27 Маусым 2019, 10:59 1917 0 Аймақ "Түркістан" газетінің авторлары

Қалыбек Қобландин: Моңғолия – көшпенділер әлемінің бір ошағы

Редакциядан:

 «Тúrkistan» халықаралық газетінің қызметкері  Моңғолия астанасы Ұланбатырда болып қайтқан еді. Сол кезде Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қалыбек Қобыландин мырзамен жолығып, Қазақстан-Моңғолия қарым-қатынасы және сол елде тұратын қазақтар жайлы әңгімелескен болатын. Аталмыш сұхбатты 2 шілде – Қазақстанның дипломатиялық қызмет күні қарсаңында газет бетіне жариялауды жөн санап отырмыз.

 

Қалыбек Қобландин, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

 Моңғолия – көшпенділер әлемінің бір ошағы

 

– Бірнеше жыл бұрын Қазақ­стан-Моңғолия жол картасы жобасы ұсынылғаны жайлы ақпарат тарап еді. Қазір сол бағдарламаның жайы не болды екен?

– Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық немесе саяси әріптестіктің ілгерлеуіне екі ел арасындағы транспорттық-көлік қатынасының қиыншылығы әсер етеді. Моңғолияның батысында орналасқан қазақ аймағындағы қандастарымыз Қазақстанға  бір жарым мың шақырым тас жолмен айналып барып жүр. Темір жолмен қатынас Ресейдің Омск, Иркутск және Улан-Удэ қалалары арқылы өтеді, ол жол да алыс. Кезінде Моңғолия Қазақстанға тікелей Ресейдің Алтай өлкесіндегі тау арасындағы жолдар арқылы (60 шақырымнан астам) Семейдің ет комбинатына мал айдап өткізетін еді. Алайда бұл қара жол жаз маусымында ғана жарамды, қыс кезінде бұл жолмен жүру өте қиын.  Осы жолды қайта жандандыру жайлы Моңғолиядағы қазақ ағайындар тарапынан және Қазақстан тарапынан да бұл мәселе әлсін-әлсін көтеріліп отыр. Алайда, бұл біріншіден, жыл бойы жүріп-тұруға ауа райының қолайсыздығынан, екіншіден, тиімділігі жеткіліксіз, үшіншіден, Алтай Республикасында мекендейтін алтайлықтардың «патшалар қорғаны» деп аталатын ежелгі заманнан келе жатқан қорғандары  ЮНЕСКО-ның ерекше қорғаудағы жерлер тізіміне енген. Егер ол жерге жол салса, жергілікті халықтың мәдени мұрасына залал келеді деген түсінікпен Ресей  тарапынан жол салуға рұқсат берілмей отыр. Кезінде бұл мәселе Ресей президенті Д.Медведев тұсында көтерілген еді. Мұның сондай қиыншылықтары бар.

