АҚШ-та "ИМ-ге болыспақ болған" қазақстандық сотталды
АҚШ-та "ИМ-ге болыспақ болған" қазақстандық сотталды
АҚШ әділет министрлігінің хабарлауынша, Сайдахметовке үкім 20 желтоқсан күні шыққан. «Ахрор Сайдахметов ИМ атынан жиһадқа қатысуға Сирияға бармақ болғаны, Сирияға жете алмаған жағдайда АҚШ-та құқық қорғау қызметкерлерін өлтіруді мақсат еткені үшін жауапқа тартылып отыр» деп мәлімдеді Нью-Йорктің Шығыс округінің прокуроры міндетін атқарушы Бриджит М.Роде сот процесінде. 21 жастағы Ахрор Сайдахметов 2015 жылы ақпанда Нью-Йорк әуежайында ұсталған. АҚШ билігінің мәліметінше, Сайдахметов Түркияға баратын рейске отырып, одан ары Сирияға кетпек болған. АҚШ әділет министрлігі биыл 19 қаңтарда Сайдахметов айыбын мойындағанын мәлімдеген. АҚШ-та бұл іс бойынша Өзбекстанның үш азаматы сотталып жатыр. АҚШ билігі оларға АҚШ тұрғындарын ИМ-ге қосу мақсатымен Сирияға жөнелтпек болып ақша жинаған деген айып таққан. Әділет министрлігі Ахрор Сайдахметов жазасын өтеген соң АҚШ-тан шығарылатынын айтады.