Саясат

«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу»

«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбындағы жиынға Ассамблеядан Парламент Сенатына сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ ұйымның өңірлердегі делегаттары бейнебайланыс арқылы қатысты.

Президенттің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті. «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбындағы жиынға Ассамблеядан Парламент Сенатына сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ ұйымның өңірлердегі делегаттары бейнебайланыс арқылы қатысты.

Президент, ең алдымен, еліміздің бірнеше ай­­­мағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқ­­­талып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақ­стан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қал­­­май, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жат­қа­нын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр жә­не ті­леу­лес болудың айқын көрінісі екенін айтты.
– Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ас­самблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жа­тыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты кө­мек беру үшін дереу Ассамблеяның рес­пуб­ликалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүрек­тен – жүрекке» деген ауқымды акция жүр­гізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1 500 тон­надан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жол­данды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 мил­лион теңге болды. Су тасқынымен күреске эт­номәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қо­сылды. Олар қайырымдылық және гума­ни­тар­лық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қа­терден хабардар етуге және қауіпсіз жерге кө­шіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр жә­не тілеулес болудың айқын көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ассамблея кейбір адамдар айтып жүргендей, жа­санды ұйым емес екеніне тоқталған Мемлекет басшысы бүгінде бұл құрылым конституциялық мәр­тебесі бар маңызды қоғамдық орган екенін баса айтты. 
Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, елі­міз стратегиялық мақсат-міндеттерінен ай­ны­майтынына назар аударды. Оның айтуынша, аз уа­қыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нә­ти­жесінде биліктің барлық тармағы адамның заң­ды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға жә­не оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойын­ша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділ­дік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына не­гізделген және халықтың әл-ауқатын арт­тыру­д­ы көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
– Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қа­жет. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана бола­шақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеу­мет­тік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бір­лік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды. Сіздер мұ­ның өзекті екенін түсінесіздер деп ойлаймын. Қа­зақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, бар­ша халқымыздың стратегиялық бағдарының түп­кі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді, – деді Президент.
Президент осы мақсатқа жету үшін орын­далуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқ­талды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассам­блея жұмысын еліміздің жаңа гумани­тар­лық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды.
– Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады. Сол сияқты кішігірім қадамдар ауқымды өз­геріс­терге жол ашады. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақ­сат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік бо­ла­ды. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөз­бен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жет­кіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу ке­рек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық ка­таклизм белең алып, түрлі мемлекеттер ара­сында әскери-саяси, сауда-экономикалық теке­ті­рес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қо­ғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұм­тылған кез келген әрекетке, әсіресе, аза­мат­тарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бо­ла арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бер­мейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айт­ты. 

– Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қа­тынас саласындағы күйреу мен ыдырау үр­дісіне төтеп береді, берекесіздік пен се­нім­сіз­дікті еңсере алады. Жер жүзінде бәрімізді алаң­дататын түрлі оқиғалар болып жатыр. Бір­тұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақ­сатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ тілі уақыт өте келе эт­но­саралық қатынас тіліне айналатынына се­­­німді екенін айтты. 
– Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік мең­геріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүр­ген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пай­далы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі же­тіс­­­тіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы та­быстарына да назар аударады және оларды ба­рынша қолдайды. Қазақстан – қазақ тілі мем­лекеттік тіл саналатын көп тілді ел, бо­ла­шақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін ора­сан зор басымдық, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент Ассамблеяның инсти­туц­ио­нал­дық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқ­талып, Ұйымның мемлекеттік орган­дар­мен, Парламентпен және мәслихаттармен қа­рым-қатынасын жақсарта түсу керек еке­нін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және рефор­ма­лар­ды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеу­меттік шиеленіс ошақтарын анықтау жә­не ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ре­тінде нығайту міндетін жүктеді.
– Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отан­шылдықты дәріптейтін институт ре­тін­де нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңе­сі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құ­рылымдарды дамыта түскен абзал. Ми­нистрліктер және әкімдіктер олардың қыз­метіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы грант­тар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыс­тар беруі керек, – деді Президент.
Келер жылы Ассамблеяның отыз жыл­ды­ғын атап өтетінімізді айтқан Мемлекет бас­шысы бұл саяси тұрғыдан өте маңызды шара екеніне тоқталды. 
– Аталған мерейтойға тыңғылықты дайын­далу керек. Бұл құрылым өзін этно­сара­лық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ны­ғайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытты, – деді Президент.
– Үкімет Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Мемлекеттік ор­гандар, саяси партиялар, қоғамдық ұйым­дар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысатын осы іс-шараның бәрі іскерлік сипатта болуға тиіс. Жоспарда біз­дің «Бірлігіміз – әралуандықта» деген бас­ты қағидамызды паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалардың барлығы өзара үйлесім табуы керек. Мен үнемі айтып жүре­тін «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағи­да бүкіл әлемге ортақ. Ол БҰҰ-ға тиесілі. Мен мемлекеттік саясат пен қоғамдық қыз­меттің этносаралық қатынас саласына қа­тыс­ты негізгі міндеттерін атап өттім. Со­ның бәрі біздің күнделікті жұмысымызға арқау болуы керек, – деді Прзидент.
Қазіргідей күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау басты міндет екенін айт­қан Президент қоғамға іріткі салатын әр­бір әрекетке тосқауыл қоятынымызды айт­ты. 
– Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мем­лекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адам­дар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әре­кеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, ха­лық арасында жалған мәлімет таратады. Сон­дықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көз­бен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйе­нуі­міз қажет. Жұртымыз ел тағдыры сынға тү­с­кен сәтте қайсарлық танытып, ынтыма­ғын сақтай білген. Жанашырлық, тілеулестік сияқ­ты адами қасиеттерді бәрінен биік қой­ған, – деді Президент.
Сонымен қатар тасқын аяқталған соң кей­бір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңа­дан бой көтеретінін, жол салынып, су тар­тылатынын, ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болатынын айтты.
Мемлекет басшысы сөз аяғында еліміз соң­ғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жат­қа­нын айтып, бірлік пен ынтымақтың ар­қа­сында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.
– Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, се­німмен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар ама­­­на­тына адал боламыз. Қасиетті қара ша­ңы­ра­ғы­мыз – Қазақстанның жарқын бо­ла­шағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қа­зақ­стан Республикасының Тәуелсіздігін 
қор­ғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Салтанатты жиында Республикалық тә­жік этномәдени орталығының төрағасы Ак­баржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орын­басары, Қазақстан корейлері қауым­дас­тығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жас­тары» республикалық қоғамдық ұйы­мы­ның төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкіл­дігінің төрағасы Александр Урмашов, Же­тісу облысындағы Достық үйінің дирек­торы Руфина Усанова сөз сөйледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Жарлығымен халықтар ара­сында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақ­тас­тықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамы­туға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар аза­мат­қа мемлекеттік наградалар табысталды.
Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Достық» ор­де­німен Астана қаласы Қайырбеков атын­да­ғы №2 мектеп мұғалімі Елизавета Шнайдер, «Ел бірлігі» орденімен «Қазақстан украин­да­ры­ның радасы» бірлестігінің төрағасы Юрий Ти­мощенко, мемлекет және қоғам қайрат­кері Мурат Ахмадиев, «Дустлик» Қазақстан өзбектерінің этномәдени қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шарипов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Степногорск балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқы­тушысы Николай Дураченко, Атырау қа­лалық №3 мектеп-гимназиясының мұға­лімі Татьяна Любина, «Шапағат» медалімен Өскемен металлургия кешені Мырыш зауы­тының күйдірушісі Сергей Панасюк, Ұлытау облысы Қожамқұлов атындағы қазақ му­зыкалық-драма театрының аккомпаниаторы Аркадий Побединский, Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық ұланының бөлімше командирі Кирилл Пономаренко, Ақмола облысы Арай­лы ауылы орта мектебінің мұғалімі Анас­тасия Ирубаева марапатталды.
Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-экс­перт­тік тобының төрағасы Нелли Крас­но­баеваға, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» өкілдігінің төрағасы Александр Ур­машовқа, Жетісу облысы «Қоғамдық ке­лісім» мекемесінің басшысы Руфина Уса­но­ваға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.