28 Мамыр, 18:59 412 0 Заң Анар ЛЕПЕСОВА

Қымбат заттар ұтысы туралы хабарлама таратқан алаяқ 40 адамды алдап соққан

Павлодар облысында интернет алаяқтықтың ең көп таралған түрі – интернетте мүлікті сату мен жалған ұтыстар туралы хабарламаларды тарату, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Биыл 4 ай ішінде облыста 250 алаяқтық фактісі тіркелді. Олардың 70-80%-ы интернет алаяқтық санатына жатады.

«Алаяқтар азаматтардың сенімін пайдалана отырып, құнын төмендетіп, қандай да бір мүлікті сату туралы хабарландырулар жариялайды», - деді онлайн конференция барында облыстық ПД бастығы Нұрлан Мәсімов.

Қаражатын үнемдегісі келетін халық мұндай арандатуларға алданып қалады. Сондай-ақ жалған ұтыстар туралы хабарламаларға сенеді. Мысалы, мамыр айының басында облыс орталығында жалған SMS жіберген 36 жастағы тұрғын ұсталды. Ол түрлі ұйымдардың қызметкері болып, қымбат гаджеттердің, тұрмыстық техниканың, автокөліктің ұтысы туралы хабарлаған. Бұған Павлодар облысынан ғана емес, барлық өңірлерден де 40-тан астам азамат алданып қалған.

ПД бастығы сондай-ақ жергілікті алаяқтар басқалардың аттарына онлайн-несие рәсімдейтін фактілер бар екенін атап өтті.

«Интернеттегі алаяқтықты анықтау қиын. Өйткені олар әртүрлі сайттар қолданады. Құжаттарды басқа біреулердің атына рәсімдейді. Бүкіл жүйені ашу өте қиын. Осындай жағдайлар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бізде арнайы алаяқтық бөлім бар. Бірақ мен олардың жұмысының барлық құпияларын айта алмаймын», - дейді Нұрлан Мәсімов.

Полиция департаменті электронды жеке шоттарға немесе «әмияндарға» ақша аудару арқылы ұтыс салығы төленбейтінін еске салады. Сондай-ақ жеке мәліметтер мен банктік шоттар туралы ақпаратты бермеуге кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар