Қазақстан қағазбастылықтан арылып келеді
Бюрократиядан арылу шығынды, уақытты, ресурстарды үнемдеудің ең тиімді жолы екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазынадан жұмсалатын қаражатты үнемдейді деген сөз.
Мемлекеттік мекемелердегі басты олқылық саналатын бюрократияны азайту мақсатында Президент 2022 жылы арнайы Қаулыға қол қойған болатын. Құжатта мемлекеттік аппаратта шешім қабылдауды тездету, бірінші басшылардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру, құжат пен есеп беруді қысқартып, автоматтандыру, меморгандардың ақпараттық жүйеде сақталған деректерді сұратуына тыйым салу, қағаз құжаттарға бұрыштама соғуды және қол қоюды тоқтату, қашықтан жұмыс істеу үшін меморгандардың басшыларына жағдай жасау, мемлекеттік басқарудың барлық саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне басымдық берілген. Содан бері мемлекеттік органдарда басы артық шаруаға айналған сансыз есеп, түкке қажеті жоқ қызметтік хаттар бұрынғыдан азайғандай.
«Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлық бойынша бүгінде іске асырылып жатқан реформалардың негізгі жауапкершілігі, нәтижелері атқарушы биліктің мойнында. Оған тікелей министрлер мен жергілікті әкімдердің өздері жеке жауап береді. Қаулыдағы тапсырмалар толығымен орындалатын болса кеңсе қағазына жұмсалатын бюджет шығыстарын үш есе қысқартуға болады. Бейресми дерек бойынша мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс барысында пайдаланатын қағаздарының өзіне тек орталық деңгейде 7 млрд теңге жұмсалады екен. Қағазбастылықтан мемлекетке келетін шығын туралы экономист Олжас Құдайбергенов: «Бюрократиядан халық пен бизнес қана емес, шенеуніктердің өзі де зардап шегуде. Өйткені шешімнің баяу қабылдануы мемлекет жоспарлаған міндеттердің орындалуына кері әсерін тигізеді. Соның кесірінен елдің жалпы ішкі өнімі 5-7 трлн теңгеден қағылып отыр», – деп мәлімдеді.
Бюрократиядан арылу шығынды, уақытты, ресурстарды үнемдеудің ең тиімді жолы екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазынадан жұмсалатын қаражатты үнемдейді деген сөз.
Жалпы, бюрократия мәселесінде елімізде қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік аппаратта шешім қабылдау тиімділігін арттыруға, құжат айналымын, есептілікті қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту мәселелері – мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасындағы басым бағыттардың бірі. Яғни мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді. Алайда мемлекеттік жоспарлау жүйесі түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Мемлекет басшысы бюрократия мәселесіне биыл жыл басында өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында тағы да арнайы тоқталып өткен болатын.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі неғұрлым жинақы әрі икемді болу үшін тапсырмалардың орындалуын мониторингтеу және бақылау тетігін жетілдірілу керек. Сонда сыбайлас жемқорлық пен басы артық жұмыстар қысқаратыны анық.
Дамыған елдер мемлекеттік қызмет жүйесін IT-шешімдер арқылы оңтайландырған. Мәселен, Эстония үкіметінің ұзақ мерзімдік стратегиялық жоспарларының бірі технологияның озық үлгілерін кеңінен қолдану еді. Эстония билігі интернет арқылы дауыс беруді сонау 2005 жылы жергілікті сайлауда қолданған болатын. Мемлекеттің бұл қадамын Еуропа Кеңесі құптап, марапаттаған. Ал 2007 жылы мұндай дауыс беру ұлттық шеңберде жүзеге асырылып, Парламент сайлауына дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Осылайша, Эстония бюрократиядан толықтай бас тартқан және Парламент сайлауын интернет арқылы өткізген әлемдегі бірінші ел ретінде тарихта қалды.
Бюрократия мемлекеттік басқарудың тиімділігін төмендетіп, халықтың сеніміне нұқсан келтіреді. Астана мемлекеттік қызмет хабы жариялаған жинақта: «Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша, оның ішінде ішкі әкімшілік рәсімдерді зерттеумен қоса, мониторинг және талдау нәтижелері» атты құжатта: «Бюрократизация деңгейіне әсер ететін көптеген фактордың ішінде өкілеттіктердің, жауапкершіліктердің және ресурстардың теңгерімсіздігін, шешім қабылдау мен бақылаудың орталықтандырылуын, бұлыңғыр өкілеттіктерді, хаотикалық ақпарат ағындарын және корпоративтік мәдениет проблемаларын атап өтуге болады. Бюрократия деңгейін төмендету үшін серпін беретін саяси ерік те, барлық деңгейдегі басшылардың қажырлы еңбегі қажет», – деп көрсетілген.
Былтырдан бастап елімізде ветеринарлардың жұмысын жеңілдетуге арналған арнайы VetLab цифрлық қосымша іске қосылды. Аталған қосымша ақпарат жинауды, беруді, талдауды автоматтандырады және интернетсіз жұмыс істей береді. Енді ветеринарлар шалғай учаскелерге барып, мал басын тіркей алады, дерекқор арқылы тексере алады, сондай-ақ жүргізілген ветеринариялық іс-шараларды көрсете алады. Осылайша, қолы ұзарған ветеринарлар қағазбастылықтан арылып, мал өнімдерін нақты бақылауға қол жеткізіп отыр.
Ішкі істер министрлігі де бюрократиядан бас тартуды бастап кетті. Полиция қызметкерлері қағаз толтыруға кеткен уақытын негізгі міндеттеріне арнай бастады. Мәселен, бұрын бір ауысымдағы қызметкерлерді алмастыруға бір сағат уақыт кететін. Автокөлікке қай жерде әрі қашан жанармай құю, жөндеу, көлік жуу орындарында кезек күту сияқты мәселелерді патрульдің өзі атқаратын. Кезек ауысқан сәтте қала көшелері патрульсіз қалатын. Былтырдан бастап көлікке қатысты мәселелермен полицейлер айналыспайтын болды. қазір олардың негізгі міндеті – шақырту болған жерге тез жетіп, қылмыскерлерді жедел ұстап, қаладағы тәртіпті тәулік бойы қамтамасыз ету.
Қағазбастылықтан құтылуға статистика саласы да кірісіп кетті. Былтырдан бастап статистиканы жинау мемлекеттік дерекқорларға көшіп жатыр. «Енді қағазбен есеп беру азаяды. Сонымен қатар статистика жоғары сапалы әрі сенімді болады. Бүгінде статистиканы аудандар кейбір өңірлер деңгейінде егжей-тегжейлі көрсетуде кері байланыс бар. Біз мұны сандық статистикалық регистрге өту арқылы жасаймыз. Деректерді жинау – өте күрделі процесс. Өткен жылы 145 нысан бойынша деректер жиналды. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер барлық есепті қағаз түрінде тапсыруы тиіс болды. Мұның бәрі көп еңбек пен уақытты қажет етті, – деді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Жаннат Дубирова.
Мемлекеттік басқаруды реформалау әрдайым жетілдіруді, оңтайландыруды қажет етеді. Ал бюрократиядан арылу, сындарлы диалог жүргізу, азаматтардың сұраныстарына дер кезінде ден қою, мемлекеттік шешімдер қабылдау ісіне белсенді араласқан қоғам ғана дамудың даңғыл жолына түспек.