Ал екінші жол – ағайындарымыз қа­зір қатынап жүрген бір жарым мың шақырымдық Ресейдің Бийск арқылы өте­тін айналма жол.  Үшінші жол бар. Ол Ресей мен Моңғолия шекарасындағы Ташантыдан  (Ресей кеден пункті) басталып Усть-Кан арқылы өтетін 300 шақырымдай жол. Бірақ бұл таудың етегінде орналасқан  асфальт төселмеген құмдақ, қара жол. Біз осы жолды іске қоссақ деп мәселе көтеріп отырмыз. Қазақстан жағы өз территориясының тиесілі бөлі­гіне (Риддер) асфальт жол төсеп тастаған. Қазақстан, Ресей, Моңғолия келісімге келсе, осы 300 шақырымға жуық автомобиль жолын салуға мүмкіндік бар. Оның үстіне, қазіргі таңда Алтай тауының төрт жағын мекендеген елдерді байланыстыратын «Алтай – біздің ортақ үйіміз» деген жоба бар.  Ол жобаның жұмыс істей бастағанына оншақты жыл болды. Бұл жоба Ресей, Қытай, Қаза­қ­­ста­н, Моңғолия арасында мәдени-рухани, спорттық шаралар өткізіп, өзара байланысты нығайтуға бағытталған. Егер Ресей тарабы өздерінің жеріндегі 300 шақырым жолды іске қосса, Моңғолияның батыс өлкесімен тығыз байланыс жасауға мүмкіндік бар. Бұл мәселе Қазақстан, Ресей және Моңғолия ел басшыларының кездесулері кезінде пысықталса дұрыс болар еді.  Сайып келгенде бұл жоба Алтай тауының бөктеріндегі төрт ел – Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия елдерінің өзара автомобиль жолдарын байланыстырып, сауда-экономикалық, мә­дени-гуманитарлық қатынастарды ны­ғай­татын өңірлік деңгейдегі үлкен жоба болар еді. Мұны Моңғолия тарапының басшылығы да негізінен қолдап отыр. Бұл мәселе шешілсе, өңірлік ел арасындағы сауда-экономикалық, тағы басқа да байланыстарымызды жандандыруға септігін тигізбек.

– Бұл жол картасының жобасы ғой, иә?

– Иә, бұл жоба. Оны жүзеге асыру үшін тараптар жағының  тиісті мекемелері қарап шығып, тиімділігін айқындап, мемлекет басшыларына ұсынуы қажет. Кез-келген жоба біраз пысықтауды, зерделеуді қажет етеді.  Биылғы  3 маусымда  Нұр-Сұлтан қаласы мен Ұланбатыр арасында алғаш рет тікелей ұшақ қатынасы ашылды. Бұл екі ел арасындағы саяси-экономикалық немесе мәдени-гуманитарлық байланыс үшін тиімді болмақ. Сонымен қатар шетелдік туристердің Қазақстан астанасы арқылы Моңғолияға жетуіне немесе тағы басқа іскерлік байланыстардың нығая түсуіне септігін тигізбек.

–Бұл жол картасы жобасынан басқа тағы қандай жобалар немесе атқарылған істерді атауға болады?

– Негізінен ҚР Сыртқы істер министрлігіне қазіргі таңда саяси-гуманитарлық қатынастар ғана емес, экономикалық-инвестициялық мәселелерді де жүзеге асыру  тапсырылды.  Соған байланысты елшіліктің де жұмысы осы бағытқа қарай дамуда. Әрине, басқа инвестициясы өте жоғары елдермен салыстырғанда Моңғолияның Қазақстанға ауқымды инвестиция салуға мүмкіншілігі аз. Дегенмен, қазақстандық тараптың ауылшаруашылық, тау-кен өнеркәсібі т.б. салалар бойынша бірігіп жұмыс істеуге болады. Моңғолияда 3 миллионнан астам халықта 80 миллионнан астам мал басы бар. Алайда, ол малдың сапасы, селекциялық жұмыстардың жүргізілу деңгейі, санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың жүзеге асырылуына байланысты пысықтайтын мәселелер жетеді.  Осыған орай өткенде Қазақстанның Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық басқармасынан мамандар келіп, өзара байланыс орнатып, кейбір зоналардан малдарды өткізудің жолдарын қарастырып, меморандумға қол қойып кетті.   Сол сияқты Моңғолия түбіт (кашемир) өндіруден әлемде екінші орынды иеленеді. Түбіттен тоқылған өнімдер Қытайға, Оңтүстік, Солтүстік Азия елдеріне, Корея, Жапония және Италияға шығарылады. Моңғолиялық ешкі түбітінің сапасы өте жоғары. Бұл жақтың ауа-райы Қазақстанның шығыс облыстарымен ұқсас. Сондықтан екі ел ауылшаруашылық саласында тәжірибе алмасып, жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар.  Соңғы жылдары екі ел бизнесмендерінің бизнес-форумдарын ұйымдастырып жүрміз. Ол жерде де көптеген байланыстар жасалып, тәжірибе алмасуда.

– Рухани-мәдени сала бойынша қандай байланыс жасауға мүмкіндік бар?

– Моңғолияның батыс аймақтарында (Баян-Өлгей, Хобда) қазақстандық телеарналар көрсетіледі. Соңғы кезде моңғолдық коммерциялық  телеарналар арқылы қазақтар мекен ететін қалалардың көбінде қазақстандық бағдарламалар көрсетілуде. Мұндағы қазақтардың ана тіліндегі телеарналарды көре алуы өте үлкен рухани демеу. Спорт саласы бойынша айтсақ,  Қазақстанда өтетін әртүрлі қазақ күресінің турнирлеріне Моңғолиядағы қазақ ағайындар барып қатысып жүр. Жаңадан ашылған тікелей әуе рейсіне (3 сағаттан астам) байланысты  мұндай қарым-қатынас нығая түсері сөзсіз. Сонымен қатар қазақстандық спортшылар да Моңғолияға келіп, бірге жаттығу жасап, турнирлер өткізуде.

Ғылыми сала бойынша соңғы жылдары жоғары білікті ғалым, қаламгер, іскер азамат Дархан Қыдырәлі басқарған «Халықаралық түркі академиясының» еңбегін атап өткен жөн. Түркі әлемінің тарихы, жауһар жұлдыздары туралы тұшымды еңбектер шығарылды. Қазақ­стандық, шетелдік түркітанушы ғалымдар жыл сайын Моңғолияға экспедиция ұйымдастырып жүр. Өз  кезегінде Қазақстанда өтетін түркітануға байланысты ғылыми конференцияларға моңғолиялық ғалымдар барып, баяндамалар жасап жүр. Осы орайда өткенде Түркі академиясының құрамында Алтай, моңғол тілдері ассоциациясының ашылғанын айту керек. Тарихтан белгілі, Моңғолия территориясында VI-VIII ғасырларда түркі қағанаттары өмір сүрді. Одан кейін  де бұл өлкені керей, найман, жалайыр рулары көшіп-қонып мекен еткен. Сондықтан да қазақ тарихына қатысты зерттелмеген археологиялық жұмыстар өте көп. Моңғолия – көшпенділер, түркі әлемінің бір ошағы деуге болады.

Белгілі түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы бастаған қазақ-моңғол экспедициясы осыдан 5-6 жыл бұрын Майхаантаур деген жерде көшпелілердің  сарай-мавзолейін тапқан еді. Оған Қазақстан тарапынан реставрация жасап, жөнге келтіру жөнінен ойлар болып еді, алайда жергілікті елдегі кейбір саяси жағдайларға байланысты бұл жоба іске аспай қалды.

–  Өзіңіз айтып отырсыз, ке­зінде бұл өлкені жалайыр, керей, найман т.б. қазіргі қазақ тайпалары мекендеген деп. Ол жайында қандай деректер айта аласыз. 

– Он үшінші ғасырдағы Марко Полоның,  Карпинидің жазбаларында, одан ертеректегі Қытай деректерінде бұл тайпалар туралы мәліметтер өте көп. Шыңғысхан тарихына қатысты деректердің барлығында бұл көшпелі тайпалардың аттары аталады. Бұл тайпалардың негізгі құрамы қазіргі Қазақстан жеріне қарай ойысты да, кейбір бөліктері Моңғолия жерінде қалды. Мысалы, керейдің Тұғырыл ханы Шыңғыс ханның үзеңгілес серігі болған. Моңғолияның батысын мекендейтін дөрвөд, торғауыт, урианхай тайпаларының тыныс-тіршілігі, киген киімі біздің ұлтқа жақын. Белгілі тілші-ғалым, Моңғолия тумасы Б.Базылхан ағамыздың зерттеуінше, қазіргі моңғол тілінде 3000-ға жуық түркі тектес сөздер бар. Мысалы үшін алтан, мерген, жолаушы, ер, елші, емші, мал, төл деген сөздер біздің тілдегі мағынасымен бірдей айтылады. Бұларда Зайсан деген тау бар. Бізде де ондай жеріміз бар.

