28 Қараша, 09:41 637 0 Сұхбат Túrkistan Gazeti

Осман Кабадайы: Нұрсұлтан Назарбаев – түркі әлемінің саяси лидері

Қазақстан мен Түркияның рухани-мәдени өміріне белсене араласып, бауырлас екі елдің арасында дәнекер болып жүрген филология ғылымының докторы, Ахи Эвран университетінің доценті, белгілі ғалым Осман Кабадайы мырзамен Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында әңгімелесіп, сұхбаттасқан едік. Осман мырза Түркияның Гази университетінде «Қазақ тіліндегі ат әбзелдеріне байланысты атаулардың тарихи салыстырмалы зерттеуі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Оқырман назарына екеуара әңгімені ұсынып отырмыз.

– Сізді қазақ тілінде ғылыми ең­бек жазған ғалым ретінде білеміз. Қа­зіргі қазақ елінің қоғамдық-сая­си, мәдени өміріне қаншалықты мән бересіз?

– Қазақстанның мәдени-азаматтық пей­зажы өзінің бүкіл тарихында үнемі өз­геріп отырды. 1920-1930 жылдағы Қа­зақстанның пікір жетекшілерінің ең алдымен ұлттық мәселемен тікелей байланысты. Ұлт идеясына ұлттық тамыр мен тарих қажет. Бүгінгі Қазақстан ұлттық сәйкестендіру процесінде барлық жағдайда өз жолын табуда. Қазіргі қазақ елінің мені қызықтыратын ең маңызды мәселесі – латын әліпбиіне көшуі. Бұл та­рапта қазақ және түрік тілдерінде бірнеше мақала жариялап, өз пікірімді білдірдім. Филолог маман көзқарасымен қарағанда, қазіргі әліпбиде кемшіліктер өте көп екен. Болашақтағы қазақ ұрпағы үшін ең дұрыс латын әліпбиі Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титутының ұсынған нұсқасы. Қазақстан бұл нұсқаны қабыл алса, өте жақсы болар еді. Себебі бұл нұсқаны нағыз тілші ма­мандар дайындады.

 – Түркия мен Қазақстан ара­сын­да­ғы туыстық және достық бай­ла­ныстың нығаюына өз тарапыңыздан қандай үлес қо­са аласыз?

– Мен тәрбиеші болғандықтан, білім беру және ғылым саласында жұмыстар істеймін. Түркияның Киршехир қа­ласындағы Ахи Эвран университетінің түрік тілі кафедрасында қызмет етемін. Түркия мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы келі­сімшартқа сәйкес Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ерікті оқытушы болып, шығыс тілдері және аударма кафедрасында қазақ жастарына дәріс беріп, түрік тілін үйреттім. Дәрістен бөлек, осы оқу орнында тіл үйренушілер клубын аш­қанмын. Өзім қызмет ететін уни­вер­ситет пен Абай атындағы ҚазҰПУ арасында Мәуләна оқу бағдарламасы бойынша келісімшарт даярлап, Түркиялық студенттер Қа­зақ­станда, Қазақстан жастары Түр­кияда білім алуына көпір болған сияқтымын. Осы жаңа оқу жылында Киршехир Ахи Эвран университетінің ректоры тек қана 10 қазақ студентін оқуға қабылдады. Қазіргі сәтте қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтас­тықты дамытқым келіп жүр. Айтқандай, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінде тұрақты жұмыс істеп, осман және ша­ғатай әдебиеттерінің каталогын даярладым. Ол еңбегім жақын күндері жеке кітап болып шығады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Еуразия ғылыми-зерттеу институтының көмегімен Алматыда тұңғыш рет Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеудің халықаралық симпозиумын ұйымдастырғанмын. Бұл сияқты ірілі-ұсақты жұмыстарым өте көп болды. Бұл жұмыстарыма ақы алған емеспін. Мен оны тек Қазақстан мен Түркияның дос­тығы үшін, бауырлас екі елдің берекелік дамуы үшін істедім және істей беремін.

– Осман мырза, біздің елімізде 1 жел­­тоқсан – Тұңғыш президент  кү­ні. Сіз қазақ, түрікке ортақ зиялы аза­­мат ретінде Н.Назарбаевтың түр­кі әлеміндегі орны жайлы қандай пі­­кір­десіз?

