28 Маусым, 14:19 369 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Нью-Йоркте ереуілге шыққандар полиция бюджетін қысқартуды талап етті

Бірнеше күннен бері мыңға жуық ереуілші Нью-Йорк мэриясына қарама-қарсы орналасқан Сити-Холл саябағынан кетпей, қала билігінен полиция бюджетін қысқартуды талап етуде.  Белсенділер полицияға бөлінетін қаржыны кем дегенде 1 млдр долларға қысқартып, үнемделген қаражатты афроамерикалық қауымды қолдауға бағыттау керек деп есептейді.

РИА Новостидің хабарлауынша, Нью-Йорк полициясының жылдық бюджеті – шамамен 6 млдр доллар. 2019 жылы бұл сома қала шығындарының 6 пайызын құраған. Келесі қаржылық жыл 1 шілдеде басталады. Сол уақытқа дейін полиция басқармасының бюджеті де бекітілуі тиіс.

Митингке шыққандар қала мэриясының жанында сейсенбіден бері жүр. Бастапқыда олардың қарасы аз болса, бүгінде ереуілшілердің саны мыңға жуықтаған. Олар бұл жерде кем дегенде 30 маусымға дейін жүруге ниетті.

Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың тағы бір талабы – мектептерден полиция қызметкерлерін алып тастау.  «Нью-Йорк мектептерінде темір іздеу құрылғысының тексеруінен өтуге тура келеді. Ол жерде тұратын полиция қызметкерлері оқушыларға әдетте жазасын өтеушілер секілді қарайды. Біз мектептердің балаларды түрмеге әзірлейтін орын емес, білім беретін орын болғанын қалаймыз» дейді белсенділердің бірі.

Еске сала кетейік, 25 мамырда Миннеаполис қаласында Джордж Флойд есімді күдіктіні тұтқындау кезінде полицей оған тұншықтыру әдісін қолданып, аяғымен 9 минут бойы қылқындырған. Салдарынан күдікті ауруханаға жетпей көз жұмды.

Афроамерикалық тың  өлімінен кейін Миннеаполис тұрғындары нәсілшілдік пен полицейлердің озбырлығына қарсы ереуілге шықты. Артынша наразылық акциялары елдің бүкіл аумағын шарпып, әлемнің түкпір-түкпірінде жалғасын тапты. Толқулар әлі күнге дейін басылар емес.

Флойдты өлтірген полицей Дерек Шовинге екінші дәрежедегі кісі өлтіру дерегі бойынша айып тағылды. Әуелде Шовинге үшінші дәрежедегі, яғни байқаусызда кісі өлтіру әрекеті бойынша айыпталған еді. Екінші дәрежедегі кісі өлтіру Америка заңнамаларында өзгелермен келісілмеген, бірақ қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана зиянын тигізу, адам өміріне деген немқұрайлық  әрекеті болып есептеледі.

Ал тұтқындау операциясы кезінде қызметте болған өзге үш полицей адам өлтіруге көмектесу және арандату дерегі бойынша айыпталуда.

Жуырда Трамп АҚШ полициясын реформалау туралы жарлыққа қол қойды. Бұдан былай елде полицияға кадр таңдау талаптары күшейтілмек.

Соңғы жаңалықтар