шіріген теріге» ұқсап тез тартыла берсе, қасиетті жандар, кері­сінше, парасат-пайымы, өмірлік жиған тә­жірибесі толысып абыздыққа көтеріліп, ішкі жан сарайы кеңейе береді.

Көзі тірісінде Фариза Оңғарсынованы «ұлты­мыздың рухани анасы» деп айтқан едім. Апайдың өзі «бұның қалай, бұл қан­дай мәртебе, теңеу?» деп сұраған емес. Ақын Темірхан Медетбек ағамыздың 1989 жы­лы Фариза Оңғарсынова туралы ма­қа­ласынан «ұлтымыздың рухани анасы» де­ген Фариза апайға арнаған теңеулерін жа­қында тауып алдым.

Бұндай теңеулерді ол кісінің көзі тірі­сін­де айту әркімге де үлкен жүк екені бел­гілі. Біле тұра, мен де осыған тәуекел еттім. Апайдан қатты сөз естіп қалу қаупі де болды. Солай бола қалған жағдайда да өкін­бес едім. Ең бастысы, дүниеден өткен соң аямай жататын мақтау сөздеріміз бен құр­метімізді «Фариза апай – сіз қазақтың ру­хани анасысыз. Біз оны мойындаймыз» деп тірі кезінде айтып үлгергенім.

Фариза Оңғарсынованың поэзиясы суы мөлдір, тұнып тұрған сырлы құдық тә­різді. Фариза – әрбір қазақтың жүре­гін­дегі сезім жанартауын оята алған, оята бе­ре­тін қастерлі ақын.

Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен.

Мейлі, жұртым тентек дер, асыл жан дер.

Бұл тірлікте жарқ еткен жақсылықтың

Барлығын да құшамын ғашық жанмен.

Қыңыр кетсем кешір деп өтінбеймін.

Шақыр, өмір, әділет сотын мейлің!

Мен әйтеуір жалтаңдап, жалбарынып

Өзім қылған ісіме өкінбеймін.

Фариза Оңғарсынова өзінің бірегей тұл­ғасымен ұлт шамшырағындай ұрпағын адас­тырмай, әділет пен ақиқаттың түзу, шын­­дықтың хақ жолына үндеген ісімен де қас­терлі. Ақын Фариза осылайша руха­ният­тың көкжиегін кеңейтіп, мәңгіліктің дә­нін болашаққа сеуіп өткен:

Жайбарақат күн кешу бұйырмаған,

Қиял қуған мен болдым «қиын» балаң.

Салқын дүние мені әбден қалтыратты –

Сәбиіңе қойыныңды аш, үйім-далам!

Құшағыңның жылуын берсең болды –

Мен әлі де талай шың, қиырды алам!

Фариза Оңғарсынованың 10 томды­ғы­ның 4-кітабына 2004 жылы жазған ал­ғы ­сөзін данышпан Әбіш аға Кекілбаев бы­лай деп түйіндеген екен: «Дүние шексіз. Өмір шекті. Бұл түп қиянаттың түбегейлі есесін келте дәурен сүріп, кескекті ғұмыр ке­шетін тек осындай ересен талантпен, ерен өнермен ғана қайтара алмақшымыз. Ендеше, Фариза еріксіз бас идіреді. Бар бол, баһадүр сөз!». Қазақтың рухани төріне қош кел­діңіз, Фариза ақын!

P.S.

Мақала жазылып болған соң екі апта өткенде Фариза Оңғарсынованың он томдық шығар­малар жинағын парақтап отырып мына жолдарды кездестірдім:

«...табиғатында сәуле жоқ адамды ақын немесе композитор жасау мүмкін емес. Мұндай сәулені Жаратылыс қана береді. Сол Жаратылыс бер­ген сәуленің үлкен алауға айналуы үшін алдын­да теңіздегі маяктай алыстан болса да жар­қыраған бір үлгілер болуы қажет-ақ. Өнердегі ұстаздық деген сол.

Өнердің киесі әйел затына қонса, ел-жұртына жақсы. Бірақ өнер иесі үшін үлкен жүк. Ол жүктің салмағын кез келген ер көтере алмауы мүмкін».

Ұлбосын ЕСЕНБЕКОВА,

«Дарын» мемлекеттік жастар

сыйлығының иегері

Соңғы жаңалықтар