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүтін түр­кі халықтарына танымал, аса сыйлы аза­­мат. Түркиялық азаматтардың бәрі, со­­ның ішінде мен де ол кісіні жақсы кө­ре­мін. Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіз Қа­зақстан мемлекетінің дамуына қосқан үле­сі шексіз. Бұл тұлға жер бетіндегі бүтін түркі халықтарының саяси лидері, ең беделді саясаткер. Баку қаласында өт­кен ең соңғы Түркі халықтарының кеңе­сінде Н.Назарбаев мырза өзінің қандай азамат, қандай кемеңгер басшы, көсем екенін тағы бір мәрте дәлелдеп көрсетті. Біздің прези­ден­тіміз Р.Ердоған мырза да үнемі Нұрсұлтан Әбішұлын зор құрметпен сый­лап, сүйіс­пеншілік танытып, бүкіл түрік азаматтарына үлгі етті. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері Түркия мемлекетін бас­қар­ған әр Президент Қазақстан елін жә­не Елбасы Н.Назарбаевты ерекше ықы­ласпен сүйіп, құрмет тұтты. Менің көз­қара­сымша Нұрсұлтан Әбішұлының ор­ны мен беделі қашанда биікте, төрде бола береді.

– Қазақстанның Тәуелсіздік ал­ға­нына ширек ғасырдан асты. Қазақта «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Біз­­дің еліміз Тәуелсіздік алған жыл­дар­дан бері қандай бағытта қандай жұ­мыс­тар тындыра алды деп ойлайсыз?

– Қарапайым бір сөйлеммен айтатын бол­сам, 1991 жылдан кейін Тәуелсіздігін алып, жеке республика болған Орталық Азия­дағы мемлекеттердің ішінде әлеуеті жоғарысы және қарқынды дамып, экономикасы нығайған Қазақстан елі. Бұл жер­де Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі де, ең­бегі де зор. Н.Назарбаев қысқа ғана мерзімнің ішінде халықаралық қаты­настарда экономика мен саясаттағы тамаша жетістіктері бар жас Нұр-Сұлтан қаласын «Бейбітшілік астанасына» айналдырды. Ширек ғасырға жуық уақытта Қазақстанды қуатты, дамыған мемлекет ретінде танытты. Халықаралық саяси аренадағы Қазақстанның беделі артты. Қысқаша айтқанда, Нұрсұлтан ақсақал тарихта өз орнын алған дана көшбасшы ретінде құрметке лайықты деп білемін. Оның қызметін жоғары бағалаймын.

Түркия тәуелсіз Қазақстанды таны­ған алғашқы ел болған. Тәуелсіздік ал­ған­нан бері Қазақстан үлкен, керемет қа­шық­тықтарды жүріп өтті және Азияның шынымен де жарық жұлдызына айналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін біріншіден, өзінің ұлттық тұтас­тығын қамтамасыз етіп және мемлекеттік территориясын бекітті. Де­мог­ра­фия­лық өсуін арттырды, халықты шо­ғыр­ландырды. Екіншіден, экономи­калық әл-әуқатын жақсартты, дамыды. Мұның бәрі Елбасы Н.Назарбаевтың арқасында жеткен жетістіктер дер едім.

– Қазақ елі үшін желтоқсан айы қа­­сиетті, қастерлі екенін білесіз.
1 жел­­­тоқсан – Тұңғыш Президент күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні бол­­­са, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан күн­­­дерінде Алаш автономиялық рес­пуб­­ликасы құрылған болатын. Түрік ғалымы ретінде Алаш қай­рат­­кер­лері, Алаш үкіметі мен қозғалы­сын қалай бағалайсыз?

– Желтоқсан айының қазақ елі үшін қасиетті, қадірлі екенін білемін. Әлихан Бөкейхан және Алаш партиясы туралы бірқатар мақала жаз­дым. Сол мақала жазу ізденісімен жүргенде Алаш зиялы­лары­ның қандай керемет адам бол­ғандарын біліп алдым.  Алашшыл­дардың орны бө­лек, жөні басқа екен. Олар қазіргі Қазақ­стан халқының жайлы өмірі үшін азап шеккендер. Баса айтар жайт, бүгінгі Түр­кия­ның пайдаланып отырған бай­рағы Алаштың туы екенін мақтаныш­пен айта аламыз.

– Қазақ еліне деген мерекелік құт­тықтауыңыз.

– Біріншіден, барлық Қазақстан жұр­тын Тұңғыш Президент күнімен құт­тық­таймын! Бүкіл түркі әлемінің ақсақалы, жарық жұл­дызы Нұрсұлтан Назарбаев көп жасасын. Ол кісіге зор денсаулық тілей оты­рып, ойы мен бойы, өмірі мен еңбегі бәрімізге жұғысты болсын деп тілеймін. Екін­шіден, ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен де құттықтаймын! Қазақстан мем­лекетінің жетістігі көп, азаттығы бере­келі болсын! Алға, Қазақстан! Алға, бауыр­­­лас ел, атажұртым!

 

Әңгімелескен

Елдос НҮСІПҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар