Ынтымағымыз жарасқан
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасы десек қателеспейміз.
1995 жылғы 18 қазанда 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа қол қойылып, мемлекетіміз Еңбекшілер күнін тойлаудан біржола бас тартты. Осылайша, мереке таптық сипаттан ұлттық сипатқа ауысты. Соның арқасында халықтар біте қайнасып, бір-бірінің әдет-ғұрпына ден қоюға кірісті. Бүгінде 1 мамыр – көпұлтты еліміз үшін дәстүрлі мейрамға айналған. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасы десек қателеспейміз.
Қазақстанның көпұлтты мемлекетке айналуы бұл – бірнеше көші-қон толқындарының нәтижесі. Столыпин реформалары кезінде елімізге жер-жерден славян халықтары көшіп келді. Сталиннің тұсында тұтас ұлттар Қазақстанға жер аударылды. Оларды вагондардан кең далаға түсіріп кеткенде, қазақ отбасылары өздерінің мұқтаждықтарына қарамастан қонақжайлық танытты. Шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен ел осында өсті, өнді, ұрпағы жалғасты. Сол кісілердің көбі Қазақ жерінде тұрақтап қалды.
Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың басында Қазақстанға Беларус, Ресей және Украинадан 1,1 млн адам келген, ал 1930-жылдары ұжымдастыру барысында 256 000 мүлкі тәркіленген 1,2 миллионға жуық адам өнеркәсіптік нысандарды салуға жіберілген. Соғыс кезіндегі жер аударулар – өз алдына бір тарих.
Кезінде тағдыр тауқыметін тартып, қызыл империяның тепкісімен қазақ даласына жер аударылған диаспоралар бүгінде қазақ халқының төңірегіне топтасып отыр. Қазақтың тілін, салт-дәстүрін меңгерген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді.
Әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбітшілік мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылықтың сақталуы ауадай қажет. Кешегі Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған 1 Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы – бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.
Насрулла ШАНАЗАРОВ,
Қазақстан Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасы директорының Стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары, «Фотодинамикалық терапия» орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер-онколог:
Бес саусақ жұмылса – жұдырық
– Мен үшін Отан – ата-бабамның кіндік қаны тамған, мен туып-өскен, өнген жер. Топырағына аунап, ауасын армансыз жұтқан кең-байтақ Қазақстан – менің мәңгі Отаным. Қазақтың жері кең, көңілі одан да кең. Шетелге барсам, елімнің ауасын, нанын, асылған етін аңсап келемін. Өзім қазақтың асылған еті мен бауырсағын сүйсініп жеймін, қымызы мен шұбатын рахаттана ішемін. Қазақтың ұлттық тағамдары өте дәмді әрі пайдалы. Қазақтың етін жақсы көрмейтін этнос жоқ шығар.
Елімізде бір шаңырақ астына топтасқан, ауызбіршілігі жарасқан өзге ұлт өкілдері 1 мамыр мерекесін айрықша күтеді. Мен де мерекеге орай өзімнің бір ауыз жылы лебізімді білдіргім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Еліміздің басына бұлт төнбесін, әрқашан күн сөнбесін. Соғыстың бетін аулақ қылсын. Халқымыздың өзара түсіністігі нығайып, достығымыз мәңгі жасай берсін!
Қазақ «Бір қолдың бес саусағы жұмылса ғана, жұдырық, жеке тұрса, қылдырық» дейді. Іргемізді бекітіп, берекемізді бекемдей түссек, сыртқы жау мен ішкі даудан аман болатынымыз анық.
Светлана ВУНДЕР, «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі:
Германияға көшпей, Қазақстанда қалдым
Латиф ПАРПИЕВ, дәрігер-реабилитолог:
Шетелге шықсам, елге тезірек қайтқым келеді
Нина МОИСЕЕВА,
әнші, саксофоншы:
Қазақстанға «Саржайлау» әнімен танылдым
Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