«Жасотандықтар» көмек көрсетті

«Жасотандықтар» көмек көрсетті

«Жасотандықтар» көмек көрсетті
ашық дереккөзі

Ақтөбе облысының Ембі қаласындағы жасотандықтар «Жайдарман» қайырымдылық ойынын өткізді. Жиналған қаражатқа көпбалалы аналардың үйлеріне газ кіргізіп берді. Ембі қаласы тұрғындары көптен бері газ пайдаланып отыр. Дегенмен кейбір отбасылардың газ құбырын үйіне кіргізуге қалтасы көтермейді. «Жас Отан» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы Асылжан Бүркіталин және Арман Кірбасовпен бірге жалғызбасты, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуді жөн көрдік. Сөйтіп жастарды жиып, «Жайдарман» ойынын өткіздік. Көңілді және тапқыр командалар әртүрлі сала өкілдерінен құрылды. Билеттен түскен қаржыға үш отбасына газ құбырын кіргізуге мүмкіндік туды», – деді Ембі қаласының тұрғыны Наурызбек Сарбасов. «Жасотандықтар» бұл жолы Сән Махамбетова, Айым Әлқуатова, Динара Балғазиналардың отбасына жылу сыйлады. Оның ішінде Динара Балғазина – жалғыз өзі 6 бала тәрбиелеп отырған «Күміс алқа» иегері. «Балаларымның 4-еуі мектеп жасында, екеуі балабақшада. Әке-шешем қалдырған үйге қомақты ақша жұмсап, газ кіргізе алмадық. Қыста 15 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Ал жазда өз үйімізге қайта ораламыз. Жастар қолдау көрсетіп, жыл бойы өз үйімізде тұруға мүмкіндік берді. Балаларым да, өзім де қуаныштымын», – деді «Күміс алқа» иегері Динара Балғазина. Айта кету керек, 2019-2020 жылдары 7 мыңнан астам тұрғыны бар 13 ауылдық елді мекен газдандырылады.