Шыңғыс хан құрған империяның құрамы жергілікті халықтармен толықтырылған. Оның тек басшылығында ғана моңғол нояндары отырған. Шыңғыс хан жаулап алған ел қарсылық көрсетпесе, тиіспей, алым-салық алып отырған. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардан әскер алған. Олардың наным-сеніміне, тіршілігіне ешқандай  шектеу қоймаған.

– Сіз елшілік қызметпен қатар шетелдегі қазақтар тарихын зерттеп жүрген ғалымсыз. Бұл тақырып қаншалықты деңгейде зерттелген?

– Соңғы оншақты жылдан астам уақыт шетелдегі қазақтар тарихы кеңінен зерттеліп келе жатыр.  Елімізде қабылданған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» т.б. бағдарламалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде әлемнің түпкір-түпкі­рін­дегі музей, архивтік орталықтар мен кітапханалардан қазақ тарихына байланысты мол мұра жинақталды, зерттеулер шықты. Бұрын Дүниежүзі қазақтар қауым­дастығы жанында шетелдегі қазақтар жайлы зерттеу жүргізетін ғылыми-зерттеу орталығы болды. Тәуел­сіз­дігімізді жариялағаннан кейін шетелдегі қазақ диаспорасы деген атаулармен көптеген кітаптар шықты, түрлі ғылыми конференциялар өтті. Бұл зерттеулерде ертедегі қазақ тайпалары, қазақ диаспораларының тарихы, олардың миграциялық үрдістері, демографиясы, салт-санасы мен әдет-ғұрыптары, Ата мекенге келген қандастарымыздың қазақ қоғамына кірігуі т.б. зерттеліп, қалың көпші­лік­ке арналған естелік-мемуарлық кітаптар шықты. Бұл тұрғыдан  Ресейдегі, Ор­талық Азия республикаларындағы, Қытайдағы, Ирандағы, араб елдеріндегі, Моңғолиядағы т.б. елдердегі  қазақтар тарихына байланысты қазақ ғалымдарының іргелі зерттеулерін атап өту керек. Сонымен қатар қазіргі таңда шетелдегі қазақтар тарихына байланысты, яғни Кеңес дәуірі кезіндегі Екінші дүние жүзілік соғыстың құрбандары болған қазақ жауынгерлерінің тарихын зерттеуде тарих ғылымының докторы, профессор Гүлнара Меңдіқұлованың еңбегін атап өту керек. Ол Францияда, Бельгияда, Финляндияда, Италияда болған қазақ жауынгерлерінің жерленген жерлерін іздеп, мұрағаттардан олар жайлы деректер тауып жатыр. Мен өзім Өзбекстандағы қазақтар тарихына байланысты еңбектер жаздым. Олардың ең алғашқы легі Өзбекстан жеріне сонау түркі тайпалары кезінде VIII-IX ғасырларда барған.

– Сол кездің өзінде барған ба?

– Иә, сол кездің өзінде мекендей бастаған. Жазда Сырдың сағасы мен көгілдір таулы аймақтар, қыста малға жайлы Қызылқұм аймағын жайлаған көшпелі қазақ тайпалары Ортаазиялық отырықшы елмен тығыз сауда, мәдени байланыста болған. Хорезм дәуіріндегі, Жизақ облысында Нұрата деген жерде атақты қазақ шешені Әйтеке бидің кесенесі бар, Самарқанды кіші жүзден шыққан Жалаңтөс Бахадүр билеген. Қазақтардың көпшілігі Ташкент маңайын, қазіргі Жизақ, Сырдария, Науаи, Хорезм облыстарымен, Қарақалпақстанмен шекаралас өңірлерді жайлаған.  Кейін Кеңес одағы кезінде білім алуға барып, Қазақстанның кей аудандарының Өзбекстанға берілуіне байланысты немесе қызмет бабымен қоныс аударып қалып қойғандар болды. 1990 жылдардан кейін екі ел арасындағы шекара бөлісі кезінде Өзбекстан аумағында қалған қазақтар болды. Олар өздерінің тарихи ата-бабасының жерінде отыр. Мысалға, Төле би мен Әйтеке бидің зираты сол жақта жатыр. Бұлар жайлы зерттеу еңбектер бар, бірақ оның баспасөзде, жалпы жұртқа насихатталуы әртүрлі деңгейде жүзеге асып жатқан болуы мүмкін.

– Диаспора тақырыбын зерттеп жүрген ғалым ретінде шетелдегі қазақтардың негізгі мәселесі не деп ойлайсыз?

– Шетелдегі қазақтардың негізгі мәселесін екі-үш бөлікке бөліп қарауға болады. Мәселен, бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдердегі қазақтардың таным-түсінігі ұқсас. Себебі барлығы бір идеология, бір ел саясаты негізінде тәрбиеленді. Ал Қытайдан келген қазақтың танымдық әлемі сәл басқаша. Сонымен қатар ол жақта жазу алфавиті де басқа болды. Олар қазақ әдебиетінің кейбірін төте жазуға аударылған нұсқасымен ғана танысқан. Сондықтан шетелдік қазақтар жайлы айтқанда, Қытайдағы қазақтардың өзінше бір әлем екендігін ескеруіміз керек. Ал Моңғолия қазақтары біздің ортаға тез кіріге кетеді. Себебі бір социалистік лагерьде болдық, жазулары кирилица болды. Кеңес одағы ке­зіндегі Қазақстан оқулықтарымен Баян-Өлгей қазақтары толықтай таныс болды. Сол бағдарлама негізінде оқу, білім алды. Сонымен қатар сол кезде Қазақстанда жарық көретін газет-журналдың көбісін монғолиялық қазақтар жаздырып алып, оқып отырды.

Ал осы күнге дейін шетелде өмір сүріп жатқан қазақтардың ұлттық келбетін сақтап қалу негізгі мәселе. Ол да бірнеше топқа жіктеледі, яғни саяси, экономикалық, идеологиялық бағыттарға бөлінеді. Мысалы, қазір Қытайда өмір сүріп жатқан қазақтардың бұрынғыдай кең жайлау, кең өрісі жоқ. Ал Моңғолиядағы қазақтарға келер болсақ, олар елдің  батыс бір аймағын алып отыр. Ол жердегі 46 орта мектептің 43-і қазақ тілінде. Қазақстандық телеарналарды көріп отыр. Сонымен қатар интернеттің көмегімен мұндағы қазақтар өзіне қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады. Қазақстандағы барлық жаңалыққа қанық.

Қазақстан соңғы жылдары шетелдегі қазақ жастарын жоғары оқу орындарында білім грантымен оқыту жағын қарастырып отыр. Онда бакалавр, магистр, докторантура бағыттары бойынша білім ала алады. Сонымен қатар екі ел бір-бірінің жоғары білім құжаттарын тану жайлы келісімге келіп жатыр. Оны енді алдағы уақытта жоғары деңгейдегі мемлекет басшыларының кездесуі кезінде қол қойдыруға беретін боламыз.

– Сіз елшілік қызметте жүріп, бар­ған еліңіздегі  қазақтарға байланысты қандай да бір зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкін­ді­гіңіз бар ма?

