1 Желтоқсан, 19:25 252 0 Қоғам Анар ЛЕПЕСОВА

28 жылдыққа 28 шақырым: Токиодағы қазақстандықтар Тәуелсіздік күніне орай ерекше акция ұйымдастырды

Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма сегіз жылдығына орай жиырма сегіз шақырым.  Бұл қашықтықты Жапонияда тұратын қазақстандықтар және Жапония үкіметі мен ірі компаниялардың өкілдері жаяу жүріп өтті.

Акцияны еліміздің Токиодағы елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды 24.kz.

Қатысушылар маршты Ханеда халықаралық әуежайы маңындағы саябақтан бастады. Сөйтіп Токио Фучу ауданындағы мәре сызығына бес жарым сағат дегенде жетті. Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған осы шарада жапондықтар серуендеп қана қоймай, республикамыздың мемлекеттік әнұранын қазақ тілінде орындады. Жапониядағы елшілігіміздің қызметкерлері шеруді екінші мәрте өткізіп отыр. Былтыр дипломаттар Йокогамадан Токиоға дейін жиырма жеті шақырымды жаяу жүріп өткен еді.

– Биылғы акцияның ерекшелігі – Жапонияның мемлекеттік қызметкерлері, іскер және академиялық топ өкілдері демалыс күні уақыттарын бөліп, жаяу шеруге қатысып, бізге қолдау көрсетіп жатыр. Бұл іс-шара отандастарымыз бен қандастарымыз үшін де Токиода бас қосуға және шетелде жүріп Тәуелсіздік күнін осылайша атап өтуге жақсы себеп болып табылады, - дейді ҚР Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев.

Соңғы жаңалықтар