– Елшіліктің негізгі міндеті – екі ел арасындағы мемлекеттік деңгейдегі қарым-қатынасты жақсарту. Саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып, дамуына қызмет ету. Еліміздің ұлттық мүдделерін, мәдениеті мен тарихымен Моңғолия елін кеңінен таныстыру. Сонымен қатар қазақ диаспорасы бар жердегі қазақтар тарихын зерделеу. Мәселен, басқа елдермен салыстырғанда Моңғолия қазақтарының моңғол қоғамының саяси-экономикалық, мәдени өмірінде рөлі өте жоғары болды және болуда. Тәуелсіздікке дейінгі аралықта Моңғолияда қазақ министрлері, орынбасарлары, еңбек ерлері, ғылым академиктері болды, социалистік елдер – Болгария, Чехословакия, Румыния, Польшада т.б. оқыды.  Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың өзін­де моңғолиялық қазақ қандастардан екі елші тағайындалды, қазіргі кезде ел парламентінде – 3 депутат, мемлекеттік қызметте министр, министр орынбасары, департамент басшылары бар, ғылым, білім, денсаулық саласында айтулы ғылым докторлары, академиктері бар. Салыстырып көрер болсақ, басқа шетелдерде қазақтар мұндай жоғары деңгейде орын алып отырған жоқ. Осында мемлекеттік жұмыстан тысқары, Моңғолия қазақтары жайлы бірнеше ғылыми мақала жарияланды, жергілікті қазақтар арасындағы танымал, белгілі азаматтар туралы анықтамалық-библиографиялық кітап жарық көрді.

– Мұндағы қазақтардың демо­гра­фиялық дамуы қай деңгейде екен?

– 1990 жылдарға дейін Моңғолиядағы қазақтар саны 100-120 мың маңайында болды. 1990 жылдары Моңғолия қазақтары елімізге екі елдің арасындағы жұмыс істеу шартымен келе бастады. Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейін 1990-2010 жылдар аралығындағы 70-80 мыңдай қазақ Қазақстанға көшіп барды, деректер бойынша Моңғолиядан келген қандастарымыздың жалпы үлес салмағы 14 пайыздан астам болды. Әрине, сол кездегі экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, баспана, құжаттарды дайындау, алу мәселелерінің қиыншылықтары, ауа-райының жақпауы тәрізді себептерден Моңғолияға қайтып келген отбасылар да баршылық. Соңғы жылдары қазақтардың өсімі қайта қалпына келіп, статистикалық санақ бойынша Монғолияда қазір 124 мыңдай қазақ өмір сүреді. Ал Қазақстанға көшіп барған қазақтың өзіндік өсімі бар. Ол бөлек. Ауылдық жерлерде табиғи өсім жақсы, ал қалалық жерде сәл бәсеңдеу. Сонымен қатар қалаларда балабақша, мектеп мәселесі де бар дегендей.  Кезінде Ұланбатырда мәдени орталық ашылып, қаржы жеткілік­сіз­дігінен жабылып қалған. Қазір «Отандастар» қоры құрылып, алдағы жұмыстардың бағдарламасы жасалып жатыр. Алдағы уақытта қазақтар орналасқан аймақтарда мәдени орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Дүниежүзілік қауым­дастықтың ұсынысы бойынша болашақта «Назарбаев зияткерлік» мектептеріне Моңғолиядағы қазақ балаларын тарту да ойда бар.

Жалпы шетелде өмір сүріп жатқан қазақтың жан-дүниесін түсіну үшін біраз уақыт басқа мемлекетте өмір сүріп қайтсаңыз бәрі түсінікті болады. Шетелдегі қазақтардың ой-арманы, Отанға деген сезімі мен сағынышы, елге деген құштарлығы басым. Өз ұлтының тіліне, мәдениетіне ыждағаттылықпен қарайды. Қазақстанның өз ішінде отырған азаматтар көп жағдайда кейбір мәселеге онша мән бермеуі мүмкін, ал шетелде жүрген адам өз Отаны, Ата мекені жайлы әрбір ақпаратқа, жаңалыққа елеңдеп жүреді.

 

Сұхбаттасқан  Бейбіт ТОҚТАРБАЙ

Ұланбатыр, Моңғолия

Соңғы жаңалықтар